1.Ауданның жаңадан құрылғаны баршамызға мәлім, бірақ құрамы мен аумағын барлығы білмейді. Жалпы ауданмен, оның құрылымымен таныстырып өтсеңіз. Жаңасемей ауданына қанша ауыл қарайды?
Баршаларыңызға мәлім, Жаңасемей ауданының әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасқан.
Ауданға 12 ауылдық округ 30 елді мекен және 2 кент кіреді.
Толығырақ айтсам, Жаңесемей ауданының халық саны 20 мыңнан астам адамды құрайды, аумақтың жалпы ауданы - 2 708,32 мың га.
Аудан өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту үшін қолайлы. Ауданда өнеркәсіп салаларының 7 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді
2.Жас ауданның әкімі болып тағайындалдыңыз. Аудан 100 пайыз қалыптасты деп айта алмаймыз. Аудан дамудың қай кезеңінде?
Иә, ауданымыздың жаңа құрылғаны рас және даму жолының бастапқы кезеңінде тұрмыз. Бүгінгі таңда ауданның аумағы бекітілді, барлық бөлімдер құрылып, тиісті басшылар тағайындалды. Қазіргі кезде бюджетті нақтылау және алдағы жылдың бюджетін жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Біздің басты мақсатымыз – халыққа қолайлы орта қалыптастыру. Осыған байланысты инфрақұрылымдық жобаларға ерекше көңіл бөлінуде.
3.Неге «Жаңасемей» атауы берілді?
«Жаңасемей» атауының берілуі тарихи негіздерге сүйенеді. Аудан алғаш рет 1928 жылы Семей округінің құрамында құрылған болатын. Сол кезден бастап аудан бірнеше рет қайта құрылып, жойылған. 2023 жылғы 28 желтоқсандағы ҚР Президентінің №424 Жарлығымен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жаңасемей ауданы төртінші рет қайта құрылды.
Ауданға «Жаңасемей» атауы берілуінің басты себебі – оның Семей қаласымен байланысы және жаңадан құрылып, дамып жатқанын көрсету. «Жаңа» сөзі ауданның жаңа өмірге қадам басып, жаңа мүмкіндіктерге ие болғанын білдіреді. Бұл атау ауданымыздағы өзгерістер мен болашақ жетістіктердің символы деп білемін.
4.Аудан орталығы болып Семей қаласы бекітілді. Неге осындай шешім қабылданды? Бұл ауданның дамуына кері әсерін тигізбей ме?
Әлбетте кері әсері болмайды, Семей қаласының аудан орталығы ретінде бекітілуі ауданның дамуына оның қосымша мүмкіндіктер мен ресурстарды тиімді пайдалану арқылы оң әсерін тигізуі ықтимал. Бұл жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктерге жол ашып, ауданның тұрақты әрі қарқынды дамуына серпін береді.
5.Кадр мәселесі қалай болып жатыр? Тапшылық бар ма?
Иә, сұрағығыңыз орынды. Кадр мәселесіне келсек, қазіргі таңда барлық бөлім басшылары мен орынбасарлар тағайындалды. Мамандардың бір бөлігі жұмысқа орналастырылған, бірақ әлі де бос орындар бар. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр және алдағы уақытта кадр тапшылығын толығымен шешеміз деп жоспарлап отырмыз.
6.Жаңасемей ауданының ауылдарын ауыз сумен қамту бойынша не айта аласыз? Ауыз су тапшылығы көп ауылда бар. Осы мәселе қалай шешіліп жатыр?
Жаңасемей ауданының ауылдарын ауыз сумен қамту мәселесі маңызды әрі өзекті болып отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шаған, Алғабас, Ақбұлақ және Приречное кенттерінде ауызсу жүйелері жаңғыртылды. Алдағы жылы Шаған кентінің тұрғындары үшін су желілері толығымен іске қосылып, әр үй таза ауызсумен қамтамасыз етіледі.
Биыл аудан бойынша 60 км-ден астам су құбыры тартылып, 100-ге жуық құдық орнатылды. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы Ақбұлақ және Алғабас ауылдық округтерінде қосымша 20 км-ден астам су құбыры салынып, 50-ге жуық құдық пен өрт гидранты орнатылады. Сонымен қатар, Шаған және Приречное ауылдарында су құбырын тарту үшін құрылыс-монтаж жұмыстары басталды, Шағанда 14,2 км су құбыры тарту жоспарланған. Бұл жұмыстар 2025 жылы толық аяқталады деп күтілуде.
Алдағы уақытта ауданның ауыз суға деген қажеттілігі толығымен қамтамасыз етіледі. Біз барлық жобаларды уақытында аяқтап, сапалы ауыз суға қолжетімділікті арттыруды мақсат етіп отырмыз, әрі бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастырамыз.
7.Интернет, байланысқа келер болсақ, аудан 100 пайыз қамтылған ба?
