14 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу шеңберінде Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Сайлауды бақылау жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін, Жарғыдағы қызметке кіретін қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу мәселелері қаралды.
Отырысқа аккредиттеуге өтінім берген қоғамдық бірлестіктердің кейбір басшылары, сондай-ақ халықаралық байқаушылар, ЕҚЫҰ ДИАҚБ Миссиясының өкілдері Ричард Уилер мен Ганс Кристиан Невельсруд қатысты.
Жарғыларында сайлауды қадағалау жөніндегі қызмет көзделген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар аккредиттеуге жатады. Аккредиттеу туралы куәлік бір жылға беріледі.
Аккредитация алу үшін аумақтық сайлау комиссиясына 10 қоғамдық бірлестік өтініш берді. Бүгінгі таңда олардың барлығы аккредиттелген және Абай облысының барлық өңірлерінде бақылауды жүзеге асыра алады.
Байқау үшін аккредиттелген ұйымдардың тізімі Абай облысы әкімдігінің сайтында "сайлау" бөлімінде орналастырылған.


