Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу – басты міндет
Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және халықтың билік институтына деген сенімін нығайту әрдайым заң үстемдігі, ашықтық пен өзара жауапкершілік қағидаттарына тікелей байланысты. Қоғам игілігі үшін адал еңбек ету және азаматтардың құқықтық мүдделерін қорғау – әрбір қызметшінің басты борышы. Осы орайда, Жаңасемей ауданында сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шаралары күнделікті жұмыстың маңызды бағытына айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөздерінде: «Мемлекет жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілерін анықтау ғана емес, жемқорлықтың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр» деп қадап айтқан болатын. Президенттің бұл стратегиялық ұстанымы әрбір мемлекеттік органнан сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын факторларды ерте сатыда анықтап, оларды жою бойынша кешенді және жүйелі әрекеттерді талап етіп отыр.
Бүгінгі таңдағы басты бағытымыз – кез келген құқық бұзушылықтың салдарымен күресу емес, оның алдын алуға қол жеткізу. Бұл үшін қабылданатын басқарушылық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, қызметтік жауапкершілікті күшейту және салалық тәуекелдерді ең төменгі деңгейге түсіру аса маңызды. Әрбір шығарылған шешімнің түпкі төркінінде халықтың мүддесі мен заң талаптары қатаң сақталуы тиіс.
Жаңасемей ауданында бұл бағыттағы іс-шаралар мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Жаңасемей ауданы әкімінің аппараты» ММ қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жасалды. Талдау барысында кадр саясаты, тәртіптік практика, мемлекеттік сатып алу процестері мен қызмет көрсету салалары жан-жақты зерделенді.
Атап айтқанда, персоналды басқару саласында кандидаттардан конкурстық комиссияның шешіміне шағымдар түскен жоқ, ал комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында байқаушылар мен сарапшылар шақырылады. Тәртіптік практикаға сәйкес, 2025 жылдың екінші жартыжылдығында тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар: «ескерту» – 5, «сөгіс» – 5, «қатаң сөгіс» – 1, ал 2026 жылдың 6 айында: «ескерту» – 13, «сөгіс» – 2 болды. Мемлекеттік қызметшілердің жеке істерінде ант беру мәтіні, әдеп нормалары және сыйлықтарды тапсыру жадынамалары қатаң қарастырылған.
Жалпы және ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің қызметінде нормативтік-құқықтық актілер қатаң сақталып, 2025 жылдың екінші жартыжылдығында 98 акт, ал 2026 жылдың 6 айында 223 акт қабылданды (олқылықтар мен дискрециялық тәуекелдер анықталған жоқ). Қаржы-шаруашылық бөлімінде мемлекеттік сатып алулар электрондық портал арқылы жүзеге асырылып, тауарларды қабылдау мен конкурс рәсімдерінде ешқандай шағымдар мен тәуекелдер тіркелген жоқ.
Сонымен қатар, спорт және мәдениет саласында 2026 жылы бірқатар ауқымды түсіндіру шаралары ұйымдастырылды:
Бұдан бөлек, экономика және қаржы бөлімінің жұмысына тоқталсақ, бөлімде 2 мемлекеттік қызметкер қызмет атқарады. «е-Өтініш» жүйесі арқылы келіп түскен 7 өтініштің барлығы толығымен қанағаттандырылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 5 адамға баспана сатып алуға 39 млн 320 мың теңге бөлінсе, 10 адамға көтерме жәрдемақы ретінде 3 млн 932 мың теңге берілді.
Сонымен қатар Білім бөлімінде, мектептерде және Мемлекеттік кірістер басқармасында да сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіліп, тиісті іс-шаралар жоспарлары бекітілді. Ал квазимемлекеттік сектор ұйымдарында (соның ішінде Қайнар ауылы мен Жаңасемей ауданының мәдениет үйлері мен кітапханаларында) «Жемқорлықсыз қоғам – нұрлы болашақ кепілі» атты түсіндіру жиындары өткізіліп, есепті кезеңде мүдделер қақтығысы немесе заң бұзушылық деректері тіркелген жоқ.
Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі тек қағаз жүзіндегі есеппен емес, тәуекелдердің азаюымен, басқару сапасының артуымен және қабылданған шаралардың күнделікті тәжірибеге енуімен өлшенуі тиіс. Сондықтан әрбір ұсынымның орындалуына ерекше назар аударылады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – бұл уақытша науқан емес, мемлекеттік аппараттың тұрақты әрі үздіксіз жұмыс форматы. Әрбір мемлекеттік қызметші өз міндеттерін атқару кезінде әділдікті, адалдықты және заң талаптарын басшылыққа алуы тиіс. Халықтың сенімі – ең жоғары баға және ол тек күнделікті адал еңбек арқылы ғана нығаяды.
Алға қойылған мақсат – мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтықты арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін түбегейлі төмендету және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту. Жаңасемей ауданында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Жаңасемей ауданының әкімі
Нұржан Әбдікәрімов