Жаңа зал, 1 қабат
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866–1937) – қазақтың XX ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист, алғашқы қазақ ұлттық «Алаш» партиясының және «Алашорда» үкіметінің төрағасы.
Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы 5 наурызда бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы. Ол Қарқаралы қаласындағы мектепті, Омбының техникалық училищесін бітіріп, Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетін тәмамдады. Өмір жолының басында-ақ халқына адал қызмет етуді мақсат еткен ол: «Тірі болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзіне адал болып, ақтық демі біткенше елі үшін еңбек етті.
Ғұлама ғалым әрі мемлекет қайраткері жалпыұлттық ауқымда өлшеусіз зор істер атқарды. Ол Ресейдің I Мемлекеттік думасының депутаты болып, қазақ халқының құқығы мен мүддесін қорғады. ХХ ғасырдың басында қазақ ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалап, тұңғыш саяси «Алаш» партиясын ұйымдастырды. 1917 жылы желтоқсанда өткен бүкілқазақлық құрылтайда ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы болып сайланды. Семей қаласының Ертістің сол жағалауындағы бөлігін Алаш қаласы деп атап, 1920 жылы автономия таратылығанға дейін Алашорда төрағасы болып, қазақ мемлекеттігі үшін аянбай қызымет етті. Қазақ жерінің тұтастығы мен шекарасын қорғау жолында күресті. Кеңес билігі тұсында да ел мүддесін қорғаудан бас тартпай, Қазақ автономиясының аумағын белгілеу мен жер мәселесін шешуге белсене қатысты. Алаш зиялысы, әйгілі ақын Сұлтанмахмұд Торайғырұлы ұлт көсемінің қайраткерлігі туралы «Әлиханның Семейге келуі» атты портреттік мақаласында оның қайраткерлік тұлғасы туралы тебіреністі толғап, шынайы баға берді.
Осы ауқымды республикалық және мемлекеттік қызметімен қатар, оның қасиетті Семей өңірі үшін атқарған еңбегі зор болды. Ол 1896–1903 жылдары Семей және Ақмола облыстары уездерінде қазақ жерін пайдалануды зерттеген Щербина экспедициясына қатысып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерттеді, Семейдің статистика комитетіне мүше болды және Орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесін ашуға атсалысты. Сондай-ақ Семейде ұлы Абай қайтыс болғанда баспасөз бетінде алғашқылардың бірі болып қазанама жазып, Абайдың ұлы Тұрағұл және немере інісі Кәкітаймен бірге ақынның өлеңдерін тұңғыш рет жинақтап баспаға әзірледі.
Бүкіл саналы ғұмырын ұлтының бостандығы мен дербестігіне арнаған қайраткер 1937 жылдың қыркүйегінде саяси қуғын-сүргін құрбаны болып атылып кетті. Оның туған халқы үшін жасаған өлшеусіз еңбегі мен қалдырған асыл мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге болып қалды.