Әлем әйелдермен әсем

Әлем әйелдермен әсем

Әдеміліктің символы, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы болған әйел – әлемнің тірегі. Отбасының берекесі, шаңырағының шуағы болумен шектелмей, мемлекет мүддесі жолында аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қаншама!
Зульфия Жамалтдинова – саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған, бүгінде «Қазақстан әйелдері күштері Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі жанынан ашылған Абай облысы әйелдері көшбасшылық мектебінің басшысы қызметін абыроймен атқарып отыр.
Зульфия Фазылжанқызы 1959 жылдың 13 қарашасында Семей облысы Жаңасемей ауданының Новопокровка ауылында дүниеге келген. Білімге құштар, белсенді қыз үздік оқып, мектептегі бастауыш партия ұйымының хатшысы да болған. Қазақ қыздар педагогикалық институтын библиограф-кітапханашы және Қазақ мемлекеттік заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тамамдаған соң еңбек жолын Семей облыстық Гоголь атындағы кітапханадан бастаған. Сол уақытта коммунистік партия қатарына өтті. Көпшіліктің дауысына, қолдауына ие болуының арқасында облыстық партия комитетінің хатшылығына тағайындалып, бірқатар лауазымды қызметтер атқарды.
1991 - 2004 жылдары «Семей көмірлері», «Шаған» сынды өндіріс орындарында еңбек етті. 2004 жылы «Асар» партиясының Семей өңірлік өкілдігіне жетекшілік етсе, 2006 жылдан бастап «Отан», кейіннен «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының орынбасары болды. Жастар үлгі тұтқан білікті басшы, білгір маман Зульфия Жамалтдинова 2018 жылы құрметті демалысқа шықты.
Көпшіліктің сенімі мен қолдауының арқасында бірнеше мәрте депутат болып сайланған Зульфия Фазылжанқызы өз округіндегі бірқатар мәселелердің шешім табуына атсалысты. Әлі күнге дейін қоғамдық өмірден қол үзген жоқ, бүгінде қалалық қоғамдық кеңестің белді мүшесі.
2022 жылдан бері Абай облысы әйелдері көшбасшылық мектебінің басшысы ретінде нәзік жандылардың саяси сауаттылықтарын арттыруға және көшбасшылық әлеуетін дамытуға үлес қосып жүр.
Әйелдер күштерінің Альянсы – бұл әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауда, гендерлік теңсіздікке байланысты мәселелерді шешуде, сондай-ақ нәзік жандыларды саясатта, экономикада және қоғамдық жұмыстарда ілгерілетуге мүмкіндік туғызуға арналған үкіметтік емес ұйым.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына орай партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөлінді. Бұл әйелдерге берілген мол мүмкіндік деп білемін. 30 пайыз емес, 50 пайыз үлес берілсе де артықтық етпейді. Себебі әйел әсемдік пен әдеміліктің, сұлулық пен сымбаттылықтың ғана емес, тазалық пен тәртіптің символы. Проблеманы әйел адам ерлерге қарағанда басқаша байқайтындығы да дәлелденген ақиқат. Ол – ең әуелі әлеуметтік тұлға. Сондықтан да әлеуметтік мәселелердің барлығын сезіне алады және оның шешім табуына атсалысады,- дейді З.Жамалтдинова.
- Саяси аренада белсенділік аздық етеді, міндетті түрде білім қажет. Біздің мектепте коммуникация мен күйзеліске төзімділік, саясаткер имиджі, жеке бренд, іскерлік стиль мен имиджді қалыптастыру, SMM трендтері сияқты тақырыптар бойынша білім беріледі. Бүгінгі күнге дейін білім алушылар қатарында бизнес ортаның, мемлекеттік қызмет саласының өкілдері және көп балалы аналар да болды. Бізде оқыған бірнеше ару қазіргі таңда депутаттыққа үміткерлер қатарында,- дейді Зульфия Фазылжанқызы.
Кейіпкеріміз - бір балаға әлемнің жарығын сыйлаған аяулы ана. Отағасынан 37 жасында айырылса да ошағын сөндірмеген асыл жар.