Абай облысындағы эпидемиологиялық жағдай

Абай облысындағы эпидемиологиялық жағдай

Қазіргі уақытта Абай облысында тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекциялары бойынша сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалып отыр дейді жауапты мамандар.

«2022 жылғы 1 қазаннан өңірде жіті респираторлық вирустық инфекцияның 65020 жағдайы тіркелді, осылайша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 22,3 % - ға өскен. Жас ерекшеліктері бойынша ең көп 14 жасқа дейінгі балалардың үлесіне келеді, олар барлық науқастардың -53, 8 % құрайды, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар -8,25 % , жүкті әйелдер - 1,87 %.

-Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда ауруханаға жатқызылған науқастардың саны 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,0 есеге өскен»,- дейді Абай облысының санитарлық –эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева. 

Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері облыста зертханалық расталған В тұмауының 24 жағдайы тіркелді.
Алдыңғы эпидемиологиялық маусымда тұмаудың А/H3N2 типі басым болды, бұл тұмаудың барлық жағдайларының 92,0 % және тұмаудың В типті түріне 8,0 % тиесілі болған.

Облыс аумағында тұмау вирустарының белсенді айналымы осы жылдың қазан айының басынан бастап ерте тіркелген.
«Қазіргі кезде облыстық инфекциялық балалар ауруханасында сырқаттарды емдеуге барлық жағдай жасалған. Алты қабатты ғимарат, орындар жеткілікті, қажетті дәрілердің бәрі, дәрігер мамандар бар. Бірақ ең бастысы облыс тұрғындары қажетті санитарлық талаптарды сақтап, ауырмаудың жолын іздеу керек»,- деп атап өтті облыстық инфекциялық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Сәуле Қаржаубаева.

Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мен тұмау аурушаңдығын төмендету мақсатында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакциналар сатып алынады. Биыл 65 мың доза вакцина жеткізілді, 79 913 адам екпе алды. Бұл екпеге жататын контингенттің және облыс халқының 11,7 %-ын құрайды.

«Тұмау өзінің асқынуларымен балаларда, созылмалы ауруы бар науқастар және қарттар арасында ауыр ағымда өтуімен қауіпті. Дене қызуы көтеріліп, сырқаттың белгілері болса дереу дәрігерге қаралу керек. Кейбір жерлестеріміз өздері емделіп жатады. Бұл дұрыс емес. Өздеріңізді өзіңіз емдегенді қою керек. Бұл сіздің денсаулығыңыз үшін өте қауіпті. Дәрігерлердің нұсқаулығымен ғана емделу керек.Әсіресе аналар балаларын емдегенде абай болу керек.Тек дәрігердің нұсқаулығымен ғана дәрілерді беру керек»,- екендігін ескертеді №9 поликлиниканың бас дәрігері Найла Альменова.

Алдағы жаңа жылдық мерекелер мен балаларға арналған демалыстарды ескере отырып, тұмау мен COVID-19 бір мезгілде таралуы халықтың денсаулығына қауіпті дейді сала мамандары.