Абай облысында Қан орталығын салу, Ядролық медицина орталығы мен Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына жапсаржай салу жоспарлануда

Абай облысында Қан орталығын салу, Ядролық медицина орталығы мен Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына жапсаржай салу жоспарлануда

️Осы және басқа да мәселелер ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновке айтылды. Вице-премьер Абай облысына келіп, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевпен бірге әлеуметтік нысандарды аралады. Алғашқы нысан Семей қаласының Ядролық медицина және онкология орталығы болды.

Орталық радиофармацевтика өндірісінен бастап радионуклидтік диагностика мен терапияға дейінгі толық циклді қамтиды. Бұл Қазақстанда алғашқы радионуклидті терапия бөлімі болып табылады.

Радиофармацевтикалық препараттар әдісінің қолданылуы науқастардың шетелге шықпай-ақ ел ішінде ем қабылдауына мүмкіндік жасады. Бұл ретте орталыққа заманауи мамандандырылған технологиялық жабдықтарды орналастыру және материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін жаңа хирургиялық корпус қажет. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс жоспарына енгізілген.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға арналған абилитация және оңалту орталығымен танысты. Мекеме Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған. Орталықта абилитация мен оңалтуды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған.

️Облысты дамытудың кешенді жоспарына сәйкес Семей және Аягөз қалаларында тағы екі оңалту орталығы, екі емхана, көпсалалы балалар ауруханасы, сондай-ақ «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 10 мыңнан астам оқушыға арналған 11 мектеп салынады деп күтілуде.

Сонымен қатар 2023-2024 жылдарға арналған Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудың Ұлттық пилоттық жобасы аясында Абай облысында 65 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда.

Жұмыс сапары барысында Алтай Көлгінов «Ауыл аманаты» жобасының ықтимал қатысушыларымен кездесті. Жоба Президент бекіткен Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

- «Ауыл аманаты» ауқымды бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін игі бастама. Өңірдің аграрлық әлеуетін ескерсек, ауыл тұрғындарының сұранысқа ие өнімдерді өндіріп, өз ісін дамытуға зор мүмкіндігі бар, – деді Көлгінов.

- Президенттің ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға облысымыз дайын. «Ауыл аманатына» дайындық барысында әр ауылдық округ бойынша талдау жүргізіліп, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыйтындардың нақты саны, әр отбасының табысы, халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қажетті өндіріс түрі анықталды. Шаруаларымыз осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланады деп ойлаймын, – деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Вице-премьердің облысқа сапары күрделі жөндеу мен жаңғыртуды қажет ететін сол жағалаудағы жедел жәрдем подстанциясына барумен, сонымен қатар Әуезов атындағы педагогикалық колледждегі оқытушыларды дайындау барысымен танысумен аяқталды.