Абай облысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылды

Абай облысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылды

Абай облысында филиалға деген сұраныс жоғары. Себебі жаңадан құрылған өңірге білікті кадрлар керек. Сонымен қатар аудандардағы мемлекеттік қызметшілер де білімдерін арттыруы тиіс.

Академияның филиалы Семей политехникалық колледжінің ғимаратында орналасқан. Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков ғимаратты аралап, оның дер кезінде ашылғанын атап өтті.

– Абай облысында Мемлекеттік басқару академиясының филиалының ашылуы – өте маңызды қадам. Өйткені облыстағы көптеген мемлекеттік қызметшілер, негізінен, мемлекеттік қызметке енді ғана келген жас мамандар. Академияда білім кеңейту және дағдыларын дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Мұнда департаменттер мен басқармалардың мамандары дайындалады. Қазір 68 мемлекеттік қызметкер білім алуда. Олардың барлығы қызметтегі мамандар. Бірден 17 түрлі ведомствоның қызметкерлерін табу мүмкін емес. Сондықтан кадр мәселесін шешеміз, – деді Шалқар Байбеков.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев облыста 3,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жұмыс істейтінін айтты.

– Бұл мекеменің басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау. Бұған дейін біздің облыста мұндай мүмкіндік болмаған жоқ, мемлекеттік қызметкерлер Өскеменге барып, қайта даярлаудан өтуге мәжбүр болатын. Бізде клиентке бағдарланған және кәсіби қызметкерлерге сұраныс жоғары. Қазір кадрлық әлеуетті күшейту керек. Біздің академиямың алар орны ерекше. Біз жұмыс берушілермен тікелей жұмыс істеп, біздің мемлекеттік қызметкерлерге қандай қабілеттер жетіспейтінін нақты анықтайтын боламыз, – деді Әділбек Мұқашев.

Облыстың әр ауданынан келген мемлекеттік қызметкерлер толыққанды топтардың құрамында оқуды бастап та кетті. Қазір олар өздерінің білімдері мен дағдыларын арттыруда.