
Қайырымдылық аукционында жиналған 5 миллионға жуық теңге есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатқа жіберілді. Бұл туралы Абай облысының Білім басқармасы хабарлады.
Айта кетейік, күні кеше Абай облысындағы алғаш рет өткізілген қайырымдылық балынан жиналған қаражаттың 30 миллион теңгесі балалар үйлерінің есепшотына аударылған болатын. Қаражат балалар үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады.
Еске салар болсақ, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың бастамасымен желтоқсан айының соңында «Ақ Ертіс» қоры Семей қаласында алғашқы қайырымдылық балын өткізген болатын. Шақырылған қонақтар шара аясында ұйымдастырылған қайырымдылық жәрмеңкесінде мамандандырылған мектеп-интернаттар мен балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балалардың суреттерін, қолөнер бұйымдарын, аппликацияларын сатып алды.
Кейбір меценаттар сатып алған лоттарын тарихи-өлкетану мұражайына сыйға тартты.