Мәжіліс залы (овальный зал), 5 қабат
Серікболсын Әбділдин (1937–2019) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, «Қазақстанның тәуелсіздік декларациясына» қол қойған тарихи тұлға.
Серікболсын Әбділдаұлы қазіргі Абай облысы, Ақсуат ауданының Қызылкесік ауылында дүниеге келген.
Ол Алматы ветеринарлық институтын бітіріп, еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласынан бастады, кейін ғылыми қызметпен айналысып, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы сияқты маңызды құрылымдарда қызмет атқарды. Кеңестік кезеңде Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары және КСРО Министрлер кеңесіндегі Қазақ КСР тұрақты өкілі лауазымдарын иеленген ол, 1991 жылдың қазанынан бастап Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланып, ел тәуелсіздігінің алғашқы заңнамалық базасын қалыптастыруға зор үлес қосты.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қайраткер 1996–2010 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының Бірінші хатшысы болды, 1999 жылғы президент сайлауына үміткер ретінде қатысып, сондай-ақ 1999–2004 жылдары Мәжіліс депутаты ретінде парламенттік қызметтің деңгейін көтеруге белсене атсалысты. Өзінің принципшілдігімен және табандылығымен ерекшеленген Серікболсын Әбділдин 2010 жылы партия басшылығынан өз еркімен кетіп жатып, «әр нәрсенің шегі бар және бір лауазымға мәңгі ие болу мүмкін емес» деген сөзімен саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз, сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты әділетті баға беріп отыруымыз керек», – деп атап өте келе, Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Қайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керектігін және олардың отаншылдығы кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болуға тиіс екенін ерекше атап көрсетті.
2019 жылдың желтоқсанында дүниеден өткен қайраткердің ұлт мүддесіне адалдығы мен отаншылдығы кейінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге болып қала бермек.