4) ұзақ мерзімді болжау қағидаты: экологиялық бағалау объективті болжанатын ұзақ мерзімді перспективадағы әлеуметтік-экономикалық дамуды және қоршаған орта сапасын ескере отырып, белгіленіп отырған қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асырудың әсерін ескеруге тиіс;
5) кешенділік қағидаты: экологиялық бағалау шеңберінде олардың белгіленіп отырған қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асырудың барлық экологиялық, технологиялық, техникалық, ұйымдастырушылық-өндірістік, әлеуметтік және экономикалық аспектілерінің өзара байланысында қарастыру;
6) үйлесімділік қағидаты: белгіленіп отырған қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асыру жергілікті халық өмірінің сапасын және басқа, оның ішінде ауыл, су және орман шаруашылығы салаларындағы қызмет түрлерін жүзеге асыру жағдайларын нашарлатуға алып келмеуге тиіс;
7) икемділік қағидаты: экологиялық бағалау шеңберінде қаралуға жататын қоршаған ортаға әсер ету түрлері, сондай-ақ қажетті зерттеулердің ауқымы, тереңдігі мен бағыттары әрбір жағдайда белгіленіп отырған қызметтің немесе әзірленетін құжаттың нақты сипатына қарай, оның ішінде осы Кодекске сәйкес қамту саласын айқындау арқылы жеке-дара айқындалады.
1. Стратегиялық экологиялық бағалау деп осы Кодекстің 53-бабында көзделген сатыларды қамтитын, осы Кодекстің 52-бабының 3-тармағында санамаланған салалардағы мемлекеттік бағдарламаларды, елді мекендердің аумақтары мен бас жоспарларын дамыту бағдарламаларын (бұдан әрі Кодекстің осы тарауының мақсаттары үшін – Құжаттар) іске асырудың қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер етуін тиісінше зерттеулер негізінде анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі түсініледі.
2. Стратегиялық экологиялық бағалау Құжатты әзірлеудің бүкіл процесі бойы жүргізіледі және оған Құжатты әзірлеудің қоршаған ортаға мұндай Құжатты іске асырудан туындауы мүмкін барлық елеулі жағымсыз әсер етуді уақтылы анықтауға әрі зерделеуге және Құжатты одан әрі әзірлеу және бекіту кезінде мұндай әсер етуді болғызбау немесе егер толық болғызбау мүмкін болмаса, барынша азайту жөніндегі барлық қажетті шараны ескеруге мүмкіндік беретін бастапқы сатысында бастама жасалуға тиіс.
3. Егер стратегиялық экологиялық бағалауды жүргізу міндеттілігі осы Кодексте көзделсе немесе Құжаттардың әсеріне скрининг нәтижесінде айқындалса, оны жүргізбей Құжатты бекітуге, іске асыруға және онда көзделген іс-шараларды қаржыландыруға тыйым салынады.
4. Жоғары тұрған деңгейдегі Құжаттарды стратегиялық экологиялық бағалау нәтижелері төмен тұрған деңгейдегі Құжаттарға стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу кезінде ескерілуге тиіс.
5. Төмен тұрған деңгейлерде әзірленетін Құжаттарды стратегиялық экологиялық бағалау нәтижелері жоғары тұрған деңгейлерде әзірленетін Құжаттарға стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу кезінде ескерілуге тиіс.
6. Стратегиялық экологиялық бағалау, сондай-ақ Құжаттардың әсеріне скрининг осы Кодекске және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі.
1. Стратегиялық экологиялық бағалау нысанасы іске асырылуы қоршаған ортаға елеулі әсер етуі мүмкін Құжаттардың жобалары, сондай-ақ қолданыстағы Құжаттарға енгізілетін, іске асырылуы қоршаған ортаға елеулі әсер етуі мүмкін өзгерістер және (немесе) толықтырулар болып табылады.
2. Қолданыстағы Құжатқа іске асырылуы қоршаған ортаға елеулі әсер етуі мүмкін өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда мұндай қолданыстағы Құжат оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін жобамен бірге стратегиялық экологиялық бағалауға жатады.
3. Осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыл шаруашылығын, орман шаруашылығын, балық аулауды, энергетиканы, өнеркәсіпті (пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруді қоса алғанда), көлікті, қалдықтарды басқаруды, су шаруашылығын, телекоммуникацияларды, туризмді, қалалық және ауылдық аумақтарды дамытуды жоспарлауды, жерді пайдалану мен қорғауды дамытуға бағытталған Құжаттар міндетті стратегиялық экологиялық бағалауға жатады.
4. Осы баптың 3-тармағының қолданылу аясына жатпайтын Құжаттардың жобалары, егер олар қоршаған ортаға әсер ететін қызметке қатысты "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен рұқсаттар беру немесе хабарламалар қабылдау шарттары болып табылатын немесе болуы мүмкін ережелерді көздесе және егер стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу қажеттігі осы Кодекстің 55-бабына сәйкес жүргізілетін Құжаттардың әсеріне скринингтің нәтижелері бойынша белгіленсе, міндетті стратегиялық экологиялық бағалауға жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері осы баптың 6-тармағында көрсетілген құжаттарға қолданылмайды.
5. Осы баптың 3-тармағында санамаланған Құжаттарға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде, егер Құжаттардың әсеріне скринингтің нәтижелері бойынша мұндай өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға стратегиялық экологиялық бағалау жүргізудің қажет емес екені белгіленсе, стратегиялық экологиялық бақылау жүргізілмейді.
6. Мыналар:
1) қаржы және бюджет салаларындағы құжаттар;
2) жалғыз мақсаты қорғанысты, ұлттық қауіпсіздікті, азаматтық қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету болып табылатын құжаттар міндетті стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуді талап етпейді.
Стратегиялық экологиялық бағалау мынадай сатылардан тұрады:
1) осы Кодексте белгіленген өлшемшарттар негізінде, оның ішінде осы Кодексте көзделген жағдайларда – Құжаттың әсеріне скринингтің нәтижелері бойынша стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу қажеттігін айқындау;
2) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау;
3) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дайындау;
4) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын бағалау;
5) Құжаттың жобасы бекітілгенге дейін оны стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепке сәйкестігі тұрғысынан қарау;
6) Құжаттың қоршаған ортаға елеулі әсер етуінің мониторингі.
1. Құжатты әзірлеуші мемлекеттік орган стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты болады.
2. Құжаттарды әзірлеуші мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына сәйкес жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын және мүдделі жұртшылықтың Құжатты әзірлеу мен бекітудің барлық кезеңінде қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға қатысу құқығын қамтамасыз етуге қатысады.
3. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дайындауды, стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу процесінде өзге жұмыстарды орындау мен өзге қызметтерді көрсетуді әзірлеуші мемлекеттік орган дербес өзі және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сыртқы сарапшыларды тарту арқылы қамтамасыз етеді.
1. Құжаттардың әсеріне скрининг осы баптың 3-тармағында белгіленген өлшемшарттар негізінде стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу қажет немесе қажет емес екенін айқындау мақсатында жүзеге асырылатын, Құжаттарды іске асыру кезінде қоршаған ортаға әлеуетті елеулі әсер етуін анықтау процесін білдіреді.
2. Құжаттардың әсеріне скрининг жүргізу осы Кодекстің 52-бабы 4 немесе 5-тармағының қолданылу аясына жататын барлық Құжат үшін міндетті.
3. Құжаттың әсеріне скрининг мынадай өлшемшарттардың негізінде жүргізіледі:
1) қоршаған ортаға әсер етуге байланысты тәуекелдерді ескеру және Құжаттың орнықты дамуға жәрдемдесу мақсаттарына сәйкестігін қамтамасыз ету қажеттігі тұрғысынан Құжаттың өзектілігі;
2) қызмет орны, түрі, ауқымдары, жағдайлары, табиғи ресурстар мен оларды пайдалану жағдайларының бар-жоғы ескеріле отырып, Құжат белгілейтін қызмет түрлерін іске асыру мүмкіндіктері;
3) мұндай Құжаттың өзге де Құжаттарды іске асыруға әсер ету дәрежесі;
4) Құжаттарды іске асыру кезінде, оның ішінде халықтың денсаулығына әсер ету тұрғысынан экологиялық тәуекелдер;
5) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын және халықаралық міндеттемелерін орындау тұрғысынан Құжаттың өзектілігі;
6) салдарлардың ықтималдығы, ұзақтығы, жиілігі және қайтымдылығы, салдарлардың шоғырланушылық сипаты, әсер етудің шамасы және кеңістіктікте созылуы (географиялық ауданы және оған қатысы бар халықтың саны) сияқты Құжатты іске асырудың экологиялық салдарларының ерекшеліктері;
7) Құжатты іске асыру кезендегі салдарлардың трансшекаралық сипаты;
8) Құжатты іске асырудың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілері, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты экологиялық желі элементтері, сирек кездесетін және жойылу қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің табиғи ареалдары, тарихи-мәдени мұра объектілері, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер үшін ықтимал салдарларының дәрежесі мен сипаты;
9) Құжаттың өзіне қатысты бұрын стратегиялық экологиялық бағалау жүргізілмеген не жүргізілсе де Құжатты іске асырудың барлық ықтимал экологиялық салдарларын жеткілікті түрде зерделеу қамтамасыз етілмеген ықтимал экологиялық салдарларын бағалау қажеттігі;
10) Құжатқа ұсынылатын, өзіне қатысты бұрын стратегиялық экологиялық бағалау жүргізілген өзгерістердің сипаты.
