
Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі саласы болып табылады.
Абай облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов атап өткендей, ауданда 471 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде ЖШС – 26, ауыл шаруашылығы кооперативі – 10, өсімдік шаруашылығы бойынша – 107, мал шаруашылығы бойынша – 364.
Ауданда ірі қара мал - 50663 бас, өсу қарқыны 111,0% (2021 жылы – 45624 бас), ұсақ мүйізді мал - 46505 бас, өсу қарқыны 109,2% (2021 жылы – 42581 бас), жылқы - 18 928 бас, өсу қарқыны 111,4 % (2021 ж. – 16 982 бас), құстар - 47 251 бас, өсу қарқыны 103,3 % (2021 ж. – 45 729 бас).
– Ауданда 13 шаруа қожалығы мал тұқымын өзгертумен айналысады. Олардағы мал басы - 1264. Ауданның 12 шаруа қожалығы Республикалық асыл тұқымды мал шаруашылығы палатасына мүше,- деді Талғат Мұратов.
Осы ретте Ерназар ауылдық округінде «Мукинов» шаруа қожалығы негізінде 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы салынуда. Глуховка ауылдық округінде «Қалиқанұлы» шаруа қожалығы Германиядан 30 бас голштин-фриз тұқымды ірі қара мал сатып алды.