2024 жылғы 19 ақпанда Абай облысының кәсіподақ орталығының ұйымдастыруымен әлеуметтік серіктестік бойынша мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Садырбаев, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Құдайбергенова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Сұлтанова, облыстық бақылау басқармасының (еңбек инспекциясы) басшысы Ч.Аманжолов, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Д, Сағынбеков, сондай-ақ салалық кәсіподақтардың облыстық филиалдарының төрағалары қатысты.
Жиын барысында облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы З.Исабаева 2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитетінің шешімімен Абай облысының кәсіподақ орталығының құрылғандығын хабарлады.
Бүгінгі таңда облыстық кәсіподақтар орталығы құрамында 55742 мүшесі бар 708 бастауыш кәсіподақ ұйымдары кіретін 9 салалық және 7 жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жұмысын үйлестіреді.
2024 жылды ҚРКФ «Лайықты еңбек жылы» деп жариялауына байланысты кәсіподақ орталығы өндірістегі жарақаттану деңгейін төмендету, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын азайту бойынша Жол картасы дайындалатындығы туралы, облыстық мәслихаттың «Еңбек» тобымен бірлесіп жұмыс жүргізілетіні туралы сөз қозғалды. Тоқсанына бір рет «Өндірістік жарақаттың алдын алу бойынша біріңғай күн» өткізу де жоспарланды. Кәсіподақ орталығы әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі 3 жақты облыстық комиссияның жұмысына белсене қатысатын болады. Заң клиникасын, «Келешек» жастар Кеңесін құру, гендерлік саясат бойынша жұмыстарды және еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған басқа да шараларды жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар, кездесу барысында 2024-2026 жылдарға арналған облыстық келісімнің жобасы талқыланды. Жиын соңында әлеуметтік серіктестермен кездесулерді тоқсанына кемінде бір рет өткізу ұйғарылды.