
8 ақпан күні Абай облысы білім басқармасының Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті.
Байқауға облысымызға қарасты қалалар мен аудандардағы білім беру ұйымдарының директорлары, директордың орынбасарлары, білім беру ұйымдарының педагогтері, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері мен әдіскерлері, музыка жетекшілері, қосымша білім беру педагогтері, сынып жетекшілері, психологтар, логопедтер, дарынды балалармен жұмыс жасайтын өңірлік орталықтардың әдіскерлері – жалпы саны 77 педагог қатысты.
- Абай облысында бұл байқау алғаш рет өтіп отыр. Фестивальдің мақсаты – педагогтердің шығармашылық әлеуетін дамыту және жаңашыл идеяларын жүзеге асыру, кәсіби өсуін ынталандыру, облыс мектептерінің басшылары мен мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату,- дейді Абай облысының инновациялық-әдістемелік орталығының баспасөз хатшысы Салтанат Амантайқызы.
Байқауға қатысушылардың бірі Аягөз қаласы «Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы» КММ бастауыш сынып мұғалімі Анар Наурызбаева дүниетану пәнінен 3 сынып оқушыларына электрондық анықтама құрастырған.
- Білім беруде оқулықтарды ғана емес, электрондық ресурстарды да пайдалану керек. Бастауыш сынып оқушыларына интернеттен қосымша ақпарат іздеу қиынырақ. Сондықтан мен дүниетану пәнінен 3 сынып оқушыларына электрондық анықтама құрастырдым. Бұл оқушыларға уақытын үнемдеуге және сұрағына жауап алуға көмектеседі, - деді Анар Наурызбаева.
Байқау «Білім беру жүйесіндегі менеджмент», «Шеберлік палитрасы», «Шығармашыл толқын», «Сабақ аяқталған соң…», «Психолог сандықшасы» бағыттары бойынша өтуде.
Облыстық байқаудың жеңімпаздары республикалық байқауға жолдама алатын болады.