Абай облысында 326 елді мекеннің (4 қала, 322 ауыл) 260-ы немесе 80%-ы сымды және мобильді интернетпен қамтылған.
2025 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі инвестициялық келісім жасалды. Келісім аясында облыстың 178 ауылдық елді мекенін талшықты-оптикалық байланыс желілері мен спутниктік байланыс арқылы қамту жұмыстары басталды.
Облыс бойынша жалпы ұзындығы 2 352,1 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жоспарланған. Қазіргі таңда 103,7 шақырым кабельдік кәріз құбыры төселіп, 18,1 шақырым оптикалық кабель тартылды. Жұмыстар бірқатар аудандарда кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жыл соңына дейін 86 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жоспарланған.
Сонымен қатар, мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерін байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. «Жезкент» өткізу пунктіндегі жұмыстар толық аяқталды, қалған өткізу бекеттерінде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.
Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын байланыспен қамту
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 40 антенна-діңгек құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі күні 33 жоба бойынша оң сараптама қорытындысы алынып, олардың басым бөлігі бойынша инвесторлар анықталды. Қалған жобалар бойынша сараптама және конкурс рәсімдері жалғасуда.
Алакөл туристік аймағын байланыспен қамтамасыз ету
Алакөл туристік аймағында интернет пен мобильді байланыстың сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. «Қазақтелеком» АҚ қаражаты есебінен алғаш рет талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, 100-ден астам демалыс орны интернетке қосылды.
Облыстық бюджет есебінен екі антенна-діңгек құрылымы салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде байланыс операторларының базалық станцияларының саны ұлғайып, туристік аймақтың байланыс сапасы айтарлықтай жақсарды. Сонымен қатар, Қабанбай ауылында қосымша байланыс инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде.
Байланыс қызметтерінің сапасына мемлекеттік бақылау
Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес жергілікті атқарушы органдарға байланыс қызметтерінің сапасына мемлекеттік бақылау жүргізу өкілеттігі берілді. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 63,1 млн теңге бөлініп, «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» РМК-мен келісімшарт жасалды.
Бекітілген жоспарға сәйкес елді мекендерде байланыс сапасына өлшеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде анықталған байланыс сапасы төмен аймақтарды жою бойынша байланыс операторларымен бірлескен жұмыстар жүзеге асырылады.
Цифрлық трансформация және Smart City
Өңірдің цифрлық дамуын жүйелі іске асыру мақсатында Абай облысының Цифрлық трансформация картасы бекітілді. Карта аясында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, экология, спорт, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және құрылыс салаларын қамтитын 11 негізгі бағыт айқындалды.
«Ақылды қала» тұжырымдамасы шеңберінде облыста 20 цифрлық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде 13 жоба Семей қаласында, 7 жоба аудан орталықтарында жүзеге асырылады. Негізгі жобалар қатарында ахуалдық орталық, бірыңғай байланыс орталығы 109+, бейнебақылау жүйесі, интеллектуалды көлік жүйесі, коммуналдық қызметтерді цифрландыру және IoT технологияларын енгізу көзделген.
Қазіргі уақытта Семей қаласы Smart City ұлттық рейтингінде 17-орында тұр. Қаланы үздік 8 қала қатарына енгізу мақсатында ахуалдық орталық құру, жол қозғалысын интеллектуалды басқару, білім беру ұйымдарының өрт қауіпсіздігін цифрландыру, контейнерлік алаңдарды цифрландыру, қаланың цифрлық көшірмесін әзірлеу, Алакөлдегі туристік нысандарды онлайн брондау жүйесін енгізу және «ActiveSportAbay» жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жоспарланған.