ТАЛДАМАЛЫҚ АНЫҚТАМА
Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері бойынша
Семей қаласы 2025 жылғы 27 тамыз
«Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына, сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы №410-V Заңына сәйкес жүргізілді.
Басқарма басшысының 2025 жылғы 2 маусымдағы №106 бұйрығы негізінде Жұмыс тобы 2025 жылғы 2 маусым мен 2 шілде аралығында Басқарма қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау келесі бағыттар бойынша жүргізілді:
– мемлекеттік қызметтер көрсету;
– Басқарманың рұқсат беру функцияларын іске асыру.
Аталған рәсім «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №488 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері мен мемлекеттік тілдегі атауы бар мөртаңбаларына, белгіленген үлгідегі бланкілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттарына ие.
Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, Абай облысы әкімдігінің қаулыларына, Абай облысы әкімінің шешімдері мен өкімдеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Басқарма туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
Басқарманың негізгі міндеттері:
– орман және аңшылық ресурстарын, су объектілерін ұтымды пайдалануды мемлекеттік реттеу және қамтамасыз ету;
– орман, су және аңшылық шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;
– өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігін, сондай-ақ жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың типтік, бірегей және сирек ландшафттарын сақтау.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау Басқармада бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жөніндегі жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылды.
Басқарма келесі мемлекеттік қызметтерді көрсетеді:
– жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру;
– II санаттағы объектілер үшін қоршаған ортаға әсер етуге экологиялық рұқсаттар беру;
– III санаттағы объектілер үшін мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру.
Ағымдағы жылы Басқарма тарапынан 386 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде:
– 57 – II санаттағы объектілер үшін қоршаған ортаға әсер етуге экологиялық рұқсат;
– 95 – III санаттағы объектілер бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы;
– 234 – жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат. Оның ішінде: аңшылық – 73; балық аулау – 159; ғылыми мақсатта – 2.
Ішкі талдау барысында Басқарма көрсететін мемлекеттік қызметтерге талдау жүргізілді. Талдау қорытындысы бойынша барлық мемлекеттік қызметтердің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес көрсетілетіні анықталды. Мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде (оның ішінде мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу барысында) лауазымды адамдардың өздерінің қызметтік өкілеттіктерін материалдық пайда табу немесе жеке мүдделерін қанағаттандыру мақсатында пайдалануына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.