
Ұлы Абай шығармашылығына арналған мәдени шара туралы ақпарат
Ағымдағы жылдың қараша айында аудандық Е.Рахмадиев атындағы саз мектебі ұжымы мүмкіндігі шектеулі балалар қатысуымен ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаевтың шығармашылығы арқылы адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулуға бағытталған «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты лекция-концерт түрінде мәдени-шара өткізді.
Мекеменің акт залы Абайдың портреті, шығармалары, кітаптары, нақыл сөздері жазылған плакаттар ілініп әсем безендірілумен қатар, Абай туралы слайдтар көрсетілді.
Шара жүргізушісі мекеме мұғалімі А.А.Нурбосынова балаларды Абайдың өмірімен, шығармашылығымен қара сөздерімен таныстырды.
Саз мектебінің ұстаздар ұжымы мен оқушылары Абай өлеңдері мен поэмаларының идеясын аша мәнерлеп орындап, ақынның өлеңдеріндегі адам бойындағы жағымсыз мінез-құлықтар мен жағымды қасиеттерін мүмкіндігі шектеулі балаларға жете түсіндірді. Ақынның қара сөздері арқылы балалардың рухани байлығы, адамгершілік қасиеттері қалыптастырылып, олар адами сезімді қастерлеуге, сүйіспеншілік, ішкі рухани тазалыққа бейімделді.
Ұстаздар мен саз мектебінің оқушылары – Баутинов Дәулет Тлеуханұлы, Жакупбекова Арайлым, Маулетов Ельдар, Оңдабаев Әли және вокалдық топ Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ» және Абай қазақ тіліне аударған «Татьянаның әні» ияқты халық арасына кең тараған әндерін нақышына келтіре орындап, ән құдіретін әсерлі әуенмен бейнелеп балалар жүрегіне жеткізе білді. Қобыз ансамблінің және фортепиано сыныбының оқытушысы Колесникова Вера Александровна орындаған «Көзінің қарасы» шығармасын балалар тебірене тыңдады.
Шара соңында қатысушы мүгедек балаларға саз мектебі естелік сыйлықтар таратылды.
Осы бір әсерлі шара арқылы балаларды халқымыздың біртуар перзенті Абай өмірімен таныстырып, жаман мен жақсының не екенін түсіндіріп, Абай шығармаларымен жұмыс істеу арқылы өлеңге, әнге деген әуестіктерін арттырған саз мектебінің ұжымына зор алғыс білдіреміз.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Л. Дуйсенова