
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов «№1 Семей арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де болып, науқастар орналасқан бірнеше корпустың, сондай-ақ шаруашылық бөлімшелердің жағдайымен танысты.
Мекемеде тұратын 400-ге жуық психоневрологиялық бұзылыстары бар адамдарға тұрақты қызмет көрсетілуде. Науқастарға іс жүзінде толық мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын да атап өту қажет.
Алайда, 60-70 жылдары салынған мекеменің ескі ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді және заман талаптарына сай емес. Осыны көрген Ербол Оспанов орталыққа жаңа, үлкен ғимарат салу қажет деген қорытындыға келді. Оның айтуынша мекеме орналасқан аумақтың көлемі бұған толық мүмкіндік береді.
Біз бекітілген стандарттарды қайта қарап, алдағы уақытта жаңа тарифтерді бекітетін боламыз. Стандарттарға сай арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге ниет білдірген ҮЕҰ бастамаларына тыйым салынбайды. Оларға лицензия беруіміз де мүмкін, - деді Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі.