
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әншісі, актер, композитор Болат Күнтуұлы Сыбановтың 85-жылдығына арналған «Қазақ әнінің Ақбұлағы» атты еске алу кеші өтті. Кеш шымылдығын Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Айдар Ибраев ашып, Болат ағаның жары Үміт Қожатайқызына алғысын жеткізді.
Сонымен қатар облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Әлин Б.Сыбанов жайлы естеліктерін айтып, жарына кітап табыстады. Ақын Мұратбек Оспанов өз шығармашылығынан «Ақбұлақ балладасын» сүйсіне баяндап, тамсана оқып берді. Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрынан келген оркестрдің сүйемелдеуімен Мырзақан Сыдықов, Азамат Нұрғамыс, Қадылбек пен Маржан Омаровтар сынды өнерпаздар әншінің репертуарындағы әндерін шырқады. Музей қорында сақталған композитордың жеке заттарынан көрме ұйымдастырып, жерлесімізге барынша құрмет көрсетілді.
Болат Күнтуұлы Сыбанов 1938 жылдың мамыр айында Семей облысы Жаңа Семей ауданына қарасты Изатолла аулында дүниеге келген.
Семейдің іргесіндегі Құрманғожа аулында Болат Сыбановтың балалық шағы өтті. Б.Сыбанов он жасынан бастап ауыл арасындағы той-думанда ән салып, әнші атанды. Болат Сыбанов – арнайы музыкалық білімі болмаса да, домбыра, фортепиано, баянда жақсы ойнаған. Болат Күнтуұлының орындауындағы «Жайна Семей», «Ақ бұлақ», «Таң самалы», «Ғашықтар термесі», «Жан ана», «Әке туралы», т.б әсем сазды көркем туындылар қазақ халқының радио мен телеарнасының алтын қорына енген.
Көптеген әндері Түркия, Швеция, Германия, Моңғолия, Қытай елдеріне де танымал. Еңбек жолын 1957 жылы Абай атындағы қазақ драма театрында актер болып, Алматы филармониясында солист қызметін атқарған. Кейін Семей қаласына оралып, өмірінің соңына дейін туған сахнасында еңбек етеді. Өзінің театрдағы шығармашылық жолында Болат Сыбанов 100-ден астам көрнекті образды сомдаған.
Болат Сыбановты еске алу кешіне жары Үміт апамыз, туыстары, замандастары, қаламыздағы мәдени мекемелердің қызметкерлері, «Әлихан Бөкейхан атындағы» университеттің студенттері қатысты. Кеш барысында Б.Сыбановтың әндері шырқалып, естелік сөздер айтылып, Болат ағамызға арналған бейнероликтер мен слайдтар жүргізілді.
Болат Күнтуұлы әншілік жолында ешкімді қайталамайтын, сөзі мен әнін өзі жазатын өзгеше дарын иесі. Парасатты ғұмырында қалдырған мәңгілік асыл мұралары әрбір қазақтың жүрегінде сақталары анық.