Бородулиха ауданының тұрғындарымен кездесу барысы

Бородулиха ауданының тұрғындарымен кездесу барысы

Абай облысында 2025 жылға дейін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10,8 млрд. теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын, оның ішінде Бородулиха ауданының Ауыл мен Успенка ауылдарында медициналық пункттер, Новая Шульба ауылында дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. Сонымен қоса, Бородулиха ауылындағы аудандық аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.    
 
Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында айтты. Өңір басшысы Кешенді даму жоспары аясында алдығы 5 жыл ішінде Абай облысында жүзеге асатын іс-шараларға тоқталып, аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
 
Еске салар болсақ, Президент тапсырмасы бойынша, облыстың алдағы 5 жылға арналған КЕШЕНДІ ДАМУ ЖОСПАРЫ әзірленіп, Үкімет отырысында бір ауыздан қабылданды. Жоспардың негізгі мақсаты – өңір экономикасын нығайтып, халықтың өмір сапасын жақсарту.
 
Жалпы негізгі 9 бағыт айқындалып, 102 іс-шара көзделіп отыр.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың Бородулиха ауданының тұрғындарымен кездесуіндегі баяндамасынан 
 
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 5700 орындық 11 мектеп салу және 2100 орындық 6 жалпы білім беретін мектепке қосымша құрылыс салу жоспарлануда.
 
Ауданда 4979 оқушысы бар 32 мектеп жұмыс жасайды. Өткен жылы 9 мектепті жөндеуге 163,2 млн. теңгеге, материалдық-техникалық базаны жаңартуға 3,6 млн. теңге қаражат жұмсалды.
 
Ағымдағы жылы 7 мектепті жөндеуге 105 млн теңге, мектептерді заманауи кабинеттермен және бейнекамералармен жабдықтау қарастырылған.
 

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ағымдағы жылы Үржар ауданының Көкбай және Таскескен ауылдарында 2 спорт модулін салу жоспарланған.
 
Ауданда 146 спорт нысаны жұмыс істейді.  Облысты дамытудың кешенді жоспарында 2026 жылға Новопокровка ауылында спорт модулін салу қарастырылған.
 
Ағымдағы жылы облыста 4 мекемені қайта жаңарту және күрделі жөндеу жоспарлануда.
 
Облысты дамытудың кешенді жоспары шеңберінде 2024-2025 жылдары Камышенка, Жерновка және Коростели ауылдарында клуб үйлерін салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі.
 
Былтырғы жылы Бородулиха ауданында 1753 шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, 2023 жылға 2770 шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.
 
Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 38 сумен жабдықтау нысандарының құрылысы мен реконструкциясы басталды. Аудандық сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 358,4 км. құрайды.

2026 жылға қарай облыс бойынша 96 сумен жабдықтау объектісін, оның ішінде ауылдық елді-мекендерде 66 объектіні салу және қайта жаңарту жоспарлануда.
 
2023 жылы облыс аумағындағы жолдарды жөндеуге 2,2 млрд. теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.
 
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында өткен жылы облыста 18 889 жаңа жұмыс орны құрылды (аудан бойынша 776 жұмыс орны, оның ішінде 417 тұрақты, 359 уақытша).

 
2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,1 трлн. теңгеден асса, Бородулиха ауданының үлесі 58,0 млрд. теңге

Бұл жерде, аудандағы тау-кен өндіру, өңдеу саласы және ауылшаруашылығымен айналысатын «Қазақмыс корпорациясы», «Шығыстүстімет», «Семей Гидрогеология», «Труд 13», «Зенковское», «Сахновское», «Восток Агро гроуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Е-Зейтенов», «Труд», «Красный партизан» шаруа қожалықтарын атап өткен орынды.
Облыс бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағытында да оң өзгерістер бар.

Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 49 693 болса, оның 1518-і Бородулиха ауданының аумағында орналасқан.
Облыстағы бөлшек тауар айналымының көлемі 19,3%-ке ұлғайып, 438,8 млрд.теңгені құрады. Бородулиха ауданы бойынша бұл көрсеткіш – 13,0 млрд теңге.
 
 Ауданның үлесі –13,3 %. Сүт, жұмыртқа өндіру көрсеткішінің артуы байқалады.