
Ауданның ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің басым бөлігі немесе 75 пайызы мал шаруашылығына, 25 пайызы өсімдік шаруашылығына тиесілі, деп хабарлады Абай ӨКҚ-де өткен брифингте Жарма ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров.
2022 жылы 21436 тонна ет сатылды (өсім 105%); сүт өнімділігі 54 393 мың тонна сүтті немесе 2021 жылмен салыстырғанда 94%-ды құрады.
Мал басының - ірі қара, жылқы, қой мен ешкінің тұрақты өсімі сақталуда.
Ауданда мал тұқымын асылдандыруға көп көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда 20 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысады.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға» бағытталған субсидиялау қағидасына сәйкес, ауыл шаруашылық құрылымдарына 731 млн теңге (530 өтінім) тартылды.
Сонымен қатар, ауылшаруашылық техникаларын жаңарту жалғасуда. 132 жаңа бірлік (12 трактор, 12 тиегіш, 10 тіркемелі шөп шабатын, 7 тырма, 1 бүріккіш, 28 пресс жинағыш және басқа да көмекші құрал-жабдықтар) сатып алынды.
Жайылымдарды суару және мал шаруашылығын сумен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 10 шаруа қожалығына құдық қазылып, 7,7 млн теңгеге субсидия төленді.
Өсімдік шаруашылығында 35 599 гектар егіс алқабы игеріліп, 10 миллиард 174 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде 8734 тонна дәнді дақылдар жиналып, орташа өнімділік гектарына 9,2 центнерді құрады. Майлы дақылдар бойынша 5339 тонна өнім жиналды.