4. Құжаттардың әсеріне скрининг жүргізуді Құжатты әзірлеуші мемлекеттік орган Құжатты әзірлеудің бастапқы сатысында ұйымдастырады.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Құжаттардың әсеріне скринингті:
1) осы Кодекстің 59 және 60-баптарында белгіленген тәртіппен және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес мүдделі жұртшылықтан және мүдделі мемлекеттік органдардан алынған ескертпелер мен ұсыныстарды;
2) осы Кодекстің 80-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз болған кезде трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу қажеттігін ескере отырып жүргізеді.
6. Құжатты әзірлеуші мемлекеттік орган Құжаттың әсеріне скринингке бастама жасау үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға мына құжаттарды:
1) Құжатты іске асырудың негізгі бағыттары мен мерзімдері туралы ақпарат қамтылған оның жобасын;
2) Құжатты іске асыру жоспарланатын аумақтың сипаттамасын;
3) Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға , адамның өміріне және (немесе) денсаулығына әлеуетті әсер етуінің жалпы сипаттамасын жібереді.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 6-тармағында көрсетілген құжаттар алынғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оларды ресми интернет-ресурста орналастырады және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 59-бабына сәйкес мүдделі органдар ретінде айқындаған барлық мемлекеттік органға бұл туралы хабарлайды, ал әзірлеуші мемлекеттік орган осы мерзімде мүдделі жұртшылыққа бұл туралы осы Кодекстің 60-бабының 5-тармағында көзделген тәсілдермен хабарлайды.
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган алынған құжаттарды осы баптың 3-тармағында анықталған өлшемшарттар негізінде және мүдделі мемлекеттік органдардан және жұртшылықтан келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып қарайды, стратегиялық экологиялық бағалау жүргізудің қажет немесе қажет емес екені туралы қорытынды (бұдан әрі – Құжаттың әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытынды) дайындайды.
Егер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Құжатты іске асырудың ықтимал экологиялық салдарларының елеулі емес екені туралы тұжырымға келсе, Құжаттың әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыда осындай Құжатқа стратегиялық экологиялық бағалау жүргізудің қажет емес екені туралы тұжырым көрсетіледі.
Егер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Құжатты іске асырудың ықтимал елеулі экологиялық салдарлары туралы тұжырымға келсе, Құжаттың әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыда осындай Құжатқа стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу қажеттігі туралы тұжырым көрсетіледі.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 10-тармағында көрсетілген мерзімнен кешіктірмей, әзірлеуші мемлекеттік органға Құжаттың әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыны жібереді және мұндай қорытындының көшірмесін ресми интернет-ресурста орналастырады.
10. Құжаттың әсеріне скрининг жүргізу мерзімі осы баптың 6-тармағында көрсетілген құжаттарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган алған күнінен бастап он бес жұмыс күнін құрайды.
1. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау барысында Құжаттың сипаты мен мазмұнын негізге ала отырып, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепке енгізілуге жататын ақпараттың көлемі мен тәптіштелу дәрежесі белгіленеді.
Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау:
1) Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға, адамның өміріне және (немесе) денсаулығына әлеуетті әсер ету ауқымдарын айқындау;
2) Құжатқа енгізілуі мүмкін негізделген және іс жүзінде қолданылатын балама шешімдерді, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан ең үздік шешімдерді айқындау;
3) жұртшылыққа жоспарланатын Құжат, оған енгізілуі мүмкін ықтимал балама шешімдер және оны іске асырудан күтілетін нәтижелер туралы хабарлау;
4) нақты Құжатқа қатысты мүдделі жұртшылықты айқындау;
5) әзірлеуші мемлекеттік органды стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дайындауға арналған шығындарды негіздеуге қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету;
6) стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу барысында алынуы қажетті бастапқы деректер мен басқа ақпараттың шеңберін айқындау;
7) жоспарланатын Құжаттың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қорғалуға жататын және жергілікті, ұлттық немесе халықаралық маңызы бар өзге де аумақтар мен объектілерге елеулі әсер етуін анықтау;
8) жоспарланатын Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға трансшекаралық әсер ету ықтималдығын айқындау;
9) қоршаған ортаны қорғау саласында, оның ішінде адамның өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз етуге байланысты, Құжатқа қатынасы бар және халықаралық, ұлттық және (немесе) жергілікті деңгейлерде белгіленген мақсаттарды анықтау мақсатында жүргізіледі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 59 және 60-баптарына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдардан және жұртшылықтан алынған ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындауды жүргізеді.
3. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау тәртібі экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленеді.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау нәтижелерін қорытынды (бұдан әрі – стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау туралы қорытынды) түрінде ресімдейді.
1. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепте Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер етуі, сондай-ақ онда ұсынылған шешімдердің ақылға қонымды баламалары Құжаттың мақсаттары және географиялық қамтуы ескеріле отырып айқындалады, сипатталады және бағаланады.
2. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің мазмұны стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау туралы қорытындыға сәйкес келуге тиіс.
3. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп осы баптың 4-тармағында көрсетілген, заманауи білімдердің және бағалау әдістерінің деңгейіне, Құжаттың мазмұны мен тәптіштелу дәрежесіне сәйкес келетін ақпаратты қамтуға тиіс.
4. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепте:
1) Құжаттың мазмұнының, негізгі мақсаттарының қысқаша баяндалуы және оның басқа Құжаттармен байланысы;
2) қоршаған ортаның ағымдағы сапасын бағалау және оның Құжатты қабылдаудан бас тартқан жағдайда ықтимал өзгеруі;
3) Құжатты іске асыру елеулі дәрежеде қозғауы мүмкін аумақтардағы қоршаған ортаның сапасын бағалау;
4) қазіргі бар экологиялық проблемалар, Құжатты іске асыру кезінде, оның ішінде қоршаған орта сапасының халықтың денсаулығына әсер етуі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға әсер етуі тұрғысынан олардың тереңдеп кету немесе жаңа экологиялық проблемалардың пайда болу тәуекелі;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы, оның ішінде адамның өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз етуге байланысты, Құжатқа қатысы бар, халықаралық, ұлттық және (немесе) жергілікті деңгейлерде белгіленген мақсаттар, сондай-ақ Құжатты әзірлеу процесінде осы мақсаттарды және қоршаған ортаны қорғауға байланысты басқа да мәселелерді ескеру тәртібі;
6) Құжатты іске асырудың жанама, кумулятивтік, қысқа мерзімді, орташа мерзімді және ұзақ мерзімді, тұрақты және уақытша, оң және теріс салдарларды қоса алғанда, ықтимал елеулі экологиялық салдарларының сипаты;
7) Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға кез келген елеулі жағымсыз әсер етуін болғызбау, азайту, орнын толтыру жөніндегі шаралар;
8) стратегиялық экологиялық бағалау барысында қаралған балама нұсқалардың арасынан Құжатта қабылданған шешімдерді таңдау негіздемесі және бағалау жүргізу процесін, оның ішінде бағалау процесінде қажетті әдістемелердің жоқтығына немесе білімде олқылықтардың болуына, ақпараттың немесе техникалық құралдардың жетіспеуіне байланысты кез келген қиындықтарды сипаттау;
9) Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға елеулі әсер ету мониторингінің бағдарламасы, онда оны жүргізу бойынша нақты шаралардың сипаттамасы;
10) Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсер етудің (олар болған кезде), мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың, оның ішінде трансшекаралық әсерді бағалау барысында алынған ескертпелер мен ұсыныстардың сипаттамасы;
11) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің осы тармақтың 1) – 10) тармақшалары бойынша қысқаша және қорытылған тұжырымдарды қамтитын және жұртшылықтың түсінуіне қолжетімді нысанда ұсынылған түйіндемесі қамтылуға тиіс.
5. Құжатты әзірлеу шеңберінде әзірлеуші мемлекеттік орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дайындауды, оның ішінде қажет болған кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сыртқы сарапшыларды тарта отырып қамтамасыз етеді.
6. Әзірлеуші мемлекеттік орган сапаны бағалау үшін стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті әзірлеу мерзімін әзірлеуші мемлекеттік орган дербес өзі, осындай мерзім Құжат бекітілгенге дейін стратегиялық экологиялық бағалауды аяқтау және онда стратегиялық экологиялық бағалау нәтижелерін ескеру мүмкіндігін қамтамасыз ету шартымен айқындайды.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеуші мемлекеттік органнан стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп алынғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 59-бабына сәйкес мүдделі ретінде айқындаған барлық мемлекеттік органға бұл туралы хабарлайды, ал әзірлеуші мемлекеттік орган сол мерзімде мүдделі жұртшылыққа осы Кодекстің 60-бабының 5-тармағында көзделген тәсілдермен бұл туралы хабарлайды.
