
Қарағай бүршігінен тұқымын алу – бірнеше кезеңнен тұратын күрделі процесс. Арнайы орында алдын-ала жайылып, дегдітілген бүршіктер роликті транспортер арқылы іріктеліп, қоқысынан арылтылады. Сосын бірнеше секциядан тұратын кептіргіш шкафқа қойылып, арнайы температурада кептіріледі. Бүршіктер ашылып, тұқымын алуға дайын болады.
Бүршіктерді өңдеу барысын «Семей орманы» резерватының Орман тұқымбағы және орман тұқым станциясы кешенінің басшысы Сырым Елемесов түсіндірдi:
- Кептіру камерасына бір мезетте 750 келі салмаққа дейін бүршік сала аламыз. Кептіру режимі камерадағы температура мен ылғалдылық сенсорлары арқылы автоматты түрде басқарылады. Мұнда +52 градус t, 12 пайыздық ылғалдылықта 40 сағат кептіріледі. Кепкен бүршік бункерге төгіліп, одан транспортерлық таспа арқылы торлы барабанға түседі. Дайын тұрған бүршіктің тұқымы түседі, жеке контейнерге жиналады.
Тұқымды торлы сепараторда көлеміне қарай екшейді. Ол ұсақ, орташа және ірі болып бөлінеді.