
Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша Жарма ауданының Қалбатау ауылындағы орталық аурухананың желдету жүйесін және шаруашылық блогын, қаланы Кешенді дамыту жоспары аясында Шар қаласындағы аурухананың ғимаратын күрделі жөндеуге, саланы медициналық құрал – жабдықтармен қамтуға қаржы бөлінді. Сондай-ақ аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінің, электр желілерінің, ғимараттың сыртқы қасбеттерінің күрделі жөндеуіне және аурухана аумағын абаттандыруға жобалық – іздестіру жұмыстары жүргізілген.
- Республикалық бюджет есебінен ауылдық елді мекендерге салынатын 3 ФАП (Жарма, Жарық, Қаратөбе) және 4 медициналық пункт құрылысы үшін (Қапанбұлақ, Сұлусары,) жер телімдері белгіленді. Алдағы кезеңде Ұзынжал, Жайма, Көшек ауылдарында да осындай нысандар салу жоспарлануда. Жарық және Қызылағаш ауылдарында антенна-діңгек құрылғылардың құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді,- деп атап өтті ӨКҚ орталығында Жарма ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров.
Аудан әкімінің айтуынша, тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында, Қалбатау ауылында стадион және Қалбатау ауылы мен Шар қаласында жүзу бассейндерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге қаражат бөлінген. Сондай-ақ Аршалы, Кіші Қарасу және Салқынтөбе ауылдарындағы спортзалдарының құрылысына облыстық бюджетке бюджеттік өтінімдер берілген.
- Аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық – сметалық құжаттамалары әзірленді. Сұлусары, Бірлік, Жаңаөзен, Шалабай ауылдарында ауылдық клубтар салуға жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін ағымдағы жылға қаржы бөлінді,- деді аудан әкімі.
Биылғы жылға Шар қаласындағы Абай атындағы мектеп – балабақша кешенінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге, Қапанбұлақ ауылының Хасенұлы атындағы орта мектебінің қазандығының құрылысына қаражат бөлінген.
-Қалбатау ауылында 300 орындық мектептің, Кентарлау ауылында және Суықбұлақ кентінде 100 орындық мектептердің құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланды. Жаңғызтөбе кентіндегі спорт модульдың құрылысына жобалық – сметалық құжаттама әзірлеуге инвестициялық ұсыным берілді,- деді Жарқынбек Байсабыров.
Аудан әкімінің айтуынша, 2022 жылы 208 940 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде «Бір қабатты Шығыс» жобасы бойынша Шар қаласы мен Қалбатау ауылында жалпы көлемі 2 148 шаршы метр 2 пәтерлі үйлер; жеке тұрғын үй құрылысы бойынша 6 792 шаршы метр үй салынған. Жеке тұлғалар есебінен аудан орталығында ––22 үй, басқа елді мекендерде (Жаңғызтөбе, Әуезов кентері, Шар қаласы, Қаратөбе, Жаңаөзен, Белтерек ауылдары) 12 үй іске қосылған.