Үржар аудандық «Уақыт тынысы» («Пульс времени») газеті редакциясы ЖШС 2025

 

Үржар аудандық «Уақыт тынысы» («Пульс времени»)

газеті редакциясы ЖШС

Газеттің тарихы өте бай. Үржар аудандық «Красное Знамя» - «Қызыл Ту» газеті 1934 жылдан бастап шығады. 

1969 жылы Мақаншы Үржар ауданынан бөлініп шығып, қайта шаңырақ көтерген кезде аудандық газет «Ленин туы»-«Ленинское знамя»  деп аталып, бас редакторы Оразбек Бекбосынов, орынбасары Сүйеубай Байқадиев болса, газеттің бұдан кейінгі редакторы Мерлен Тұраров, орынбасары болып Амангелді Бөгісов, Мәриямгүл Ақажанова, Мұратқазы Саябаев жауапты хатшысы кейіннен редактор болған Мақсұт Абылғазин, Серікхан Нұрсұлтанов, Жұман Тыныбаев, Балхаш Дөштаев, Қуанышбек Қазымбеков, Аманжан Жақұпов, Ғабдолла Буланов, Бауыржан Әміренов, Валентина Меренова, Жанат Сәмбеталиева, Жамалқан Байдәулетова, Қадірқан Базылжанова, Әріп Сапаров, Раушан Кәрібжанова, Жұмабай Есенбақов, Камила Есмұқанова, Татьяна Борисова еселі еңбек етті. 

Егемендік қолға тиіп, жаңа дәуірдің желі ескенде Үржар, Мақаншы аудандарының газеті «Уақыт тынысы» («Пульс времени»), «Ақжол» болып өзгерді. Заман талабына орай газет қызметкерлері ұлттық танымды салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарихи тұлғаларды, ашаршылық, 1937 жылғы зобалаң, жеке басқа табынудың өн бойына үңіліп, ел сусап отырған тарихи құбылыстарды ашып жаза бастады.

Үржар аудандық «Уақыт тынысы» газетінің редакторы Аманғали Жақсыбаев болды. 1997 жылы Мақаншы Үржар ауданына қосылған кезде «Ақжол» газеті жабылды. Екі ауданның халқына аудандық «Уақыт тынысы» («Пульс времени») газеті өз бетін айқара ашты. Редакторы Сәбит Шөмшеков болды. Бұдан кейінгі редакторлық тізгінді Зоя Буланова алып, ол кісі зейнеткерлікке шыққан соң бүгінде газет редакторы, журналист, аудандық мәслихаттың депутаты Бейсенбек Зухра Нұржанқызы атқаруда.

Аудандық газет журналистері Әсет ақынның 150 жылдығын, ауданның құрылғанына 90 жылдық мерейтойларын өз деңгейінде өткізуге зор үлес қосты. Жарқ еткен жақсылықты көпшілікке жария етуге ат салысып отырған аудандық «Уақыт тынысы» («Пульс времени») газетінде бүгінгі таңда ардагер журналистер мен бірге жас тілшілер де жаңа заманға сай, қабілет-қарымымен, қаламсап ұшымен еңбек етіп келеді.

 

  Әлемдегі және елдегі өзгерістерге байланысты газет өзгерді. Қазір газет аптасына 1 рет, А3 форматында 8 бетте шығады. Жазылушылар саны 5 мыңнан асады.

Мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеу үшін редакциямен жалпы медиа жоспар жасалынады. Ақпараттық тәртіп бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы, елдің, облыстың, ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы туралы мақалалар жарияланады.

Директор – редактор: Бейсенбек Зухра Нұржанқызы

Мекенжайы: Үржар ауданы, Үржар ауылы, Абылайхан даңғылы, 116 үй. Телефондары: Үржар (8 722 30) 3-36-11, 3-48-44.

Дата публикации
14 апреля 2025