Абай облысындағы құрылыс мәселелері

Абай облысындағы құрылыс мәселелері

Аймақта көптеген әлеуметтік нысан салынуда

«Салауатты ұлт» ұлттық жобасы аясында биыл Үржар ауданы Қаратұма ауылында дәрігерлік амбулаториясы бар әкімшілік ғимараттың құрылысы жалғасады. Сонымен қатар, осы жылы Үржар ауылында 10 төсектік күндізгі стационармен жабдықталған күніне 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория бой көтереді.

Абай ауданы Кеңгірбай би ауылындағы Қарашоқы шатқалының аумағында балалар лагерін салу жоспарланған. Жоба биыл аяқталады деп күтілуде.

- «Дені сау ұлт» жобасы бойынша облыста екі ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылып жатыр. Бірі аудан орталығында, енді бірі Семей қаласының Қайнар кентінде салынуда, нысан аяқталуға жақын. Бұған қоса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Үржар ауданы Таскескен ауылында, екіншісі Абай ауданы Көкбай ауылында екі спорт модулінің құрылысын бастау көзделген. Аталған бағдарлама бойынша Семей қаласының Приречное ауылындағы мәдениет үйі реконструкциядан өтеді, - деп атап өтті Абай облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков әкімдікте өткен кеңесте.

«Жайлы мектеп» жалпыұлттық пилоттық жобасы аясында облыста 5700 оқушыға арналған 11 орта мектептің құрылысы жоспарға енген. 5 мектеп 2024-2025 оқу жылының басында ашылады деп жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Қарағайлы тұрғын ауданындағы және Семей қаласының Водный кентіндегі, Ақсуат және Бесқарағай ауылындағы, Аягөз қаласының ет комбинаты шағын ауданындағы мектептер. 2025-2026 оқу жылының басында облыста тағы алты жаңа мектеп есігін айқара ашады: Семей қаласының Ақсай, Шығыс және Қарағайлы тұрғын аудандарында, Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде, Ақсуат ауданының Екпін ауылында және Жарма ауданының Қалбатау ауылында. Соның нәтижесінде, мектеп тапшылығы байқалатын аймақтағы мектептерге жүктеме айтарлықтай төмендейді.

-Облысымыздың тұрғындарына жағдай жасау,тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салу маңызды. Алдығы жылдары өзін-өзі қамтамасыз ететін облыс болу үшін, өңірімізде үлкен міндеттер атқарылуы тиіс. Соған қатысты көптеген жобалар қабылданған Абай облысының кешенді жоспарында қарастырылған, - деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.