Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жастардың сапалы білім алып, жаттығуына қажетті жағдай жасау үшін Семей қаласындағы білім беру мен спорт нысандарына барды.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жастардың сапалы білім алып, жаттығуына қажетті жағдай жасау үшін  Семей қаласындағы білім беру мен спорт нысандарына барды.

Нысандарды аралау Семей қаласындағы № 2 облыстық Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен басталды. Айта кетер болсақ спорт кешені екі ғимараттан тұрады.

Спорт мектебінің жалпы контингенті спорттың 11 түрінен (жеңіл атлетика, ауыр атлетика, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, семсерлесу, үстел теннисі, кикбоксинг, тоғызқұмалақ, панкратион, каратэ-до киокушинкай, киокушинкай-кан каратэ) 1075 оқушыны құрайды. Оқу орны аталмыш спорт түрлерінен спорт резервін, қала, облыс, республика құрама командаларына үміткерлерді даярлауды және жоғары санатты спортшыларды тәрбиелейді.

Мекеменің бір ғимаратында оқушылар спорттық гимнастика, көркем гимнастика, үстел теннисі, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен жаттығады.

Бұл ретте спорт мектебінде мамандандырылған спорт залының жоқтығынан кикбоксинг спортшылары жалпы білім беретін мектептердің, өрт сөндіру депосының, қалалық офицерлер үйінің, қалалық мәдениет үйінің спорт залдары базасында жаттығуға мәжбүр.

 Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев бұл мәселені шешу үшін екі қабатты ғимаратқа үшінші қабат салуды ұсынды. Сонымен қоса гимнастика мен жеңіл атлетиканы бөлек әр саланың маманы басқарып, тәрбиелегені дұрыс деген пікір білдірді.

Сонымен қатар облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев мектептің мамандандырылған жеңіл атлетика манежіне де барды.

Ол 1967 жылы салынған, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Өңір басшысы спорт мектебіне тиесілі манеж аумағындағы бос жерге жаңа ғимарат салуды қарастыруды тапсырды.

Семей қаласындағы Политехникалық колледжге барған Нұрлан Ұранхаев 400 астам оқушыға білім беріп отырған мекеменің проблемалық мәселелерімен танысты. Білім мекемесі инженерлік технологиялар, қоғамдық тамақтандыру, жолдар мен аэродромдарды салу және пайдалану, тігін өндірісі, дәнекерлеу (түрлері бойынша), электрмен жабдықтау, компьютерлік технологиялар және ақпараттық желілер, шаштараз, токарлық, бағдарламалық қамтамасыз ету, ұн, макарон және кондитерлік өнімдер өндірісі бойынша кәсіптік мамандар даярлайды.

Инклюзивтік оқыту бойынша тігінші, шаштараз бен компьютерлік бағдарламашыларды оқытады. Колледж ғимаратының су, жылыту құбырлары мен шатырының ағымдағы жөндеу жұмыстары мен спорт залын күрделі жөндеуден өткізу туралы мәселелер көтерілді.

Ал 1939 жылы қолданысқа ұсынылған Индустриалды технология колледжінің № 2 оқу ғимаратына техникалық байқау жүргізіліп, нәтижесінде қабырғаларының, іргетасы мен шатырының апатқа дейінгі жағдайы анықталды. Колледжге барған облыс басшысы оған тиесілі кең жерге жастарды тәрбиелеуге қажетті ғимарат салу жоспарын қарастыру қажеттігін атап өтті. Мекемеде «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Жолдар мен аэродромдарды салу және пайдалану», «Жол құрылыс машиналарының машинисі», «Автомобильдерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Автомобиль жөндеуші», «Автомобильдің электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик», «Дәнекерлеу ісі», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Ағаш және паркет жұмыстары шебері», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану», «Сантехник», «Тігін өндірісі және киім үлгілеу», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшысы» сынды мамандар даярланады.

Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне де барды. Спорт мектебінде дзюдо, бокс, қазақ күресі, грек-рим күресі, еркін күрес, жүзу, пауэрлифтинг, үстел теннисі, армрестлинг, ММА аралас жекпе-жек, шинкиокушинкай каратэ, таэквон-до ITF, кикбоксинг, футбол, волейбол спорт түрлерінен барлығы 2351 бала тәрбиеленуде. Мектептің 1936 және 1966 жылдары салынған екі ғимараты да күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.