
Ақын–ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы – Абай Құнанбайұлының есімі берілген облысымыздың Семей қаласында «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының құрамына кіретін Бас музей кешені орналасқан.
Бас музей кешені – 1995 жылы салынған күмбезді ғимарат, көпес Роман Ершовтың үйі, 1993 жылы кешен аймағына көшірілген Ахмет Риза медресе-мешіті, музейдің әкімшілік үйінен тұрады.
Музей – Абайдың өмірі мен шығармашылығы және оның ақындық-өнер айналасы, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстары, заттық, құжаттық жәдігерлерді сақтап, насихаттап, қорғап отырған қара шаңырақ болып табылады.
Музей қазақтың ұлы жазушысы, академик Мұхтар Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлар кеңесiнің 1-сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16-шы қазан күні мереке үстінде Бекбай Байысовтың үйінде ашылды. Ол Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады. Кейін 1944-1967 жылдары Абайдың жерлесі, әрі шәкірті Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударды. 1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілді. 1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып қайта құрылды
Бүгінгі күні Бас музейге келген қонақтар экскурсияны Күмбезді ғимараттта орналасқан «Абай. Жыл мезгілдері» деп аталатын Абай Құнанбайұлының жыл мезгілдеріне арнап жазылған өлеңдері негізінде жасалған музей экспозициясымен танысудан бастайды. Шаңырақ бейнесінде көрсетілген экспозицияда 1885 жылы ақынның орыс досы Н.Долгополов арқылы Семейдің 1883 жылы ашылған өлкетану музейінің қазақ бөлімшесіне тапсырған этнографиялық заттары, соның ішінде кесеқап, домбыра, айбалта, ағаш құты, кісе белбеу, кебеже, ет табақ, Абайдың ері, сыбызғы, асатаяқ, торсық сияқты жәдігерлер тұр.
Келесі «Дала әуені» – залында домбыра, шаңқобыз, қылқобыз, сыбызғы сияқты қазақтың музыкалық аспаптарын тамашалап, үнін естуге болады.
«Ақынның балалық шағы» залының экспозициясы Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» тарихи еңбегіне негізделген ақынның шежіресімен байланысты. Дайырқожадан басталып, Абай ұрпақтарымен аяқталады. Сонымен қоса Абайдың әкесі Құнанбайдың портретін, суретші Евгений Сидоркиннің гравюраларынан әжесі Зере мен анасы Ұлжанның бейнелерін көре аламыз. Және қылқалам шебері А.Волощуктың «Абай Байкөкше ақынды тыңдауда» картинасы қойылған.
Келесі зал «Ақынның қалыптасуына» арналған. Бұл залда музей қонақтары Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының ел билеу жұмыстарымен, ақын оқыған Ахмет Риза медресесімен, Семей қаласына жер аударылып келген саяси қуғындаушылар Е.Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросс, П.Лобановский, Н.Коншин жайлы деректермен, Абай шығармашылығына нәр берген кітапханамен, Абай талай рет түскен Әнияр Молдабаевтың үйінің интерьерімен таныса алады.
Ал «Абай шығармашылығы» залында, Абайдың өмірі мен шығармашылығынан хабар беретін карта, ақынның шығармалары жазылған елді мекендер жайлы мәліметтер, ақынның алғашқы 1909 жылы жарық көрген шығармалар жинағы және оның шығу тарихы, аудармалары келушілердің назарына ұсынылған.
Ұстаз-ақынның тікелей тәлім-тәрбиесінде болып, Абай дәстүрін жалғастырған ақын-шәкірттерінің өмір жолдары және әдеби мұраларымен «Абайдың ақындық мектебі» залында ұсынылған экспозиция арқылы танысуға болады.
«Абайдың отбасы» залында Абайдың 1896 жылғы фотосуретінің инсталяциясы мен Мұхтар Әуезовтың музейге тапсырған 1903 жылы ақынның Жидебайда киіз үйдің ішінде өз отбасымен түскен екінші тарихи фотосуретімен, Әйгерімнің ертоқымы, Еркежанның көйлегі мен камзолы және т.б. танысуға болады.
Келесі зал Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» – Ғақлия сөздеріне арналған. Бұл залда көрермендер ақынның прозасымен танысып, бізге мұра етіп жазған сөздерінен Бата алады.
«Абай мұрасы» залындағы экспозицияда ақын шығармаларының насихатталуындағы кезеңдер көрсетілген.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған «Мультимедиялық зал» Абай мұрасының келесі бір ауқымды саласы – ән-күй туындыларына арналған. Музей қонақтары ақынның «Май түні», «Торжорға», «Желдірме» атты күйлері мен Қазақстанның белгілі әншілерінің орындауындағы музыкалық шығармаларын тыңдай алады. Сондай-ақ, ақын туралы түсірілген хабарларды, деректі және көркем фильмдерді, «Абай» операсы мен «Абай» пьесасының көріністерімен таныса алады.
Ал музей аумағында орналасқан Көпес үйі ғимаратындағы ғылыми-танымдық орталықта «Абайтану», «Тәуелсіздік және абайтану», «Галерея. Абай бейнелеу өнерінде», «Көрме залы» болып жасалса, медреседе «Медресе тарихы», «Абай және Шығыс», «Балалар шығармашылығы» залдары көрермен назарына ұсынылған.