Алдағы сайлауға дайындық аясында Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясы «Сайлау науқанын ұйымдастыру және өткізу» тақырыбында оқыту семинарын өткізді. Іс-шара каскадтық оқыту әдісі бойынша тәжірибеге бағытталған форматта ұйымдастырылып, жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып әзірленген бейнекейстер мен ситуациялық практикалық тапсырмалар қолданылды.
Семинарға Ақсуат ауданының аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Оқыту барысында сайлау комиссияларының сайлау процесінің барлық кезеңдеріндегі қызметін ұйымдастырудың негізгі мәселелері қарастырылды. Дауыс беру күні комиссиялардың жұмыс алгоритміне, негізгі рәсімдерді орындау тәртібіне және әртүрлі практикалық жағдайлардағы іс-қимылдарға ерекше назар аударылды.
Семинарға қатысушылардың назары азаматтарды сайлау науқанының барысы туралы ақпараттандыру, дауыс беру құпиясы қағидатын сақтау, сайлаушылар үшін қажетті жағдайлар жасау, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне аударылды.
Семинар қорытындысы бойынша Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, сайлау процесінің өзекті аспектілері бойынша қажетті түсіндірмелер берді.