Абай облысында алдағы жылдары су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында айтылған. Аталған жоспар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 28 тамыздағы №694 қаулысымен бекітілген.
Құжатқа сәйкес, Абай облысының бірқатар аудандарында алты жаңа су қоймасы салынады. Атап айтқанда: Қаракөл өзенінде – Үржар ауданы, Келді-Мұрат өзенінде – Үржар ауданы, Қарғыба өзенінде – Ақсуат ауданы, Базар өзенінде – Ақсуат ауданы, Кіші Бөкен өзенінде – Көкпекті ауданы, Көктерек өзенінде – Мақаншы ауданы.
Қазіргі уақытта Су шаруашылығы комитеті Қаракөл және Қарғыба өзендеріндегі су қоймасын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде.
Аталған су қоймалары ауыл шаруашылығына қажет суды жинақтауда, тасқын суларды ұтымды пайдалануда және өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады деп күтілуде.
Кешенді жоспар жаңа нысандардың құрылысын ғана емес, сондай-ақ алты коммуналдық гидротехникалық құрылысты қайта жаңғыртуды қамтиды. Атап айтқанда: Щербаков су қоймасы, Үлкенбөкен су қоймасы, Талменка, Әлімба және Половинкий тоғандары, Колхозный жинақтаушы тоғаны.
Бұл нысандар еріген және жауын-шашын суларын жинап, оларды ауыл шаруашылығына пайдалану үшін арналған. Қазіргі уақытта «Абай су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы нысандар бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде.
Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК теңгерімінде тұрған 17 ирригациялық жүйені қайта жаңғырту жоспарлануда. Бұл бағытта да Су шаруашылығы комитеті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған қадамдар өңірдегі суармалы жерлерді сапалы сумен қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.