Абай облысында 450 мың м2 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі

Абай облысында 450 мың м2 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі

Бүгін Абай өңірлік коммуникациялар қызметінде Абай облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысы Айдын Бегімбековтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша облысымызда 340 мың м2 тұрғын үй құрылысы аяқталды. 2021 жылға қарағанда өсу қарқыны 104,1 %-ды құрайды.

Күні кеше ғана облысымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен 150 орынға арналған тамаша сәулеттік келбетке ие оңалту орталығы ашылды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл-Ел бесігі», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп» сынды ұлттық жобалар жүзеге асады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үлкен жұмыстар басталды. Облыс бойынша 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандары ашылатын болады, - деді Айдын Бегімбеков.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында облысымызда 11 мектеп ашылады. Оның 5-еуінің құрылысы биылғы жылы басталмақ.

Бес мектептің екеуі Семей қаласында – Қарағайлы ықшам ауданында (1800 орын) және Водный кентінде (600 орын) бой көтереді. Сондай-ақ Аягөз қаласында (600 орын), Ақсуат пен Бесқарағай аудандарында (300 орын) білім беру орындарының құрылысы басталады.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылы тағы 6 мектептің құрылысы жалғасады. 11 мектептің құрылысын екі жыл ішінде аяқтап, 2024 жылдың жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарлануда.

Өздеріңіз білесіздер облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен KazMinerals компаниясының ортақ келісімшарты негізінде тағы 1200 орындық жаңа мектеп салынады. Одан бөлек бірнеше мектептің жанынан 600 оқушыға арналған қосалқы ғимараттар салынады. Сол арқылы облысымыздағы орын тапшылығын жойып, толық қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, - деді Айдын Бегімбеков.

Семей қаласында өткен жылы басталған 18 несиелі тұрғын үй құрылысы бүгінде жалғасуда. Осы жылы облысымызда тағы 22 несиелі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр.

Оның ішінде 19 тұрғын үй Семей қаласында, 1 тұрғын үй Курчатов қаласында, 2 тұрғын үй Аягөз қаласында бой көтеретін болады.

 Биыл Ақсуат ауданында дене-шынықтыру кешені ашылды. Бородулиха мен Қайнар ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталуға жақын. Үржар ауданында Өлкетану мұражайының филиалына және Ақсуат ауданындағы Көкжыра ауылдық клубына 2 жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жоспарлануда. «Ауыл-Ел бесігі» ұлттық жобасымен Семей қаласындағы Приречное ауылының мәдениет үйінің қайта құру жұмыстары жалғасын табуда.

2023 жыл бойынша барлық қаржыландыру есебінен облыста 450,270 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізіледі.