Жарма ауданында дене шынықтыру мен спорттың дамуы туралы

Жарма ауданында дене шынықтыру  мен спорттың дамуы туралы

Жарма ауданында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға арналған 142 спорт нысаны бар. Болат Тұрлыханов атындағы және Шар қаласындағы спорт кешендері, бір спорттық модуль, спорт мектебіне қарасты 2 спорт залы, жалпы білім беретін мектептерде 24 спорт залдары, 11 хоккей, 15 воркаут, 87 жаттығу залдары жұмыс істейді.

Ауданның балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 1137 бала жаттығады. Ауылдық жерлерде спорт мектебінің 15 бөлімшесі бар. Спорт мектебінде қазақ күресі, еркін және грек-рим күресі, бокс, армрестлинг, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, футбол, волейбол секциялары жұмыс істейді, оқу-жаттығу жиындарын 46 жаттықтырушы өткізеді.

Аудандық білім бөліміне қарасты «Жанама» балалар мен жасөспірімдер футбол клубы жұмыс істейді. Клубқа ауданның 23 мектебінен 514 оқушы қатысады.
2022 жылы аудандық деңгейде - 53, облыстық деңгейде – 8, республикалық деңгейде -1, халықаралық деңгейде – 1 турнир өткізілді.

- Ауданда бокс секциялары жұмыс істейді және біз үлкен жетістіктерге жететін спортшыларды дайындап жатырмыз. Біздің өңірден көптеген спорт шеберлері шықты. Қазіргі уақытта балалар әр түрлі республикалық және халықаралық жарыстарға барып, туған облысының намысын қорғап жүр. Мен боксты жақсы көремін және білгенімді шәкірттеріме үйретуден жалықпаймын, - дейді ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері, жоғары санатты жаттықтырушы Күсет Қоңыртаев.