
Құтқарушы болу – оңай емес. Бұл кәсіпті кез келген адам алып жүре алмайды. Адам өміріне қауіп төндіретін аталған мамандықтың психологиялық тұрғыда да өз қиындығы бар.
ҚР ТЖМ Абай облысы бойынша ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» РММ-нің жедел құтқару отрядының психологі Ұлжан Мырзасадықова бұл мамандыққа адамдарға көмектесу ниетімен келгенін айтады.
- Мен бала кезімнен адамдарға көмектескенді жақсы көремін. Өсе келе дәрігер боламын деп шештім. Медициналық университетке түскеннен кейін жалпы психология сабағына, бұл ғылымға деген қызығушылығым арта бастады. Медицина менікі емес екенін түсіндім. Бағытымды өзгерткеніме ешқашан өкінген емеспін. Бала күнімде армандағанымдай қазір де адамдарға көмектесіп жүрмін, – дейді Ұлжан Мырзасадықова.
Басым көпшілігі ер адамдардан тұратын ұжымда Ұлжан Төлеубекқызы қызметін ойдағыдай атқаруда.
- Жұмысым жақсы жүріп жатыр. Біз тұрақты негізде жедел құтқару отрядының қызметкерлерімен әңгімелесіп, лекциялар мен тренингтер өткіземіз. Біздің ұжымда қыз-келіншектерге үнемі қолдау мен қамқорлық көрсетеді,- дейді Ұлжан Төлеубекқызы.
Дегенмен кез-келген мамандықтың қызығымен қатар өз қиындығы болатыны сөзсіз.
- Балалар қиын жағдайға ұшырағанда ата-аналарымен және олардың өздерімен жұмыс істеу оңай емес. Психолог болу оңай десем, өтірік айтқаным болар. Себебі кез келген мамандықтың өз қиындығы бар. Психологияда да солай. Әйелдерге барлық эмоцияны өшіріп, мұқтаж адамдарға психологиялық көмек көрсету сәл қиынырақ, - деп түйіндеді сөзін Ұлжан Мырзасадықова.