Курчатовқа ғылым қаласы мәртебесін беру мәселесі күн тәртібінде тұр

Курчатовқа ғылым қаласы мәртебесін беру мәселесі күн тәртібінде тұр

️Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Курчатов қаласының тұрындарымен кездесуі барысында айтты.

Кездесу барысында қала тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің көпшілігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен абаттандыруға қатысты болды. Кейбір тұрғындар қалада жылыту энергиясымен қамтамасыз етуде қиындықтар бар екеніне назар аударды. Мәселен, Абай және Олимпийская көшелерінің бойындағы үйлер аталды.

Қала тұрғындарына үйлерді терможаңғырту бағдарламасы бойынша, сондай-ақ бақылау-өлшеу аспаптарымен жабдықтау бағдарламасы бойынша қайта жаңғырту қажеттігі аталып өтілді. Бағдарлама аясында аталған мәселелерді шешуге мүмкіндігі жоқ азаматтар, мемлекеттің қайтарымдық негізде көмегіне жүгіне алады. Ол үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарласу керек.

Қала тұрғындары сөз қозғаған жол жөндеу мәселесін шешу үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттаманы жасау қажет.

-Жол мәселесін шешеміз. ЖСҚ дайындаңыздар, - деп түйіндеді сөзін Нұрлан Ұранхаев.

Аймақ басшысы Курчатовты ғылым қаласына айналдыру жоспары күшінде екенін қосты.

-Курчатов өте әдемі, ықшам қала. Мұнда ғылыми қала салу жоспары әлі де бар. Осының бәрі орындалып, қала одан әрі дамиды деп сенеміз, - деп түйіндеді сөзін Нұрлан Ұранхаев.

Бүгін де Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Курчатов қаласының азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қала тұрғындары қоғамдық көлік пен жол мәселесіне қатысты сауалдар қойды. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев көтерілген мәселелерді назарға алып, тиісті тапсырмалар берді.