Әдемілікке құштар жан

Әдемілікке құштар жан

Меруерт Заманбекқызы Оразғалиева - Үржар ауданындағы «Ильбис» сауда дүкенінің иесі. Ол 1971 жылы Аягөз ауданының Таскескен ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы тері-жүн колледжін, Тараз мемлекеттік университетін аудит және есеп мамандығы бойынша тамамдаған.

«Ильбис» – Үржар ауданындағы танымал сауда дүкені. Мұнда Түркиядан және Пекиннен әкелінген әйелдер мен ерлерге арналған аяқ киімдер, сырт және бас киімдер, сөмкелер, алтыннан жасалған әшекейлер, сондай-ақ парфюмдер сатылады.
«Ильбис» дүкенінің өңірде жұмыс істеп тұрғанына 20 жылдан асқан екен. 2018 жылы отбасымен Семей қаласынан Үржар ауданына қоныс аударған Меруерт Заманбекқызы осы дүкенді сатып алып, жұмысын одан әрі жандандырады.
- Жолдасым полиция саласының қызметкері болған соң бізді жұмыс бабымен түрлі өңірлерге жібереді. Сондықтан бизнеске келуді жөн көрдім. Жалпы, бизнеспен 2013 жылдан бері айналысамын. Алғашқыда Семей қаласында текстиль сатып бастадым, кейін әйелдер және ерлер киімін сататын бутик аштым. Бұған дейін Жарма ауданында, Шар, Семей қалаларында тұрдық, түрлі мемлекеттік мекемелерде есепші болып жұмыс істедім. Маған әйелдердің әдемі болуына көмектескен ұнайды. Сондықтан осы салаға келдім. Адамның жақсы көріп айналысатын ісі тез алға басады. Ендігі жоспарым – дүкенді кеңейту,- дейді Меруерт Заманбекқызы.
Меруерт Заманбекқызы жолдасы Роллан Оразғалиұлы екеуі Мадина және Диас есімді ұл-қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Мадина Семей қаласында мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, ал Диас - Семей қаласындағы орталық полиция бөлімінде тергеуші. Қыздары Мадинадан үш жиен сүйіп, ата мен әже атанып отыр.
Әдемілікке кұштар Меруерт Заманбекқызының пікірінше, әр әйел сұлу болып жүруге міндетті.
- Ең бастысы, әйелдер үнемі әдемі болып жүруі керек. Үйде отырып, өмірдің ағымынан қалып қалуға болмайды. Сонда өзіне де, отағасына да, өзгелерге де сыйлы болады. Табиғат әйелді көркем етіп жаратқаннан кейін, әр әйел өзін аялауы керек. Сонымен қатар отбасын да ұмытпау қажет. Балаларға жақсы тәрбие беріп, олардың болашақта тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау, ең алдымен, әйелдің жауапкершілігінде деп ойлаймын. Сыртқы сұлулық жан дүниенің сұлулығымен қатар жүрсе, нұр үстіне нұр. Әр әйел өзінің тұлғалық дамуына, денсаулығына көңіл бөлгені жөн. Жалпы айтқанда, әр әйел психолог болуы керек. Әйелдерге күйзеліске бой алдыру оңай. Сондықтан өзін басқара білу, жақсы ой ойлау, өмірде ашық-жарқын болу, қиындықтарды жеңілдету – әр әйелге керек қасиет,- дейді Меруерт Заманбекқызы.
Қайсарлығымен, батылдығымен бүгінгі деңгейге жетіп, Үржар ауданындағы ірі сауда үйін басқарып, кәсібін дөңгелетіп отырған кейіпкерімізге саудаңыз одан әрі кеңейіп, өсе беріңіз деп тілек айтқымыз келеді.