
Нұрбол Қалиев – 15 жылдан бері бірегей өнер туындыларын жасап, ескерткіштері ел көңілінен шыққан семейлік мүсінші. Оның қолынан шыққан туындылар Семей, Астана, Алматы, Өскемен қалаларының көшелерінде танымал. Солардың ішіндегі Семей қаласының көшелерінде «Абай мен ұлдары» және «Ұстаз бен шәкірт» мүсіндері орнатылған. Абай облысының құрылуымен тұспа-тұс орнатылған Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған мүсінді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан болатын.