Парта залы, 5 қабат
Кешірім Бозтайұлы Бозтаев (1933–1999) – қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Семей ядролық полигонын жабу жолында батыл қадам жасаған тарихи тұлға.
Кешірім Бозтайұлы 1933 жылы бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданының Ақшатау ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын қарапайым балқытушы болып бастаған ол кейін Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты партия комитетінің хатшысы, Қазақстан Компартиясы Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1987 жылы Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Ол Шығыс Қазақстан және Семей облыстары өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосты.
Кешірім Бозтаев 1989 жылы 20 ақпанда СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М. Горбачевтің атына шифрограмма (құпия шифрланған жеделхат) жолдап, Семей сынақ полигонында ядролық сынақтардың тоқтатылуын талап еткен тұңғыш азамат болды. КСРО әскери-өнеркәсіптік кешенінің қарсылығына қарамастан, ол полигонды жабу жолында 1991 жылға дейін үздіксіз күрес жүргізді және сол жылдары құрылған «Семей – Невада» қозғалысына басшы бола отырып жан-жақты қолдау көрсетті. Сонымен қатар, ол КСРО Қорғаныс министрлігінен ядролық сынақтардың радиациялық салдарлары туралы материалдарды жариялауды және бұл ақпараттарды Қазақстанға беруді, полигон маңындағы елді мекендерге қаржылық көмек көрсетуді, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды, сондай-ақ өңірдегі радиоэкологиялық жағдай мен халық денсаулығын тексеретін комиссия құруды талап етті.
Ол Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау» туралы Заңының және ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен тұрғындарды медициналық оңалту бағдарламасының авторы болып табылады. 1992 жылы Семей ядролық сынақ полигонының тарихына арналған «Семей полигоны», «Қайнар синдромы», «29 тамыз» кітаптарын шығарды. Сондай-ақ 1996 жылы Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлерімен бірге Халықаралық «Полигон – 29 тамыз» қоғамдық қайырымдылық қорын құрды, бұл қор 2002 жылы БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінде консультативтік статусқа ие болды.
Көпжылдық еңбегі және мемлекет пен қоғамға сіңірген айрықша қызметі үшін үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен, көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталды. Оған қоса, ол Семей және Аягөз қалаларының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу академиясының (Мәскеу) толық академик-мүшесі, «Экология» халықтық академиясының академигі және Семей мемлекеттік медициналық академиясының Құрметті профессоры атанды.
Қоғам және мемлекет қайраткері Кешірім Бозтайұлы 1999 жылы 7 тамызда Семей қаласында дүниеден өтті.