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп ресми интернет-ресурста орналастырылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстарын қабылдауды жүзеге асырады.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеуші мемлекеттік органнан алынған стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтан келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, оның сапасы және стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі экологиялық есептің қамту саласын айқындау туралы қорытындыға сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын бағалау нәтижелері бойынша осы баптың 8-тармағында көрсетілген мерзім өткеннен кейін бес жұмыс күні ішінде стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қанағаттанарлық немесе қанағаттанарлықсыз сапасы туралы қорытынды шығарады.
Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасы қанағаттанарлықсыз деп танылған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысында есептің қанағаттанарлықсыз деп танылған аспектілерін, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың алынған ескертпелері мен ұсыныстарына сілтеме жасай отырып нұсқау, сондай-ақ стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын қанағаттанарлық деп тану үшін оны пысықтау кезінде қабылдануы қажет шараларға қатысты ұсынымдар қамтылуға тиіс.
Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп қанағаттанарлықсыз деп танылған жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган оны және қажет болған кезде Құжаттың жобасын пысықтайды және оларды осы бапта көзделген тәртіппен сапаға қайтадан бағалау жүргізу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысы негізінде сапасы қанағаттанарлық деп танылған стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп бар болған кезде ғана осы Кодекске сәйкес стратегиялық экологиялық бағалауға жататын Құжатты бекітуге жол беріледі.
11. Әзірлеуші мемлекеттік орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасы туралы қорытынды алынғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде осындай қорытындының көшірмесін ресми интернет-ресурста орналастырады және бұл туралы жұртшылыққа осы Кодекстің 60-бабының 5-тармағында көзделген тәсілдермен хабарлайды.
1. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп осы Кодекстің 57-бабының 10-тармағына сәйкес қанағаттанарлық деп танылғаннан кейін әзірлеуші мемлекеттік орган қажет болған кезде стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің тұжырымдарын ескере отырып, Құжатты пысықтауды жүзеге асырады.
2. Әзірлеуші мемлекеттік орган осы баптың 1-тармағына сәйкес Құжатты пысықтағаннан кейін Құжаттың жобасын қоғамдық тыңдауға шығарады.
Қоғамдық тыңдаулар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларына сәйкес өткізіледі.
1. Құжатты іске асыру кезінде өздерінің функцияларын қозғайтын мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мүдделі мемлекеттік органдарға жатады.
2. Әрбір нақты жағдайда мүдделі мемлекеттік органдардың тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды. Бұл ретте барлық жағдайда мүдделі мемлекеттік органдар қатарына міндетті түрде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган, сондай-ақ өздерінің аумағы шегінде Құжатты іске асыру болжанатын әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары енгізіледі.
3. Құжаттардың жекелеген түрлері үшін міндетті түрде мүдделі мемлекеттік органдар қатарына жатқызуға жататын мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың тізбесі мұндай Құжаттарды әзірлеу және бекіту тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде белгіленуі мүмкін.
4. Мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялар:
1) Құжаттың әсеріне скрининг жүргізу;
2) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау;
3) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын айқындау;
4) Құжаттың жобасы бекітілгенге дейін оны осы Кодекстің 57-бабының 10-тармағына сәйкес сапасы қанағаттанарлық деп танылған стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепке сәйкестігі тұрғысынан қарау кезінде мүдделі мемлекеттік органдардың ескертпелері мен ұсыныстарын алу, қарау және ескеру процесін білдіреді.
5. Мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялар осы бапқа және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Құжаттың әсеріне скрининг, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау және стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын айқындау барысында алған мүдделі мемлекеттік органдардың барлық ескертпесі мен ұсынысын, егер мұндай ескертпелер мен ұсыныстар экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленген тиісті мерзімдер ішінде ұсынылса, қарауға міндетті.
Осы бапқа сәйкес мүдделі мемлекеттік органдар қатарына жатқызылған мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар осы Кодекстің талаптарына және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес өз ескертпелері мен ұсыныстарын не олардың жоқ екені туралы хатты ұсынуға міндетті.
7. Мүдделі мемлекеттік органдармен осы бапқа сәйкес жүргізілген консультациялардың нәтижелері бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялардың хаттамасын жасайды, онда олардан алынған барлық ескертпе мен ұсыныс көрсетіледі.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдарға стратегиялық экологиялық бағалаудың тиісті сатыларында олардың ескертпелері мен ұсыныстарының қалайша ескерілгені, сондай-ақ жекелеген ескертпелер мен ұсыныстардың ескерілмеу себептері туралы ақпарат беруге міндетті.
8. Мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялардың хаттамалары жұртшылықтың назарына осы Кодекстің 60-бабының 5-тармағында көзделген тәсілдермен жеткізіледі.
1. Мүдделі жұртшылық:
1) Құжат жобасына қатысты – стратегиялық экологиялық бағалаудың кез келген сатысында;
2) стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу қажеттігіне немесе қажет еместігіне қатысты – осы Кодекстің 55-бабында көзделген сатыда;
3) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті қамту саласына қатысты – осы Кодекстің 56-бабында көзделген сатыда;
4) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасына қатысты – осы Кодекстің 57-бабында көзделген сатыда;
5) Құжаттың қоршаған ортаға елеулі әсерлері мониторингінің бағдарламасына қатысты осы Кодекстің 63-бабында көзделген сатыда ескертулер немесе ұсыныстар білдіруге құқылы.
2. Әзірлеуші мемлекеттік орган қолда бар баламалар қатарынан шешімдердің нұсқаларын таңдау мүмкін болатын Құжаттарды әзірлеудің бастапқы кезеңінен бастап стратегиялық экологиялық бағалаудың барлық сатысында мүдделі жұртшылықтың осы Кодекс талаптарына және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Әзірлеуші мемлекеттік орган мүдделі жұртшылықтың стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуге қатысуын:
1) мүдделі жұртшылықты айқындау;
2) мүдделі жұртшылықтың стратегиялық экологиялық бағалаудың барлық сатысында уақтылы және тиісті тиімділікпен ескертпелер мен ұсыныстар енгізуге мүмкіндік беретін ақылға қонымды мерзімдер белгілеу;
3) осы Кодексте көзделген жағдайларда мүдделі жұртшылыққа осы баптың 5-тармағында көзделген тәсілдермен хабарлау;
4) мүдделі жұртшылықтың сұрау салулары негізінде оған ақпарат беру;
5) мүдделі жұртшылыққа трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу жағдайларында оның консультациялар жүргізуге қатысу мүмкіндігі туралы хабарлау;
6) стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу процесінде оның ескертпелері мен ұсыныстарын ескеру арқылы қамтамасыз етеді.
4. Мүдделі жұртшылықты айқындау өлшемшарттары экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулықта айқындалады.
5. Стратегиялық экологиялық бағалау процесінде жұртшылыққа хабарлаудың міндетті тәсілдеріне:
1) ақпаратты әзірлеуші мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастыру;
2) ақпаратты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастыру;
3) осы баптың 6-тармағының 1), 2) 3) және 11) тармақшаларында көрсетілген ақпаратқа қатысты – Құжатты іске асыруды қозғайтын бүкіл аумаққа таратылатын кемінде бір бұқаралық ақпарат құралында (мерзімді баспасөз басылымында, телеарна немесе радиоарна арқылы), сондай-ақ халық үшін жалпыға бірдей қолжетімді орындарда қағаз жеткізгіштерде (қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың хабарландыру тақталарында және хабарландырулар орналастыруға арнайы арналған орындарда) орналастыру;
4) қарамағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар заңды тұлғаларға, егер олар Құжатты іске асыру нәтижесінде қозғалуы мүмкін болса, хаттар тарату жатады.
6. Экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленген тәртіппен стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу процесінде мүдделі жұртшылыққа берілуге тиіс ақпаратта:
1) Құжатты әзірлеудің басталуы, оның атауы, негізгі бағыттары мен іске асырылу мерзімдері туралы ақпарат;
2) мүдделі жұртшылықтан түскен ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдауға және ескеруге жауапты мемлекеттік органның (лауазымды адамның) атауы және орналасқан жері;
3) стратегиялық экологиялық бағалаудың әртүрлі сатыларында мүдделі жұртшылықтан түскен ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау мерзімдері, орны және тәсілі;
4) бекітілгенге дейін Құжаттардың жобалары;
5) Құжаттың әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытындылар;
6) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептердің қамту саласын айқындау туралы өтініштер мен қорытындылар;
7) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептер;
8) Құжаттың әсеріне скринингті жүзеге асыру, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау кезінде, сондай-ақ стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің және Құжат жобасының сапасын бағалау кезінде мүдделі мемлекеттік органдармен жүргізілген консультациялардың хаттамалары;
9) Құжаттарды іске асыру кезінде қоршаған ортаға елеулі әсер етудің мониторингі жөніндегі есептер;
10) қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландырулар;
11) Құжаттардың жобалары және стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу хаттамалары;
12) мүдделі жұртшылықтың қоғамдық тыңдаулар барысында алынған ескертпелері мен ұсыныстарын қорыту қамтылған анықтамалар;
13) стратегиялық экологиялық бағалау шеңберінде жүргізілген трансшекаралық әсерді бағалау туралы ақпарат;
14) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептердің сапасы туралы қорытындылар;
15) бекітілген Құжаттар;
16) стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуге байланысты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға берілген өзге де құжаттар мен ақпарат қамтылады.
