Абай облысының қалалары мен аудандарында Масленица мерекесі аталып өтті

Абай облысының қалалары мен аудандарында Масленица мерекесі аталып өтті

Айта кетер болсақ Семей қаласының тұрғындары Ертіс өзені жағалауында ұйымдастырылған мерекелік шарада ән айтып, би билеп, сол жерде пісірілген құймақтардан дәм татты. Ұйымдастырушылар қызықты ойындар мен жарыстар өткізіп, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, іс-шара барысында көрме ұйымдастырылып, қолөнер бұйымдары мен әшекейлер сатылды.

Ал, Бесқарағай ауданында қысты шығарып салу, жарқын жылы күндерді күту, табиғаттың көктемгі жаңару кезінде тойланатын славян мерекесінде аудан тұрғындарына көңіл күй сыйлап, аталған шараның жоғары деңгейде өтуіне белсенділік танытқан ұйымдар алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ мереке аясында аудан тұрғындарына арналған көңілді ойындармен, мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Бородулиха ауданының Жерновка ауылында мерекеге орай ауданның барлық округтері дастархан жайды. Ең үздік дастархан байқауы, мерекелік сауда-саттық, спорттық ойындар мен жарыстар, ауданның мәдени ұжымдары мен этно-мәдени бірлестіктері концерт ұйымдастырды. Мерекенің символы Масленица қуыршағының көрмесі жасалды. Мереке барысында ұлтаралық бірлік пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін белсенді жерлестер грамоталармен марапатталды. Ең үздік мерекелік дастархан, қуыршақ анықталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Курчатовта славян халық мерекесіне орай концерт, халық ойындары, мерекелік сауда ұйымдастырылды. Арқан тарту, гір көтеру, сөмкелерде секіру ойындарынан жарыс өтті. Жеңімпаздары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.