Интернет және байланыс мәселесі қазіргі заманда өте өзекті. Ауданды толық интернетпен қамтылды деп айта алмаймын, бірақ бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жаңасемей ауданының басым бөлігі интернет желісіне қосылған, алайда кейбір шалғай ауылдарда байланыс сапасын жақсарту қажет.
Бұл мәселені шешу біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Ауданымызда қосымша базалық станциялар орнату және интернет желісін кеңейту бойынша жұмыстар жоспарлануда. Мысалы, Ақбұлақ ауылында мектепте интернетке қол жеткізу бойынша ірі жоба іске асырылмақ.
8.Шаған кентіндегі мектепте болдыңыз ба? Мектеп санитарлық талапқа сай келе ме?
Иә, жақында Шаған кентіндегі мектепте болдым. Бұл білім ордасының жағдайы мен үшін өте маңызды болғандықтан, мектептің қазіргі жағдайын өз көзіммен көріп, санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеруді жөн көрдім.
Мектепті мұқият зерттегеннен кейін, кейбір мәселелердің бар екенін анықтадық. Сіздің әріптестеріңіздің ескертулері орынды: мектептің кейбір бөліктері санитарлық талаптарға толық сәйкес келмейді. Бұл жағдайды шұғыл түрде шешу қажет.
Алдағы уақытта шағын мектеп салу жоспары бар. Осы мақсатта тиісті сараптамалар өткізілгеннен кейін, облыс басшылығымен келісімге келе отырып, сметалық құжаттарды дайындауға кірісеміз. Білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен санитарлық жағдайы балаларымыздың денсаулығы мен болашағы үшін өте маңызды, сондықтан бұл мәселе біздің тұрақты назарымызда болады.
9.Абыралы өңіріндегі ауылдардың дамуына байланысты оң өзгерістер бола ма? Егістік пен мал шаруашылығына арналған жерлер жеткілікті ме?
Абыралы өңірінің дамуына қатысты оң өзгерістер міндетті түрде болады. Бұл аймақтың мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жерлері бар және ауыл шаруашылығы өңірдің негізгі салаларының бірі болып табылады. Сұрағыңыз өте орынды, өйткені өңірдің барлық салалар бойынша қарқынды дамуы аса маңызды.
Қазіргі уақытта егістік пен мал шаруашылығына арналған жерлер жеткілікті. Дегенмен, бұл жерлердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін жаңа агротехнологияларды енгізу, суару жүйелерін жетілдіру және жерді игеру жұмыстары жоспарлануда. Жергілікті тұрғындарға жайылымдық жерлерді дұрыс пайдалану және мал шаруашылығын дамыту бойынша қолдау көрсетілетін болады.
10.Знаменко ауылының суы уланып кеткен деген сыбыс бар. Рас па?
Знаменко ауылының суына қатысты ақпарат тексерілді. «Семей водоканал» мемлекеттік кәсіпорнының зерттеуіне сәйкес, ауыз су сапасы бойынша жағымсыз жағдайлар анықталмаған. Құдықтар дезинфекцияланып, санитарлық-техникалық жағдайы жақсартылған. Су сынамаларының нәтижелері гигиеналық стандарттарға сәйкес келеді. Сонымен қатар, кәсіпорын су сапасын тұрақты бақылап отырады. Осылайша, қазіргі таңда Знаменко ауылының суында проблемалар жоқ деп айтуға болады.
«Приречное» агрофирмасы құс фабрикасы орналасқан жер Жаңасемей ауданының әкімшілік-аумақтық шекарасына кіреді және Семей қаласының құрамына жатпайды. Қазіргі уақытта салық базасы толық ашылғаннан кейін, жер есепке алынып, салық есептілігі жасалады.
12.Тұрғындарды қабылдау қаншалықты жиі өткізіледі? Аптаның қай күндері?
Әкім болып сайланғаннан бері мен тұрғындармен үнемі кездесіп, олардың мәселелерін шешуге тырысамын. Арнайы қабылдау күндері белгіленбеген, бірақ жұмыс уақытында әрқашан тұрғындарды қабылдап, олардың мәселелерін талқылаймын. Қабылдау жиілігі мен күндері аудан немесе қаланың әкімшілігіне байланысты өзгереді. Осы жартыжылдықта мен 60-тан астам тұрғынмен кездесіп, олардың мәселелерін шешуге қолдау көрсеттік.
13.Инстаграм парақшаңызды өзіңіз жүргізбейтініңізді байқадық. Барлық жазбаларыңыз әкімдік парақшасымен бірге салынған жазбалар. Не себепті басқа әкімдер сияқты парақшаңызды өзіңіз жүргізбейсіз?
Instagram парақшамды жеке жүргізбеуімнің себебі — әкімдік парақшасымен бірігіп жұмыс істеу арқылы қызметіме қатысты ақпаратты тиімді әрі үйлесімді түрде жеткізе алуымыз. Бұл тәсіл бізге ақпаратты бірізді таратуға, тұрғындардың сұрақтарына жылдам жауап беруге және өзекті жаңалықтарды дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді.