7. Әзірлеуші мемлекеттік орган осы баптың 6-тармағының 5) – 16) тармақшаларында көрсетілген стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі ақпаратты Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорына беруге тиіс.
1. Осы Кодекстің 80-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер болған кезде, стратегиялық экологиялық бағалау барысында трансшекаралық әсерді бағалау жүргізіледі.
2. Трансшекаралық әсерді бағалау осы тараудың 4-параграфына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүргізіледі.
Стратегиялық экологиялық бағалауға жататын Құжат стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің деректерін, мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстарын, оның ішінде қоғамдық тыңдаулардың нәтижелерін, ал трансшекаралық әсерді бағалау жүргізілген жағдайда – осындай бағалаудың нәтижелерін ескеруге тиіс.
1. Әзірлеуші мемлекеттік орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің бір бөлігі болып табылатын мониторинг бағдарламасына сәйкес Құжаттың қоршаған ортаға елеулі әсер етуінің мониторингін жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты болады.
2. Құжаттардың қоршаған ортаға елеулі әсер етуі мониторингінің мақсаттары:
1) Құжаттың қоршаған ортаға бұрын ескерілмеген елеулі қолайсыз әсер етуін уақтылы анықтау және оларды болғызбау және жою бойынша тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
2) Құжатта мәлімделген қоршаған ортаға қолайлы әсер етуге қол жеткізу деңгейін бағалау;
3) Құжаттың Қазақстан Республикасының экология заңнамасының, оның ішінде қоршаған орта сапасының адамның өмірі мен денсаулығына әсер етуіне байланысты, халықаралық, ұлттық және жергілікті деңгейлерде белгіленген және осы Құжатқа қатысы бар міндеттеріне сәйкестігін қамтамасыз ету болып табылады.
3. Құжаттарды іске асыру нәтижесінде қоршаған ортаға елеулі әсер етудің мониторингін жүргізу тәртібі экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленеді.
4. Құжатты әзірлеуші мемлекеттік орган мониторинг бағдарламасында белгіленген мерзім ішінде, жыл сайынғы негізде Құжаттарды іске асыру кезінде қоршаған ортаға елеулі әсер етудің мониторингі бойынша есепті дайындауды қамтамасыз етеді және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады, сондай-ақ осы Кодекстің 60-бабының 5-тармағына және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес мүдделі жұртшылыққа осындай мониторинг нәтижелері туралы хабарлайды.
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау деп өзіне осы Кодекстің 67-бабында көзделген сатыларда қамтитын белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер етуді тиісті зерттеулер негізінде анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі түсініледі.
2. Осы Кодексте белгіленіп отырған қызмет деп жеке және заңды тұлғалардың өндірістік және өзге де объектілерді салуға және одан әрі пайдалануға, қоршаған ортаға өзгеше түрде, оның ішінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу арқылы араласуға, сондай-ақ осындай қызметке елеулі өзгерістер енгізуге байланысты белгіленіп отырған қызметі түсініледі.
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау:
1) осы Кодекске 1-қосымшаның 1-бөлімінде санамаланған қызмет түрлері мен объектілер үшін, онда көрсетілген сандық шекті мәндер (олар болған кезде) ескеріле отырып;
2) егер осындай қызметке немесе осындай объектілерге қатысты қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізудің міндеттілігі белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыда белгіленсе, онда көрсетілген сандық шекті мәндерді (олар болған кезде) ескере отырып, осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған қызмет түрлері мен объектілер үшін;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген, өздеріне қатысты бұрын қоршаған ортаға әсерін бағалау жүргізілген объектілердің қызмет түрлеріне және (немесе) қызметіне елеулі өзгерістер енгізілген кезде;
4) өздеріне қатысты бұрын белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытынды берілген, осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған объектілердің қызмет түрлеріне және (немесе) қызметіне елеулі өзгерістер енгізілген кезде, осындай елеулі өзгерістердің қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізудің міндеттілігі белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыда белгіленген жағдайларда, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажеттігінің жоқтығы туралы тұжырыммен қоса, міндетті болып табылады.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау немесе белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу мақсаттары үшін қызметтің елеулі өзгерістері деп нәтижесінде:
1) өндіріс көлемі немесе қуаты артатын;
2) қызметте пайдаланылатын табиғи ресурстардың, отынның және (немесе) шикізаттың мөлшері ұлғаятын және (немесе) түрі өзгеретін;
3) қоршаған ортаға әсерді бағалау немесе белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу кезінде бұрын ескерілмеген бұзылатын жерлердің алаңы ұлғаятын немесе жердің бұзылуына әкелетін;
4) нәтижесінде эмиссиялардың сандық және сапалық көрсеткіштері нашарлауы, осындай эмиссиялардың әсер ету аймағы өзгеруі және (немесе) түзілетін қалдықтардың көлемі артуы мүмкін технология, өндірістік процесті басқару өзгедей түрде елеулі өзгеретін кез келген өзгерістер түсініледі.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалау осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген қызметтің түрлері мен объектілері үшін міндетті болып табылмайды және мұндай қызмет бастамашыларының немесе объектілер операторларының қалауы бойынша ерікті түрде жүргізілуі мүмкін.
4. Белгіленіп отырған қызмет немесе оның бір бөлігі, сондай-ақ оған өзгерістер, оның ішінде елеулі өзгерістер енгізу, егер оны жүзеге асыру немесе оған тиісті өзгерістер енгізу авариялық немесе төтенше жағдайдың алдын алуға, салдарларын жоюға немесе кетіруге, соғыс жағдайын енгізуге байланысты немесе Қазақстан Республикасының қорғанысын немесе ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шараларға байланысты қажет болса, қоршаған ортаға әсер етуін міндетті бағалауға жатпайды.
5. Егер қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу осы Кодекстің талаптарына сәйкес белгіленіп отырған қызмет үшін міндетті болып табылса, осындай бағалауды алдын ала жүргізбей, белгіленіп отырған қызметті іске асыруға, оның ішінде белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін экологиялық рұқсат беруге тыйым салынады.
Белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы осы Кодекстің 71-бабына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган дайындаған қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындының негізінде, Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін жер учаскесін (жер учаскелерін) қоршаған ортаға әсер етуді міндетті бағалау жүргізу кезеңіне резервте қалдыру үшін өтініш жасауға құқылы.
Белгіленіп отырған қызмет үшінші тұлғалардың жеке меншігіндегі немесе жер пайдалануындағы жер учаскелерін пайдалануды болжайтын жағдайларда, бастамашының мұндай тұлғалармен қатынастары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде әсер етудің мынадай түрлері:
1) тікелей әсер ету – белгіленіп отырған қызметтің негізгі және ілеспе түрлері тікелей болатын әсер ету;
2) жанама әсер ету – қоршаған орта мен халықтың денсаулығына белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру салдарынан туындауы мүмкін жанама (қайталама) факторлардан туындайтын әсер ету;
3) кумулятивтік әсер ету – қоршаған ортадағы бұрынғы және қазір бар антропогендік немесе табиғи сипаттағы әсер етудің жиынтығынан, сондай-ақ белгіленіп отырған қызметті жүзеге асырумен ілесіп жүретін негізді түрде болжанатын болашақ әсер етуден туындайтын тұрақты түрде ұлғаятын жағымсыз өзгерістердің нәтижесінде туындауы мүмкін әсер ету ескерілуге тиіс.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде мына объектілерге, оның ішінде олардың өзара байланысы мен өзара іс-қимылы кезінде:
1) атмосфералық ауаға;
2) жерүсті және жерасты суларына;
3) су айдындары түбінің бетіне;
4) ландшафтарға;
5) жер және топырақ жамылғысына;
6) өсімдіктер әлеміне;
7) жануарлар дүниесіне;
8) экологиялық жүйелердің және экожүйенің көрсетілетін қызметтерінің жай-күйіне;
9) биоәртүрлілікке;
10) халық денсаулығының жай-күйі мен өмір сүру жағдайына;
11) ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылықты білдіретін объектілерге әсерді бағалау жүргізіледі.
3. Белгіленіп отырған қызмет ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға әсер ете аталатын жағдайларда, қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде тиісті табиғи кешендерге, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне, сондай-ақ осы жерлерде және басқа санаттардағы жерлерде орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне де әсерді бағалау жүргізіледі.
4. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу кезінде антропогендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың, қоршаған ортаның авариялық ластануының туындауынан пайда болуы мүмкін қоршаған ортаға басқа да әсер ету де бағалануға жатады, белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға зиянды әсер етуін болғызбау және азайту жөніндегі ықтимал шаралар мен әдістер, сондай-ақ өндірістік экологиялық мониторингтің қажетті көлемі айқындалады.
5. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу процесінде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсер етудің теріс және оң әсерлері есепке алынуға жатады.
6. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу процесінде парниктік газдардың шығарылуынан туындайтын әсер ету есепке алынуға жатпайды.
Қоршаған ортаға әсерді бағалау өзіне мынадай:
1) белгіленіп отырған қызметтің осы Кодекс талаптарына сәйкестігін айқындау, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу мақсатында белгіленіп отырған қызмет туралы өтініштерді қарау;
2) қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау;
3) ықтимал әсер ету туралы есеп дайындау;
4) ықтимал әсер ету туралы есептің сапасын бағалау;
5) қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды шығару және оны есепке алу;
6) егер осы Кодекске сәйкес жүргізілу қажеттігі айқындалса, белгіленіп отырған қызметті іске асырудың іс жүзіндегі әсер етуіне жобадан кейін талдау жасау сатыларын қамтиды.
1. Осы Кодексте өзі үшін қоршаған ортаға әсер етуді міндетті бағалау немесе белгіленіп отырған қызметтің әсер етуіне міндетті скрининг белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген тұлға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш беруге міндетті, содан кейін осы тұлға тиісінше қоршаған ортаға әсерді бағалаудың немесе белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің бастамашысы (бұдан әрі – бастамашы) болып танылады.
2. Белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш электрондық нысанда беріледі және мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:
1) жеке тұлға үшін: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), тұрғылықты жерінің мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі, телефоны, электрондық пошта мекенжайы;
2) заңды тұлға үшін: атауы, орналасқан жерінің мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, бірінші басшы туралы деректер, телефоны, электрондық пошта мекенжайы;
3) белгіленіп отырған қызмет түрлерін жалпы сипаттау және оларды осы Кодекске 1-қосымшаға сәйкес сыныптау немесе осы Кодекстің 65-бабының 2-тармағына сәйкес осындай қызмет түрлеріне енгізілетін елеулі өзгерістерді сипаттау;
4) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орны, орынды таңдау негіздемесі және басқа да орындарды таңдау мүмкіндіктері туралы мәліметтер;
5) объектінің қуатын (өнімділігін), оның болжамды мөлшерін, өнімнің сипаттамасын қоса алғанда, белгіленіп отырған қызметтің жалпы болжанатын техникалық сипаттамалары;
6) белгіленіп отырған қызмет үшін болжанатын техникалық және технологиялық шешімдерді қысқаша сипаттау;
7) белгіленіп отырған қызметті іске асыруды бастау мен оны аяқтаудың болжамды мерзімдері;
8) қызметті жүзеге асыруға қажетті ресурстар түрлерін, оның ішінде су ресурстарын, жер ресурстарын, топырақты, пайдалы қазбаларды, өсімдіктерді, шикізатты, энергияны олардың болжамды сандық және сапалық сипаттамаларын көрсете отырып, сипаттау;
9) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде түзілуі мүмкін қоршаған ортаға эмиссиялар мен қалдықтардың болжамды түрлерін, көлемдерін және сапалық сипаттамаларын сипаттау;
10) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін болуы болжамды түрде талап етілетін рұқсаттардың және осындай рұқсаттарды беру өз құзыретіне кіретін мемлекеттік органдардың тізбесі;
11) көрсетілген белгіленіп отырған қызметтің мақсаттарына қол жеткізудің ықтимал баламаларын және оны жүзеге асыру нұсқаларын (баламалы техникалық және технологиялық шешімдер пайдалануды және объектінің орналасқан жерлерін қоса алғанда) сипаттау;
12) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде қоршаған ортаға жағымсыз және оң әсер етудің ықтимал нысандарының сипаттамасы, олардың ықтималдығын, ұзақтығын, жиілігі мен қайтымдылығын ескере отырып, олардың сипаты мен күтілетін ауқымдары;
13) қоршаған ортаға трансшекаралық әсер етудің ықтимал нысандарының сипаттамасы, олардың ықтималдығын, ұзақтығын, жиілігі мен қайтымдылығын ескере отырып, олардың сипаты мен күтілетін ауқымдары;
14) өздерінің шегінде белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру болжанатын аумақтағы және (немесе) акваториядағы қоршаған орта құрамдастарының ағымдағы жай-күйін қысқаша сипаттау, сондай-ақ, егер бастамашыда мұндайлар бар болса, фондық зерттеулердің нәтижелері;
15) қоршаған ортаға қолайсыз әсер етудің ықтимал нысандарының алдын алу, оларды болдырмау және азайту бойынша, сондай-ақ оның салдарларын жою бойынша ұсынылатын шаралар.
3. Белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш беру, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу немесе қоршаған ортаға әсерді бағалау мақсаттары үшін бастамашыда белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жер учаскесіне қатысты құқықтардың болуы талап етілмейді.
4. Алып тасталды – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш алынғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтердің болуы тұрғысынан тексереді және:
1) белгіленіп отырған қызмет туралы өтініште осы баптың 2-тармағына сәйкес міндетті бір немесе бірнеше деректеме болмаған жағдайда, бастамашыға кемшіліктерді жою және белгіленіп отырған қызмет туралы қайтадан өтініш беру қажеттігі туралы хабарлайды;
2) бастамашы осы баптың 2-тармағына сәйкес барлық қажетті мәлімет қамтылған, белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш берген жағдайда, белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішті ресми интернет-ресурста орналастырады және оның көшірмесін тиісті мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
Мүдделі мемлекеттік органдар деп осы параграфта қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволары, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган, өз құзыретінің саласына белгіленіп отырған қызметтің құрамына кіретін қызметтің бір немесе бірнеше түрін реттеу, осындай қызмет түрлері үшін рұқсаттар беру немесе хабарламалар қабылдау жататын мемлекеттік органдар, сондай-ақ қатысы бар аумақтың шегінде толық немесе ішінара орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары түсініледі.
Қатысы бар аумақ деп осы параграфта өзінің шегінде қоршаған орта мен халық белгіленіп отырған қызметтің елеулі әсер етуіне ұшырауы мүмкін аумақ түсініледі.
6. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан белгіленіп отырған қызмет туралы өтініштің көшірмелерін алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны интернет-ресурстарға орналастырады.
7. Белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстарында орналастырылғаннан кейін осы баптың 9-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау мерзімі өткенге дейін осындай интернет-ресурстарда жұртшылықтың назарына үздіксіз қол жетімді болып қалуға тиіс.
Интернет-ресурста орналастырылған белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке белгіленіп отырған қызмет түрі, ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау жүзеге асырылатын пошталық мекенжай және электрондық мекенжайлар, сондай-ақ ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау аяқталатын күні көрсетіле отырып, белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке қатысты ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау туралы жұртшылық үшін ресми хабарлама қоса жүруге тиіс.
8. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш ресми интернет-ресурстарда орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, осы баптың 7-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген ресми хабарды "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде, сондай-ақ өзге де тәсілдермен таратуды қосымша ұйымдастырады.
9. Мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке қатысты ескертпелері мен ұсыныстарын қабылдауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылық қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш орналастырылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке қатысты өз ескертпелері мен ұсыныстарын ұсынуға құқылы.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін алынған ескертпелері мен ұсыныстарын қарауға қабылдамайды.
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтан қарауға қабылданған белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке берілген барлық ескертпе мен ұсынысты ескертпелер мен ұсыныстардың жиынтық кестесі түрінде ресімделетін хаттамаға енгізеді, сондай-ақ сол мерзім ішінде оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында қоршаған ортаға әсер етуді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындымен және (немесе) белгіленіп отырған қызметтің әсер етуіне жүргізілген скринингтің нәтижелері туралы қорытындымен бірге орналастырады және олардың көшірмелерін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарына жібереді.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген хаттаманың және қорытындының (қорытындылардың) көшірмелерін алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оларды өздерінің ресми интернет-ресурстарында орналастырады.
11. Трансшекаралық әсерді бағалауға бастама жасау үшін негіз болған кезде, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 80-бабына сәйкес трансшекаралық әсерді бағалауға бастама жасайды.
Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг осы Кодекстің 70-бабында белгіленген өлшемшарттар негізінде қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізудің қажет немесе қажет емес екенін айқындау мақсатында жүзеге асырылатын, белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер етуін анықтау процесін білдіреді.
2. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу мақсатында белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш беру:
1) осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған белгіленіп отырған қызмет мен объектілер үшін, онда көрсетілген сандық шекті мәндерді (олар болған кезде) ескере отырып;
2) осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған, өздеріне қатысты бұрын қоршаған ортаға әсеріне міндетті бағалауды жүргізу қажет емес екені туралы тұжырыммен қоса, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізілген қызмет түрлеріне және (немесе) объектілердің қызметіне елеулі өзгерістер енгізу кезінде міндетті болып табылады.
