Көкпекті аудандық ауруханасында гемодиализ бөлімі ашылады

Көкпекті аудандық ауруханасында гемодиализ бөлімі ашылады

Жақында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың тапсырмасына сәйкес Көкпекті аудандық ауруханасы ішінен заманауи медициналық гемодиализ қондырғыларымен жабдықталған орталық ашылмақ.

️Семей қаласындағы Бүйрек ауруларын емдеу орталығының директоры, тәжірибелі маман Думан Медеуұлы Көкпекті ауданына жұмыс сапарымен барып, гемодиализ медициналық қондырғысының қолайлылығын түсіндірді.

Енді науқастар қалаға бармай-ақ, аудан ауруханасының көмегіне жүгіне алады. Гемодиализ аппараты адам қанын сүзгілердің көмегімен тазартады. Сонымен бірге ол жасанды бүйрек қызметін атқарады. Тағы да бір ерекшелігі – жүрек-қан тамырларының гемодиализ кезіндегі асқынуларын азайтады,- деді Думан Медеуұлы.

Сонымен бірге ауданға Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Таңатарова мен “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының” Абай облысы бойынша филиалының директоры Ғалымжан Әбілов да арнайы жұмыс сапарымен барып, аудандық аурухана мамандарымен кездесті.

️Күннің екінші жартысында денсаулық саласының өкілдері аудан тұрғындары және медициналық қызметкерлермен кездесіп, алаңдатқан сұрақтарына жауап берді.