Жеке парақша жүргізудің орнына әкімдік парақшасымен жұмыс істеуіміз ақпараттық саясатты үйлестіріп, әкімдік жұмысының ашықтығын арттырады. Қазіргі уақытта уақыт тапшылығына байланысты осы әдісті таңдадым. Болашақта жеке парақша жүргізуді қарастыру мүмкіндігі бар, бірақ қазіргі таңда әкімдік парақшасы арқылы тұрғындарға қажетті ақпаратты жеткізу мен үшін тиімдірек болып отыр.
14.Не себепті тұрғындардың жазған пікірлері (сұрақтары) жауапсыз қалады?
Тұрғындардың пікірлері мен сұрақтарының кейде жауапсыз қалуының себебі — әкімдік қызметкерлерінің жұмыс жүктемесінің көптігі. Желіні күн бойы бақылау мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, барлық сұрақтарға дереу жауап беру қиын болуы мүмкін. Біз тұрғындардың сұрақтарына жауап беруді жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
Егер сіздің сұрағыңыз жауапсыз қалса, оны қайта жіберуді немесе әкімдікпен басқа байланыс тәсілдері арқылы хабарласуды ұсынамыз. Әлеуметтік желіде жауап ала алмасаңыз да, біздің мамандар мәселені жеке қарастырып, сізбен байланысып, шешім табуға көмектеседі.
15.Әкімдік қызметіңізді биыл ғана, осы Жаңасемей ауданынан бастадыңыз. Аудан енді құрылды, сіз де жассыз. Қорқыныш болды ма? «Қалай болар екен? Қолымнан келмей қалады-ау...» деген ойлар болды ма?
Әкімдік қызметіне кіріскенде, әсіресе Жаңасемей ауданы сияқты жаңа құрылымда жұмыс істегенде қобалжу мен алаңдаушылықтың болуы табиғи. Бұған дейін 1.5 жыл Семей қаласының әкімінің орынбасары болып, ауылдық округтердің проблемаларын шешу және даму бағыттарын анықтау бойынша тәжірибе жинақтадым. Бірақ жаңа аудан мен жас әкім ретінде бұл қызметке кіріскенде жауапкершілік сезімі жоғары болды.
Алайда, кәсіби жауапкершілік мені алға жетеледі. Өз білімім мен тәжірибемді пайдалана отырып, ауданды дамытуға күш салуды шештім. Әрбір қиындықты шешу және жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін кәсіби дағдыларымды қолданамын.
16.Сіздің ең алғашқы жұмыс орныңыз? Қай жылы, неше жаста едіңіз?
2010 жылы университетті аяқтағаннан кейін екі айдан соң мемлекеттік қызметке қабылдандым. Сол уақыттан бері осы салада жұмыс істеп келемін. Мемлекеттік қызметке келу бала кезімнен арманыма айналған еді. 12 жыл ішінде мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибе жинап, еңбек өтілімді арттырдым. Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі өте жоғары, талап та қатаң.
17.Әр адамның мақсаты болады. Әкім боламын деген мақсат сізде болды ма?
Еліміздің дамуына сәл де болса өз үлесімді қоссам деген мақсатым болды. Әкім болу мен үшін тек бір қызмет емес, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру жолында маңызды рөл атқаратын жауапты міндет. Басшылық жасау жауапкершілікті еселеп күшейтеді, барлық ынта-жігеріңді, күш-қайратыңды, біліміңді жұмсауды талап етеді. Бір жерде көп жыл қызмет еткеннің үлкен пайдасы бар. Әр саланың өзіндік даму сипатын, қандай мүмкіндіктері бар екендігін жетік білесің. Бар жұмысты бір күнде орындай қою мүмкін еместігін түсінесің, әрине. Күрделі қаржыны қажет ететін тұстары көп қой. Әйтсе де, көпшілік болып жұмылса, алмайтын қамал жоқ. Сондықтан, әрдайым елмен, жұртпен тығыз байланыста жұмыс істеуге тырысамын.
Рет-ретімен барлық ауылдардың түйінді жайлары сәтімен шешіліп, жүзеге асырыла беретін болады. Алға қойған мақсат, мүддемізге сай өңіріміз өркендеп, келешегі кемелдене түседі. Біз ауданның болашағына үлкен сеніммен қараймыз..
35 жаста әкім болудың сыры, шын мәнінде, еңбек пен білімде жатыр. Үздіксіз еңбек пен табандылық нәтижесінде жетістікке жетуге болады. Тиімді басқару мен қиындықтарды жеңу үшін көп жұмыс істеу қажет. Сондай-ақ, білім мен кәсіби дайындық әкімдік қызметінде маңызды рөл атқарады. Жаңа идеяларды енгізу, мәселелерді шешу және стратегиялық жоспарлау үшін терең білім маңызды. Айтпағым әкім болу үшін жас ерекшелігі маңызды емес, бастысы – өз міндеттеріңді адал атқарып, білім мен еңбекті үйлестіре отырып, халықтың игілігі үшін жұмыс істеу қажет.