Мұндай қызметті белгіленіп отырған қызметтің әсерлеріне скринингтен өтпей жүзеге асыруға тыйым салынады.
3. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 68-бабының 5 – 11-тармақтарына, осы бапқа және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес ұйымдастырады.
4. Белгіленіп отырған қызметтің әсер етуіне скрининг жүргізу мерзімі белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда тіркелген күннен бастап жиырма екі жұмыс күнін құрайды.
5. Белгіленіп отырған қызметтің әсер етуіне скрининг жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 68-бабының 9-тармағына сәйкес қарауға келіп түскен барлық ескертпе мен ұсынысты назарға алады.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімнен кешіктірмей, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытынды шығарады және екі жұмыс күні ішінде оның көшірмелерін ресми интернет-ресурста кейіннен орналастыра отырып, оны бастамашыға және мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
7. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытындыда қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізу қажет немесе қажет емес екені туралы тұжырымдар және олардың уәжді негіздемесі қамтылуға тиіс.
8. Егер белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытындыда қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізу қажет екені туралы тұжырым жасалса, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган скрининг нәтижелері туралы қорытындымен бірге бастамашыға осы Кодекстің 71-бабына сәйкес дайындалған қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындыны жібереді.
9. Белгіленіп отырған қызмет туралы өтініште белгіленіп отырған қызметті іске асырудың балама нұсқалары болған кезде, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытындыда әрбір нұсқа бойынша жеке тұжырым жасалады.
10. Жеке және заңды тұлғалар белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дау айтуға құқылы.
Ескерту. 69-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу кезінде белгіленіп отырған қызметті және оның қоршаған ортаға ықтимал әсер етуінің елеулілігін сипаттайтын мынадай өлшемшарттар:
1) мыналар:
белгіленіп отырған қызметтің түрі мен ауқымы (өндіріс көлемі, қуаты және өздеріне қатысты осы Кодекске 1-қосымшаның 1-бөлімінде сандық шекті мәндер көзделген өзге де көрсеткіштер);
болжанатын объект орналастырылатын ауданда оның әсер етуін басқа белгілі (іске асырылған, жобаланатын, белгіленіп отырған) қызметтің әсер етуімен кумуляциялау;
пайдаланылатын табиғи ресурстардың түрлері мен саны,
түзілетін қалдықтардың түрлері мен саны,
қоршаған ортаның ластану және адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілу қатерінің деңгейі,
Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасының ережелерін ескере отырып, төтенше жағдайдың және (немесе) аварияның туындау қатерінің деңгейі;
биоәртүрлілікті жоғалту қаупінің деңгейі ескеріле отырып, белгіленіп отырған қызметтің параметрлері;
2) мыналар:
тиісті жерлердің ағымдағы нысаналы мақсаты және орнықты жер пайдалануды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары;
қатысы бар аумақтағы табиғи ресурстардың салыстырмалы өкілдігі, саны, сапасы және табиғи регенерациялауға қабілеті;
ландшафтың экологиялық орнықтылығының аумақтық жүйесіне, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, экологиялық "дәліздерге" және жабайы жануарлардың миграция жолдарына, ландшафтың маңызды элементтеріне, тарихи-мәдени мұра объектілеріне, тарихи, мәдени немесе археологиялық маңызы бар аумақтарға, халық тығыз қоныстанған аумақтар мен жол берілетін шектен тыс жүктемені (бұрынғы жүктемені қоса алғанда) бастан кешіп отырған аумақтарға ерекше назар аудара отырып, табиғи ортаның жүктемені көтере алу қабілеті ескеріле отырып, қатысы бар аумақтың параметрлері;
3) әсер ету көлемін (аумақ пен халық саны), оның трансшекаралық сипатын (оның мемлекет шекарасынан тыс жерге таралуы тұрғысынан), мөлшерлерін, күрделілігін, ықтималдығын, ұзақтығы мен жиілігін, сондай-ақ салдарлардың қайтымдылығын (қоршаған ортаның немесе оның жеке объектісін бастапқы жағдайға жақын күйге дейінгі қалпына келтіру мүмкіндігі) ескере отырып, белгіленіп отырған қызметтің адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына және қоршаған ортаға әсер етуінің әлеуетті маңыздылығы қаралады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген өлшемшарттарды қарау экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау мақсаты қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында жинақталуға және зерттелуге тиіс ақпараттың тәптіштелу дәрежесін және түрлерін, зерттеу әдістерін және мұндай ақпаратты ықтимал әсер ету туралы есепте беру тәртібін айқындау болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш тіркелген күннен бастап жиырма екі жұмыс күні ішінде, бірақ осы Кодекстің 68-бабы 9-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзім өткеннен кейін осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсер етуі міндетті бағалануға жататын қызметке қатысты мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың осы Кодекстің 68-бабының 9-тармағына сәйкес қарауға келіп түскен ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, белгіленіп отырған қызмет туралы өтініште қамтылған мәліметтердің негізінде қоршаған ортаға әсер етуді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытынды шығарады және оның көшірмелерін ресми интернет-ресурста орналастыра отырып, осындай қорытындыны бастамашыға жібереді.
3. Қамту саласын айқындау кезінде заманауи білім деңгейі, озық зерттеу әдістері, тиісті экономика саласындағы қазір бар техникалық мүмкіндіктер және қоршаған ортаның жай-күйі туралы деректердің болуы ескерілуге тиіс.
4. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындыға қоршаған ортаға ықтимал әсерлердің түрін, оқшаулануын, сипаты мен ауқымын, сондай-ақ осы Кодекстің 68-бабының 10-тармағына сәйкес хаттамаға енгізілген мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып:
1) белгіленіп отырған қызметтің мақсаттарына қол жеткізудің және оны жүзеге асырудың қоршаған ортаға әсерді бағалауды орындау кезінде зерделенуі тиіс балама нұсқаларына;
2) тәптіштелген зерделеуді талап ететін әсер ету түрлеріне және әсер ету объектілеріне;
3) әсерді бағалау саласына және оның әдістеріне қатысты ықтимал әсер ету туралы есепке қойылатын талаптар енгізілуі мүмкін.
Ескерту. 71-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындыға сәйкес бастамашы белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалауға қажетті іс-шараларды өткізуді және олардың нәтижелері бойынша ықтимал әсер ету туралы есеп дайындауды қамтамасыз етеді.
2. Ықтимал әсер ету туралы есепті дайындауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар (бұдан әрі – ықтимал әсер ету туралы есепті жасаушылар) жүзеге асырады.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалау және ықтимал әсер ету туралы есеп жобасын дайындау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен қаржыландыруды бастамашы өз есебінен қамтамасыз етеді.
