Абай облысында 1 наурыздан бастап жеңілдетілген шағын несиеге өтініштер қабылдануда

Абай облысында 1 наурыздан бастап жеңілдетілген шағын несиеге өтініштер қабылдануда

2023 жылдың 1 наурызынан бастап елімізде 21-35 жас аралығындағы жастарға 5 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды. Абай облысы бойынша бұл бағытта 1.055 млрд. теңге бөлінген.

Абай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Абай облысы бойынша филиалы директоры м.а. Мирас Қалиев атап өткендей, бағдарламаға өтініш берушілердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендеріне 5 жылдан аспауы керек.

- Несие мерзімі - 5 жылға, мал шаруашылығы саласы үшін 7 жылға дейін. Несие мерзімінің 1/3 кезеңінен аспайтын уақытқа демалыс алу мүмкіндігі қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық - 2,5 пайыз. Сондай-ақ кепілзат болуы міндетті. Егер үміткердің өзінде кепіл болмаса, ата-анасының немесе өзге де туысқандарының мүліктерін кепілге қоюға болады,- деді Мирас Қалиев.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ сенімді өкіл ретінде аталған бағдарлама бойынша 1 наурыздан бастап өтініш қабылдауды бастады. Бүгінгі күнге дейін 15 өтініш қабылданған.

- Комиссия құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер және басқа да тұлғалар енді. Үміткерлер жобасын осы комиссия алдында қорғайды. Жобаның өзектілігіне, экономикалық маңыздығына назар аударылады,- деді Мирас Қалиев.

️Айта кетейік, үміткерлер өздерімен бірге жеке куәлік; жоба бойынша бизнес жоспар; қызмет көрсететін банктен шотының бар екенін растайтын анықтама; несиелер және мерзімі өткен несиелердің бар/жоқтығы туралы анықтама; жалақысын және өзге де табыстарын анықтайтын құжаттар; кепіл мүліктің құжатын және оны бағалау туралы есеп әкелуі керек.