Аягөз ауданында 50 елді мекеннің 45-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген

Аягөз ауданында 50 елді мекеннің 45-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген

Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспаөз конференциясында Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақов айтты.

Бүгінгі күні «Аягөз қаласында су құбырлары желісінің құрылысы» жобасы аясында 37 көшеде су құбыры желілері құрылысы жүруде. Бүгінде 19 шақырым ауыз су құбыры төселген, жұмыстар ағымдағы жылы аяқталады деп жоспарлануда.

- Жобада көрсетілген жер бедерінің жартысы тас болғандықтан жобалық сметалық құжаттарына түзету жұмыстары жүргізіліп, жоба екіге бөлінді. Ауданымыздың Қорық ауылындағы су құбыры желілерінің құрылыстары жер асты суларының шығуына байланысты уақытша тоқтатылып, жобалық сметалық құжаттарына түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Байқошқар ауылында су құбыры желілері тартылуда. Қазіргі таңда 3,2 шақырым ауыз су құбыры төселді,- деді аудан әкімі Сейілбек Ысқақов.

Аудан әкімінің айтуынша, 2022 жылы Ақтоғай кентінде су құбыры желілерін тарту қолға алынған. Су құбыры желілерінің ұзындығы - 31,5 шақырым. Нәтижесінде 2938 адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Жұмыстар ағымдағы жылы аяқталады деп жоспарлануда.

- Тағы бір өзекті мәселе 40 мыңнан астам халық тұратын Аягөз қаласындағы су құбыры желілерін ауыстыру. 129,2 шақырымды құрайтын қаладағы су құбырлары желілерінің 35 пайызы 1970 жылға дейін салынған. 29 көше бойындағы су құбырларының тозып, тот басуынан көптеген үзілістер бар. Осы ақаулықты жою мақсатында су құбыры желілерін қайта жаңғыртудың 5-кезең жобасы жоспарланған. Желілердің жалпы ұзындығы 48,3 шақырымды құрайды,- деді аудан әкімі.