4. Ықтимал әсер ету туралы есептің жобасында қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындының мазмұны ескеріле отырып:
1) өзіне қатысты есеп жасалған белгіленіп отырған қызметті сипаттау, оған қоса:
белгіленіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орнын сипаттау, оның геоақпараттық жүйеге сәйкес айқындалған, векторлық файлдары бар координаттары, сондай-ақ есеп жасалған кезде белгіленіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орнындағы қоршаған ортаның жай-күйін сипаттау;
белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыруға қажетті объектілерді салу және пайдалану барысында жер санаты және жер пайдалану мақсаттары туралы ақпарат;
белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыруға қажетті объектілердің қуатын, габариттерін (алып жатқан жерлердің ауданы, биіктігі) қоса алғанда, олардың көрсеткіштері туралы ақпарат, өндірістік процесс туралы, оның ішінде кәсіпорынның күтілетін өнімділігі, оның энергияға, табиғи ресурстарға, шикізат пен материалдарға деген қажеттілігі туралы мәліметтер;
қазіргі бар ғимараттарды, құрылыстарды, құрылысжайларды, жабдықтарды кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстарды және егер бұл жұмыстар белгіленіп отырған қызметті іске асыру мақсаттары үшін қажет болса, оларды орындау тәсілдерін сипаттау;
қаралып отырған қызметті жүзеге асыру үшін объектілерді салуға және пайдалануға байланысты қоршаған ортаға эмиссиялардың күтілетін түрлері, сипаттамалары мен саны, суға, атмосфералық ауаға, топыраққа, жер қойнауына әсер етуді, сондай-ақ дірілді, шулы, электромагниттік, жылулық және радиациялық әсер етуді қоса алғанда, қоршаған ортаға өзге де жағымсыз антропогендік әсерлер туралы ақпарат;
белгіленіп отырған қызмет шеңберінде объектілерді салу және пайдалану барысында түзілетін қалдықтардың, оның ішінде қазіргі бар ғимараттарды, құрылыстарды, құрылысжайларды, жабдықтарды кейіннен кәдеге жаратуды жүзеге асыру нәтижесінде түзілетін қалдықтардың күтілетін түрлері, сипаттамалары және саны туралы ақпарат;
2) белгіленіп отырған қызметтің ерекшеліктері мен оның қоршаған ортаға ықтимал әсер етуін ескере отырып, оны жүзеге асырудың ықтимал нұсқаларын сипаттау, оған қоса:
белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы оны қолдану үшін таңдаған нұсқа, оны таңдауды негіздеу, басқа ықтимал ұтымды нұсқаларды, оның ішінде адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын және қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан неғұрлым қолайлы ұтымды нұсқаны сипаттау;
3) белгіленіп отырған қызметтің елеулі әсер етуіне ұшырауы мүмкін табиғи ортаның құрамдастары және өзге де объектілер туралы ақпарат, оған қоса адамдардың өмірі және (немесе) денсаулығы, олардың тұру және қызмет ету жағдайлары, биоәртүрлілік (оның ішінде өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі, генетикалық ресурстар, өсімдіктер мен жабайы жануарлардың табиғи ареалдары, жабайы жануарлардың миграция жолдары, экожүйелер), жер (оның ішінде жерді алып қою), топырақ (оның ішінде органикалық құрам, эрозия, нығыздалу, өзге де тозу нысандары), сулар (оның ішінде судың гидроморфологиялық өзгерістері, мөлшері мен сапасы), атмосфералық ауа, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жүйелердің климаттың өзгеруіне қарсы тұруы, материалдық активтер, тарихи-мәдени мұра объектілері (оның ішінде сәулет және археологиялық), ландшафтар, сондай-ақ көрсетілген объектілердің өзара іс-қимылы;
4) белгіленіп отырған қызметтің осы тармақтың 3) тармақшасында санамаланған объектілерге мыналардың:
белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыруға, оның ішінде қазіргі бар объектілерге кейіннен кәдеге жарату бойынша жұмыстарды жүргізу қажет болған жағдайларда, оларға арналған объектілерді салу мен пайдаланудың;
табиғи және генетикалық ресурстарды (оның ішінде осы ресурстардың болуына және олардың орналасқан жеріне қарай жерді, жер қойнауын, топырақты, суды, өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесінің объектілерін, жабайы жануарлардың миграция жолдарын) пайдаланудың;
қоршаған ортаға эмиссиялар, қалдықтардың жинақталуы және оларды көмудің;
қолданыстағы және жоспарланған өндірістік және өзге де объектілерден кумулятивтік әсер етудің;
белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру процесінде техникалық-технологиялық, ұйымдастырушылық, басқарушылық және өзге де жобалық шешімдерді, оның ішінде осы Кодексте көзделген жағдайларда – оларды қолданудың тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың нәтижесінде туындайтын ықтимал елеулі (тікелей және жанама, кумулятивтік, трансшекаралық, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді, оң және жағымсыз) әсер етуді сипаттау;
5) қоршаған ортаға эмиссиялардың, физикалық әсер етудің шекті сандық және сапалық көрсеткіштерін негіздеу;
6) қалдықтардың түрлері бойынша олардың жинақталуының шекті санын негіздеу;
7) егер белгіленіп отырған қызмет шеңберінде қалдықтарды көму көзделсе, қалдықтарды түрлері бойынша көмудің шекті көлемдерін негіздеу;
8) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру шеңберінде тиісінше белгіленіп отырған қызметке және оны жүзеге асырудың болжамды орнына тән авариялар мен қауіпті табиғи құбылыстардың туындау ықтималдығын айқындау туралы ақпарат, оларды болғызбау және жою жөнінде іс-шаралар жүргізу мүмкіндігін ескере отырып, авариялар мен қауіпті табиғат құбылыстарының туындау тәуекелдеріне байланысты қоршаған ортаға ықтимал елеулі жағымсыз әсер етуді сипаттау;
9) объектіні салу және пайдалану кезеңдері үшін көзделетін, белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға анықталған елеулі әсер етуін болғызбау, қысқарту, жеңілдету жөніндегі шараларды, оның ішінде қалдықтарды басқару бойынша ұсынылатын іс-шараларды, сондай-ақ ықтимал елеулі әсерді бағалауда беймәлімділік болған кезде, әсер етудің мониторингі (оған қоса белгіленіп отырған қызметті іске асырғаннан кейін іс жүзінде әсер етуге ықтимал әсер ету туралы есепте келтірілген ақпаратпен салыстырып жобадан кейінгі талдау жүргізу қажеттігі) бойынша ұсынылатын шараларды сипаттау;
10) қоршаған ортаға ықтимал қайтымсыз әсерді бағалау және осындай әсер етуге алып келетін операцияларды орындау қажеттігін негіздеу, оның ішінде қайтымсыз әсер етуден болатын ысыраптар мен осы ысыраптарды тудыратын операциялардан түсетін пайданы экологиялық, мәдени, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда салыстырып талдау;
11) белгіленіп отырған қызмет тоқтатылатын жағдайда оны жүзеге асырудың бастапқы сатысында айқындалған қоршаған ортаны қалпына келтіру тәсілдері мен шаралары;
12) қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамту саласын айқындау туралы қорытындыда көрсетілген өзге де талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды сипаттау;
13) зерттеулердің әдіснамасын сипаттау және ықтимал әсер ету туралы есепті жасау кезінде пайдаланылған экологиялық ақпарат көздері туралы мәліметтер;
14) зерттеулер жүргізу кезінде туындаған және техникалық мүмкіндіктердің болмауына және заманауи ғылыми білімнің жеткіліксіз деңгейіне байланысты қиындықтарды сипаттау;
15) мүдделі жұртшылықтың қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысуына байланысты оған хабарлау мақсатында осы тармақтың 1) – 12) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты қорыта отырып, қысқаша техникалық емес түйіндеме қамтылуға тиіс.
5. Ықтимал әсер ету туралы есепте қамтылған мәліметтер ақпараттың сапасы жөніндегі талаптарға сәйкес болуға, оның ішінде анық, дәл, толық және өзекті болуға тиіс. Ықтимал әсер ету туралы есептерде қамтылған ақпарат, осы баптың 8-тармағында көрсетілген ақпаратты қоспағанда, жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады.
6. Ықтимал әсер ету туралы есептің жобасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытынды шығарған күннен бастап үш жылдан кешіктірілмей қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынылуға тиіс. Бастамашы көрсетілген мерзімді өткізіп алған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға әсерді бағалау процесін тоқтатады, бастамашыға ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын қайтарады және оған белгіленіп отырған қызмет туралы жаңа өтініш беру қажеттігі туралы хабарлайды.
7. Ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын әзірлеу аяқталғаннан кейін ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының бастамашысы немесе бастамашымен шарт бойынша әрекет ететін құрастырушысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға:
1) ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының сапасына бағалау жүргізу және мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстарын, қоғамдық тыңдаулардың нәтижелерін және осы Кодекстің 73-бабының 19-тармағында көзделген жағдайда сараптама комиссиясының хаттамасын ескере отырып, оны пысықтау қажеттігін айқындау мақсатында осы есептің жобасын;
2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарымен келісілген қоғамдық тыңдауларды өткізу орындары, күндері мен басталу уақыты көрсетілген ілеспе хатты немесе осы Кодекстің 73-бабына сәйкес өткізілген тиісті қоғамдық тыңдаулардың қол қойылған хаттамасын;
3) есепте коммерциялық, қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болған кезде осы баптың 8-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды жібереді.
8. Есепте коммерциялық, қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болған кезде ықтимал әсер ету туралы есептің бастамашысы немесе бастамашымен шарт бойынша әрекет ететін құрастырушысы осы баптың 7-тармағына сәйкес оның сапасын бағалау мақсаты үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға немесе осы Кодекстің 73-бабына сәйкес қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру мақсаты үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымына және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарына ұсынылатын ықтимал әсер ету туралы есептің жобасымен бірге:
1) ықтимал әсер ету туралы есептің жобасында жария етілуге жатпайтын нақты ақпаратқа нұсқау және көрсетілген ақпараттың қандай заңмен қорғалатын құпияға жататынын түсіндіру берілуге тиіс өтінішті;
2) ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының тиісті ақпарат алып тасталуға және "Құпия ақпарат" мәтініне ауыстырылуға тиіс екінші көшірмесін ұсынады.
Бұл ретте жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету мақсатында тиісінше қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары жұртшылықтың осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген ықтимал әсер ету туралы есептің көшірмесіне қол жеткізуін қамтамасыз етуге тиіс.
Ықтимал әсер ету туралы есепте көрсетілген қоршаған ортаға эмиссиялардың, физикалық әсер етудің сандық және сапалық көрсеткіштері туралы, сондай-ақ түзілетін, жинақталатын және көмілуге тиіс қалдықтар туралы ақпарат коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпия деп танылмауға тиіс.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары бастамашы көрсеткен ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 7-тармағында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын жіберген күннен бастап он жұмыс күні ішінде мүдделі мемлекеттік органдар ықтимал әсер ету туралы есептің жобасына өз ескертпелері мен ұсыныстарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жазбаша нысанда (қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде) жібереді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген мерзім шегінде мүдделі мемлекеттік органдардан алынған жазбаша нысандағы (қағаз немесе электрондық жеткізгіштердегі) ескертпелер мен ұсыныстарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында осы Кодекстің 76-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері жөніндегі қорытындымен бірге орналастырылатын жиынтық кестеге енгізеді.
