
Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Орынбор қаласында «Халықаралық саудадағы инфрақұрылымдық шектеулерді жою» тақырыбында Ресей мен Қазақстан арасындағы XVIII өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды.
Форум Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының өңірлері арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалары мен бағыттарын талқылауға, екі жақты қатынастарды нығайтуға, іскерлік байланыстарды әртараптандыруға, сондай-ақ екі мемлекеттің билік және бизнес өкілдерінің қарым-қатынасына арналған алаң болып табылады.
Бизнес алаңдары таңғы 10-да жұмысын бастады. Форумның төрт панельдік сессиясы екі елдің көліктік-логистикалық әлеуетін бағалауға, қазіргі жағдайда кооперациялық жобаларды басқару перспективаларына, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды цифрландыру, жастар бизнес-жобаларын дамыту және қолдау мәселелеріне арналған.
Күннің екінші жартысы халықаралық сауданың инфрақұрылымдық шектеулерін еңсеруге арналған. Пленарлық отырыс шеңберінде Нұрлан Ұранхаев өңіраралық қатынастарды нығайту бойынша Абай облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, ортақ жобаларды іске асыруға, өзара тауар айналымын арттыруға және екі мемлекет азаматтарының тыныс-тіршілігінің барлық салаларында шекара маңы ынтымақтастығының ықпалы туралы баяндама жасады.
Мұнда Алтай өлкесінің Үкіметімен және Омбы облысының Үкіметімен екіжақты құжаттарға қол қойылады.
️Нұрлан Ұранхаевтың Қазақстан мен Ресей арасындағы ХVIII аймақаралық ынтымақтастық форумында айтқан тезистері:
-Трансшекаралық ынтымақтастық – экономикамыздың драйверлерінің бірі. Бұл біздің бүкіл тауар айналымының үлкен бөлігін құрайды және біз ынтымақтастығымызды белсенді дамытуға дайынбыз.
Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы кезеңде біздің облыстың жалпы тауар айналымының 95 пайызы немесе 500 миллион АҚШ доллары Ресей Федерациясының өңірлерімен шекаралық сауда арқылы қамтамасыз етілген.
Трансшекаралық ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі бірлескен кәсіпорындардың қызметі болып табылады. Облыста Ресейдің қатысуымен 130-дан астам компания жұмыс істейді. Бұл цифрларға тоқталмай, осындай кәсіпорындардың санын көбейту жолында жұмыс істеу маңызды.
-Іскерлік ынтымақтастықтың сәтті мысалы ретінде аймақта ресейлік капиталдың қатысуымен ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды айтуға болады. Бұл «Полиметалл» ААҚ, қазірдің өзінде олар салған инвестиция көлемі 200 млрд теңгеге жетті. «Русская Медная Компания» тобы жалпы құны 570 млрд теңгені құрайтын тау-кен байыту комбинатының құрылысы мен Айдарлы мыс кен орнын өнеркәсіптік игеру жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ресейлік серіктестер машина жасауды дамытуға атсалысуда. Облыс аумағында «СемАЗ» кәсіпорны базасында 11 миллиард теңге инвестиция тарту арқылы ГАЗ маркалы көліктерге арналған жинақтауыштарды шығару жобасы жүзеге асырылуда.
-Өңіраралық ынтымақтастықтың маңызды аспектісі дәстүрлі түрде екі мемлекеттің экономикасының негізгі секторы болып табылатын энергетика саласын айтуға болады.
Біз Семей қаласында қуаттылығы 1200 Гкал болатын жаңа жылу электр орталығының құрылыс жобасы бойынша жұмысты бастадық. Ресей энергетиктерінің үлкен әлеуеті мен жинақталған құзыреттерін ескере отырып, біз олардың жобаға қатысуын талқылауға дайын екенімізді білдіреміз.
-Біз ресейлік серіктестерімізді тау-кен және машина жасау салаларында әлеуеті зор аймақтағы жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамыз.
Біз өз тарапымыздан серіктестерімізге барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.
