Абай облысының әкімі әйелдер қауымын келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтады

Абай облысының әкімі әйелдер қауымын келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтады

Бүгін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев облысымыздың барлық аумағында түрлі салада қызмет етіп, өз ісінің нағыз кәсіби маманы атанған белсенді әйелдер қауымын жеке құттықтады.

Нұрлан Ұранхаев әйелдердің отбасының ұйытқысы болып қана қомай, бүгінгі күні елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларда белсенді азаматтық ұстаным танытып жүргенін атап өтті.

‍️Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап әйелдер қауымы мемлекеттік саясатта жетекші рөлге ие.

- Әйел - әлемдегі ізгіліктің қайнары, отбасының берекесі. Елді өсіретін, ұлтты сақтайтын, ол - Әйел, Ана. Шығыс халықтарында «Әйел - бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен, әлемді тербейді» деген сөз бар. Расында да, Әйел-Ана - өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры. Еліміздің сән-салтанаты да, еселі еңбегі де, нәзік жандармен байланысты,- деді Нұрлан Ұранхаев.

Сөз соңында аймақ басшысы барша әйелдер қауымын Абай облысының ер азаматтары атынан келе жатқан шуақты мерекемен құттықтады.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде әйел-ананың әлеуметтік жағдайына, денсаулығына барынша ерекше көңіл бөліп келеді. Өйткені, ер - елдің иесі болса, әйел – үйдің киесі. Ақ жаулықты ана, сүйікті жар, аяулы қарындас – бәрінің жаны жылылыққа, жүрегі ұлылыққа толы. Ал, ұлылықты құрметтеу – ортақ парызымыз!
Құрметті арулар, мереке қарсаңында өзімнің және Абай облысының барша ер-азаматтары атынан Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін,- деді Нұрлан Ұранхаев.

Салтанатты шара облыстық филармония әртістерінің мерекелік концертімен аяқталды.