Білім беру сапасын бақылау білім беру саясатын анықтайды

Білім беру сапасын бақылау білім беру саясатын анықтайды

Абай облысының ӨКҚ-де өткен баспасөз конференциясында Абай облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету Департаменті басшысының орынбасары Гүлзада Сейтіқазина ведомство тек мектептердегі білім беру сапасын бақылаумен ғана шектелмейтінін атап өтті.

- Біз мектептермен ғана емес, облыстағы колледждермен де үлкен жұмыс жүргізудеміз. Біздің басты мақсатымыз - балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ "Педагог мәртебесі туралы" заңның орындалуын сақтау. Білім беру сапасын бақылау арқылы көптеген өзекті мәселелерді шешуге болады, - деді Г. Сейітқазина.

️Сондай-ақ, Гүлзада Сейітқазина ҚР Білім министрінің тапсырмасына сәйкес, бақылауды күшейту үшін азаматтарды қабылдау жүргізіліп жатқанын атап өтті.

- Біздің Департамент нормативтік-құқықтық аспектілердің сақталуымен қатар, білім беру үдерісін де тікелей бақылайды. Сондай-ақ, Білім Министрінің тапсырмасы бойынша әр сәрсенбі сайын сағат 15-тен 18-ге дейін жеті адамнан тұратын консультативтік-кеңесші орган азаматтарды қабылдайды, - деді Сейітқазина

Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың өмірі, білім алуы және қамтамасыз етілуі де білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің жауапкершілігінде.

- "Педагог мәртебесі туралы" заңның сақталуына көп көңіл бөлінеді. Бірақ біз балаларды да естен шығармаймыз. Балалар - біздің болашағымыз, сондықтан олардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету - біздің жұмысымыздағы басым бағыттардың бірі. Бұл тек білімге ғана емес, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге де қатысты. Халықтың әлеуметтік осал топтарының және тұрмысы нашар отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлінеді, - деп атап өтті Гүлзада Сейітқазина.

️Департамент тарапынан оқушылар мен оқытушылар құрамымен ғана емес, оқу орындарының басшылығымен де жұмыс жүргізілуде.

- Оқу жылының басынан ауыс-түйіс басталды. Директорлар мен мектеп басшылығы өзгеруде. Бұл жұмыстар жүргізілуде. Директорлар біліктілігін үш жыл сайын жаңартып отыруы керек. Қатаң талаптар, соның ішінде аттестация мектеп директорларының орынбасарларына да қойылады. Сонымен қатар, әрбір басшының барлық маңызды жетістіктерін қамтитын портфолиосы бар, – деп түйіндеді сөзін Гүлзада Сейітқазина.