-Біздің аймақтың күштілігі – еліміздің екі ірі сауда серіктесі Қытай мен Ресейдің арасындағы қолайлы географиялық орналасуы. Облысымыздың транзиттік-көліктік инфрақұрылымы келешекте халықаралық көлік дәліздерін байланыстырушы буындарының біріне айналады деп сеніммен айтуға болады.
Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ғана Қазақстан мен Ресей арасындағы Абай облысы аумағы арқылы жүк айналымы 2,8 млн тоннаны құрағанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, Қытайдан транзиттік жүк ағыны Ресейге негізінен біздің облыс арқылы өтеді. Ал Ресей облыстары мен кері бағыттағы жолаушылар тасымалы 400 мыңға жуық адамды құрады.
-Тасымалдау динамикасын ескере отырып, ұзындығы 270 шақырымды құрайтын «Аягөз – Бақты – Қытай шекарасы» теміржол учаскесінің құрылысы жобасының жүзеге асырылуы өте тиімді болып көрінеді. Жоба Қазақстан және Ресей темір жолдарының тікелей қатысуымен инфрақұрылымды, оның ішінде «құрғақ портты» салуды көздейді. Жоба аяқталып, Қытай Халық Республикасымен 3-ші теміржол өткелі ашылғанда инфрақұрылымдық қуаттылық жылына 20 миллион тонна жүк тасымалына артады.
-Сондай-ақ Семей әуежайының әлеуетін одан әрі дамыту және кеңейту, оған бұрын болған әуе айлағы мәртебесін қайтару жобасы пысықталуда. Біз Ресей қалаларымен тікелей жолаушы және жүк рейсін ашу мәселесін талқылауға дайынбыз.
-Мен екі ел арасындағы кеме қатынасының дамуына тоқталғым келеді. Тарихқа көз жүгіртсек, 1970-1980 жылдары Ертіс өзеніндегі ішкі су көлігі жылына 9 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауды қамтамасыз еткен.
Өзен жүк тасымалының дамуын тежейтін негізгі фактор – кеменің өтуі үшін тиісті тереңдік пен ауқымының болмауы. Сондықтан Ертіс өзенінде тереңдету жұмыстарын бірлесіп жүргізу қажет деп санаймыз.
Бұл мәселелерді шешу біздің елдеріміз арасындағы жүк және жолаушылар тасымалының еселеп артуына әсер етіп, Қазақстан мен Ресей аймақтарының дамуына оң әсерін тигізеді. Ал Абай облысы үшін Азия мен Еуропаны байланыстыратын көпір және маңызды көліктік хабқа айналуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шаралардың барлығы «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамытуға одан әрі серпін береді.
-Трансшекаралық ынтымақтастықтың келесі өзекті бағыты инновациялық технологияларды пайдалана отырып агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жүзеге асыру болып табылады.
Ресейлік компаниялардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудегі мол тәжірибесін ескере отырып, біз серіктестерімізді агроөнеркәсіптік кешендегі, әсіресе қайта өңдеу саласындағы инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамыз.
-Өңіріміздің ерекше табиғи-климаттық жағдайы және 9 млн га ауылшаруашылық алқаптары агроөнеркәсіп саласының дамуына ықпал етуде. Біздің облыстың мал шаруашылығы саласында Қазақстандағы жетекші орындардың бірін алатынын мақтан тұтамыз. Бүгінгі таңда ірі қара, қой, ешкі саны 2 миллион басты құрайды.
-Мал шаруашылығын дамытудың басты факторы - жайылымдық жерлердің болуы. Қазақстан жалпы жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде 5-ші орында.
Бұл фактор бізге интенсивті мал шаруашылығын дамытуға, экологиялық таза және органикалық ет-сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Бұл әлемдік нарықта оның ішінде өнімдеріміздің негізгі әлеуетті сатып алушылары болып табылатын Қытай мен Парсы шығанағы елдерінде үлкен сұранысқа ие.
Жаңа жобалар біздің фермерлер үшін үлкен мүмкіндіктер мен жаңа нарықтар ашып, шикізаттық емес экспортты ұлғайтады және серіктестікті нығайтады.