Кіші зал, 5 қабат
Смағұл Әлиұлы Сәдуақасов (1900–1933) – қазақ халқының XX ғасыр басындағы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, жазушы әрі Алаш зиялыларының көшбасшыларының бірі.
Смағұл Әлиұлы 1900 жылы бұрынғы Ақмола облысы, Шарлақ уезі, Қарой болысының Жарқын ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы) дүниеге келген. Оның саналы ғұмыры туған халқының бостандығы мен тәуелсіздігіне, оқу-ағартуы мен мемлекеттілігінің қалыптасуына арналды. Саяси күреске 1916 жылдан бастап араласқан жас Смағұл Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш ардагерлерінің көсемдік парасатынан тәлім алып, ел басқару ісіне белсене кірісті.
Қайраткердің өмір жолындағы ең жарқын әрі батыл қадамдарының бірі – 1921 жылғы Семей оқиғасы. Қазақ автономиясын мойындағысы келмеген Семей губерниялық атқару комитетінің әрекетіне қарсы шығып, Қазақ автономиясына тікелей бағынатын жаңа губком құрды. Негізгі ұлт – қазақтарды билік басына тартып, Семей аймағының Қазақстан құрамына толықтай қосылуына мұрындық болды. Бұл қызметте жүргенде уақытша төрағалық етіп, кейін бұл тізгінді Мұхтар Әуезовке тапсырды.
С. Сәдуақасовтың қайраткерлік болмысы ерекше танылған кезең – 1925–1927 жылдар. Бұл уақытта ол Қазақ АССР Халық ағарту комиссары әрі Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарды. Осы салаға басшылық жасай жүріп, жаңа талапқа сай мұғалімдер кадрын даярлауға және қазақ мектептерін ана тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты.
Алайда оның тәуелсіз ұстанымы Ф. Голощекиннің большевиктік саясатымен отаса алмады. Мекемелерді қазақыландыру, ұлт зиялыларын қорғау және экономикалық мәселелер бойынша орталықтың саясатымен келіспегені үшін қысымға ұшырап, қызметінен шеттетілді. Кейін Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметін атқарды, Мәскеуде көлік инженерлері институтын бітіріп, Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті.
Мемлекеттік қызметпен қатар әдеби-публицистикалық шығармашылықпен де айналысқан қайраткер «Сәрсенбек» романын, «Жастармен әңгіме», «Ұлт театры туралы» еңбектерін қалдырды.
Өмірінің соңына дейін әділдік пен ел мүддесін биік ұстаған Смағұл Сәдуақасов 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысындағы апатта небәрі 33 жасында дүниеден өтті. Оның есімі мен өмір жолы – бүгінгі қазақ баласы үшін мемлекетшілдік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.