Суды үнемдеу және су ресурстарын ұтымды пайдалану бөлімі туралы
ЕРЕЖЕ
- Жалпы ережелер
- Суды үнемдеу және су ресурстарын ұтымды пайдалану бөлімі (бұдан әрі -бөлім) Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының (бұдан әрі-Басқарма) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
- Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
- Бөлімнің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамы бекітеді.
- Бөлімнің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
Негізгі міндеттері:
- су объектілерін мемлекеттік реттеу және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету;
- су шаруашылығын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу.
Функциялары:
- бассейндік су шаруашылығы басқармасының, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша су қорғау аймақтарын, белдеулерін белгілеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
- бассейндік су шаруашылығы басқармасының келісімі бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін шаруашылық пайдаланудың режимі мен ерекше жағдайларын белгілеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
- су объектілерін ұтымды пайдалану және қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаларды әзірлеуді жүзеге асырады, олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
- суды ұтымды пайдалану және су объектілерін қорғау жөніндегі бассейндік бағдарламаларды іске асыруды жүзеге асырады;
- жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін әзірлейді;
- мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы құрылыстарының есебін жүргізеді, иесіз су шаруашылығы құрылыстары анықталған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген рәсімдерді жүргізеді;
- су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде судың жай-күйіне, сондай-ақ құрылыс, түбін тереңдету және басқа да жұмыстарды жүргізу жағдайларына әсер ететін кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыруды келіседі, қабылдауды және пайдалануға беруді жүзеге асырады;
- облыс аумағында су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;
- су шаруашылығы құрылыстарының аварияларының салдарын жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады.
- бассейндік кеңестердің жұмысына және бассейндік келісімдерге қатысады;
- суды үнемдеу мәселелері бойынша мониторинг және үйлестіруді жүзеге асырады.
Құқықтары мен міндеттері
- кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларын, сондай-ақ азаматтарды табиғат қорғау, су қорғау заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша тыңдау;
- су ресурстарын қорғау және оларды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұрату және алу;
- өз қызметі туралы ақпаратты тарату;
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес су ресурстарын, табиғат қорғау бағдарламаларын пайдалануды және қорғауды реттеу мәселелері бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
- табиғи ресурстарды қорғау және оларды ұтымды пайдалану мәселелері бойынша мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан статистикалық және басқа да қажетті ақпаратты сұрату және алу;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен меншік нысандары мен бағыныстылығына қарамастан ұйымдарға және басқа да объектілерге бару;
- табиғат қорғау заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларын, сондай-ақ азаматтарды тыңдау.
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес табиғи ресурстарды қорғау және табиғат пайдалануды реттеу мәселелері бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
- Бөлімнің қызметін ұйымдастыру
- Бөлім заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес оның негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерге ие;
- Бөлімді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын бөлім басшысы басқарады;
- Бөлім басшысы бөлімнің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады;
- Бөлім басшысы бөлім қызметкерлері арасында міндеттерді бөледі және олардың Басқарма басшылығының лауазымдық міндеттері мен тапсырмаларын орындауын бақылайды, бөлімнің жұмысын жоспарлайды және ұйымдастырады;
- Бөлім басшысы басқарма басшысына бөлімдегі кадр мәселелерін шешу, Бөлім қызметкерлерін көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізеді;
- Басқарма басшысы берген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;
- Бөлімді басқарма басшысы қайта ұйымдастырады, ал облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес таратылады.