
Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оқу процесінде шектеулер болмауы керек. Семей қаласындағы Политехникалық колледжде 90-нан астам бала тұрақты түрде білім алып, қиын мамандықтарды меңгеруде.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова ерекше қажеттіліктері бар балалардың өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуі және кедергісіз мамандық алуы қажет екенін атап өтті.
– Бүгін біз өте маңызды әрі өзекті семинарды облыс колледждері арасында алғаш рет өткізіп отырмыз. Ерекше балалар ерекше көңіл бөлуді, жағдайды және техникалық жабдықты қажет етеді. Облыста әртүрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын бес мектеп-интернат бар. Біз мүмкіндігі шектеулі балаларды шетке теппей, керісінше өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінулеріне көмектесуіміз керек. Бұл балалар өздерінің бізге қаншалықты қажет екенін сезінулері қажет, - деді Әсем Нүскенова.
Директордың оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Баян Олжабаева мұндай балалармен жұмыс істеу оңай емес екенін, бірақ олардың барлығы нәтижеге ұмтылып, бар күш-жігерін салуға тырысатынын айтты.
– Қазір бізде әртүрлі мамандықтар бойынша 10-нан астам топ бар, оларда ерекше қажеттіліктері бар балалар оқытылады. Инклюзия - мұндай балаларды кәдімгі топтарға қосу. Бізде түзеу топтары бар, оларда әртүрлі мүмкіндігі шектеулі балалар оқиды. Балалармен жұмыс істеу оңай емес, бірақ мұғалімдер сабақтарды жоғары деңгейде өткізеді. Біз біліктілікті арттыру курстарынан өттік, дайындалдық, бірақ оқу процесі басталған кезде қиындықтарға тап болдық. Соған қарамастан, әр оқушымен тіл табысып, оларға жеке әдіс-тәсілдерді қолданып, осы жұмысты реттей алдық, – дейді Баян Олжабаева.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту оңай емес. Соған қарамастан, политехникалық колледж барлық облыстық ТжКБ өкілдеріне мұндай жұмыстарды жүргізуге болатынын және қажет екенін көрсетті. Семинар барысында ұстаздар тәжірибе алмасып қана қоймай, материалдық-техникалық базаны пысықтап, тігіншілікпен ғана шектелмей, өмірден өз орнын табуға септігін тигізетін басқа да жұмысшы мамандықтарды игеріп жүрген студенттердің жетістіктерімен танысты.