Білім бөлімінің жыл қорытындысы.

2024 жылы Абай облысында білім беру саласын дамытуда нақты қадамдар жасалды.

Облыста 226 мыңнан астам баланы қамтитын  561 білім беру мекемесі жұмыс істейді.

Мектепке дейінгі сапалы тәрбие мен оқытумен қамту мақсатында биыл Семей қаласында 2  жекеменшік мектепке дейінгі мекеме ашылып, 183 жаңа орын ұсынылды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі мекемелер 1466 орынға кеңейтілді. 2027 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2100 орындық 9 балабақша салу жоспарланып отыр.

Облыстағы 8700 оқушы орын тапшылығы мәселесі 4 жайлы мектептің, 6 шағын жинақты мектептің құрылысы арқылы шешіледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қосымша білім беруді дамыту мақсатында көпфункционалды Оқушылар сарайының құрылысы қолға алынды. 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Абай ауданында 40 орындық балалар жазғы лагері бой көтеруде.

Білім саласына жеке инвестициялар тарту нәтижесінде биыл «KAZ Minerals Management» қаржыландыруымен облыс орталығында 1200 орындық IT мектеп ашылса, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін дамыту мақсатында облыста IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі ашылды. Сондай-ақ қыркүйек айында АО «Қаражыра» жеке инвестициялары есебінен М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде 300 орындық концерт залы пайдалануға берілді.

 

Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, 46 мектепке 48 жаңа кабинет сатып алынды. 320 интерактивті панель орнатылып, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 4 тірек мектепке 1 млрд теңге көлемінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ауылдық 127 мектепте Старлинк жүйесі қосылып, интернет жылдамдығы 4 Мбит/с-тен 100-200 Мбит/с-ке дейін артты.

Облыс оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі білім додаларында жоғары жетістіктерімен көзге түсті. Республикалық олимпиадаларда 114 жүлделі орын, халықаралық байқауларда 25 медаль жеңіп алды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 39 медальға артық. Сонымен бірге WorldSkills кәсіби чемпионатында Абай облысының командасы республика бойынша көш бастады.

Әлеуметтік қолдау бағытында 311 білім беру ұйымында тегін ыстық тамақтану ұйымдастырылды. 54 мыңнан астам оқушы бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл көрсеткіш әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен бастауыш сынып оқушыларын қамтиды. (1-4 сыныптан - 40 353-і, әлеуметтік осал топтағы 5-11 сыныптардан - 13 807 оқушы).

Облыста балаларды сапалы біліммен, қауіпсіз және жайлы ортамен қамтамасыз ету негізгі басымдық болып қала береді. 2025 жыл да осы бағытта жетістіктерге толы болады деп сенеміз.

Дата публикации
19 декабря 2024