Ескерту. 72-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Бастамашы ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган оның сапасына бағалау жүргізуді бастағанға дейін немесе жүргізу процесінде қоғамдық тыңдауларға шығаруға тиіс. Қоғамдық тыңдаулар осы бапқа және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына (бұдан әрі – қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидалары) сәйкес өткізіледі.
Қоғамдық тыңдаулар ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының сапасына бағалау жүргізу процесі басталғанға дейін аяқталған жағдайда, мұндай жоба қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жіберілуге тиіс.
2. Бастамашы қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру мақсатында:
1) қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарымен қоғамдық тыңдауларды өткізу орнын, күні мен уақытын келіседі;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымына және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарына ресми интернет-ресурстарда орналастыру үшін:
ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын;
есепте коммерциялық, қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болған кезде осы Кодекстің 72-бабы 8-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды;
тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарымен келісілген қоғамдық тыңдауларды өткізу орындарын, күндері мен басталу уақытын көрсете отырып, қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы хабарландыруды жібереді.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде ресми интернет-ресурстарында ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы хабарландырумен бірге орналастырады.
Ықтимал әсер ету туралы есептің жобасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарының ресми интернет-ресурстарында орналастырылған күнінен бастап кемінде күнтізбелік отыз күн танысу үшін қолжетімді болуға тиіс.
4. Бастамашы қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы хабарландыруды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында таратылатын, қатысы бар аумақтың шегінде толық немесе ішінара орналасқан кемінде бір газетте және кемінде бір теле- немесе радиоарна арқылы қазақ және орыс тілдерінде таратуды ұйымдастыруға міндетті.
Қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы хабарландыру қоғамдық тыңдауларды өткізу басталар күнге дейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тәсілдермен таратылуға тиіс. Қоғамдық тыңдауларды өткізудің басталу күні осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзім аяқталған күннен ерте болмай тағайындалуға тиіс.
Қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы хабарландыруда мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:
1) қоғамдық тыңдаулардың нысанасы;
2) қоғамдық тыңдаулар өткізудің орны, күні және басталу уақыты;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсының ықтимал әсер ету туралы есептің жобасымен, белгіленіп отырған қызмет туралы өтініштің көшірмесімен танысуға болатын парақшасына сілтеме;
4) белгіленіп отырған қызмет бастамашысының деректемелері мен байланыс деректері;
5) белгіленіп отырған қызмет, қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы қосымша ақпарат алуға, сондай-ақ белгіленіп отырған қызметке қатысты құжаттардың көшірмелерін сұратуға болатын электрондық мекенжай мен телефон нөмірі;
6) мүдделі жұртшылық ықтимал әсер ету туралы есептің жобасына өздерінің ескертпелері мен ұсыныстарын жазбаша нысанда (қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде) жібере алатын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының электрондық мекенжайы мен пошталық мекенжайы.
5. Бастамашы жұртшылыққа оның сұратуы бойынша белгіленіп отырған қызмет туралы өтініштің, осы Кодекстің 68-бабының 10-тармағына сәйкес дайындалған хаттаманың, белгіленіп отырған қызметтің әсер ету скринингінің нәтижелері туралы қорытындының (ол жүргізілген жағдайда), қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындының және ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының көшірмелерін ұсынуға (электрондық нысанда) міндетті.
6. Қоғамдық тыңдауларды өткізуді ұйымдастыру, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы хабарландыруларды тарату, мұндай тыңдаулар өткізілетін орынды қамтамасыз ету, қажетті аппаратура мен материалдарды беру жөніндегі шығыстарды бастамашы көтереді.
7. Мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылық ықтимал әсер ету туралы есептің жобасына өздерінің ескертпелері мен ұсыныстарын қоғамдық тыңдауларды өткізу басталар күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына жазбаша нысанда (қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде) жіберуге не қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында өздерінің ескертпелері мен ұсыныстарын айтуға құқылы.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтан алынған жазбаша нысандағы (қағаз немесе электрондық жеткізгіштердегі) ескертпелер мен ұсыныстарды жиынтық кестеге енгізеді, ол ықтимал әсер ету туралы есептің жобасымен бірге қоғамдық тыңдауларға шығарылады.
8. Қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертпелер мен ұсыныстардың мәні нақты тұжырымдалмаған және оны ашпайтын немесе қоршаған ортаға әсерді бағалау шеңберінде зерделенуге жататын мәселелерге анық қатысы жоқ ескертпелері мен ұсыныстары ескерілмейді.
9. Қоғамдық тыңдаулар оларға қатысуға ниет білдірген кез келген адамдар үшін олардың тұратын жеріне қарамастан, ашық болып табылады. Қоғамдық тыңдауларды өткізу процесінде оларға қатысушы кез келген адам қоғамдық тыңдауларды өткізудің белгіленген регламентіне сәйкес ықтимал әсер ету туралы есептің жобасы бойынша өз ескертпелері мен ұсыныстарын білдіруге құқылы.
10. Қоғамдық тыңдауларды өткізудің, оның ішінде регламентті бекітудің, хаттаманы ресімдеудің, хаттаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға берудің және хаттаманы жұртшылықтың назарына жеткізудің тәртібі қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларында белгіленеді.
11. Қоғамдық тыңдаулар тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы өкілінің төрағалық етуімен өткізіледі.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы қоғамдық тыңдаулардың бүкіл барысының бейне- және аудиожазылуын қамтамасыз етеді. Қоғамдық тыңдаулардың бейне- және аудиожазбасы бар электрондық жеткізгіш қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына қоса тігілуге тиіс.
12. Қоғамдық тыңдауларды өткізу мерзімі қатарынан бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
13. Қоғамдық тыңдаулар аяқталғаннан кейін қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларында белгіленген нысан бойынша хаттама ресімделеді, оған міндетті түрде мыналар:
1) қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында авторлары алып тастаған ескертпелер мен ұсыныстарды қоспағанда, мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың осы баптың 7-тармағына сәйкес жазбаша нысанда ұсынылған немесе қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында айтылған барлық ескертпесі мен ұсынысы;
2) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес хаттамаға енгізілген әрбір ескерту және ұсыныс бойынша бастамашының жауаптары мен түсініктемелері;
3) хаттамаға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасау құқығы туралы ақпарат енгізіледі.
14. Қоғамдық тыңдаулардың хатшысы қоғамдық тыңдаулардың хаттамасын ресімдейді және онда көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен анықтығы үшін жауапты болады. Хаттамаға қоғамдық тыңдаулардың төрағасы мен хатшысы қоғамдық тыңдаулар аяқталған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қол қояды.
15. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы хаттамаға қол қойылғаннан кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей, қол қойылған хаттаманы ресми интернет-ресурста орналастырады.
16. Қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қол қойылғаннан кейін:
1) хаттамада мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында авторлары алып тастамаған ескертпелері мен ұсыныстары болмаған кезде, қоғамдық тыңдаулардың төрағасы екі жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 76-бабына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды дайындау үшін қол қойылған хаттаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді;
2) хаттамада мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында авторлары алып тастамаған ескертпелері мен ұсыныстары болған кезде, бастамашы ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын осындай ескертпелер мен ұсыныстарға сәйкес пысықтауды қамтамасыз етеді және ықтимал әсер ету туралы есептің пысықталған жобасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді.
17. Ықтимал әсер ету туралы есептің жобасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қайтадан берілген кезде мынадай:
1) егер қайтадан берілетін ықтимал әсер ету туралы есептің жобасында қоғамдық тыңдауларда бұрын қаралмаған, белгіленіп отырған қызметке осы Кодекстің 65-бабының 2-тармағында көзделген елеулі өзгерістер қамтылған;
2) егер бұрын өткізілген қоғамдық тыңдаулардың хаттамасында осындай қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында авторлары алып тастамаған жұртшылықтың ескертпелері және (немесе) ұсыныстары болған;
3) егер қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы экология заңнамасының қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібіне қойылатын талаптарының бұзылуына жол берілген жағдайларды қоспағанда, қайтадан қоғамдық тыңдаулар өткізу талап етілмейді.
Қайталама қоғамдық тыңдау осы баптың 1 – 15 және 18-тармақтарына сәйкес өткізіледі.
18. Қоғамдық тыңдауларды қайтадан өткізу процесінде ықтимал әсер ету туралы есептің жобасы бастапқы қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына енгізілген ескертпелер мен ұсыныстарға сәйкес пысықталған бөлігінде, сондай-ақ ықтимал әсер ету туралы есептің жобасына енгізілген және қоғамдық тыңдауларда бұрын қаралмаған, белгіленіп отырған қызметке осы Кодекстің 65-бабының 2-тармағында көзделген елеулі өзгерістер бөлігінде қаралады. Егер ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын пысықтау кезінде бастапқы қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына енгізілген қандай да бір ескертпе мен ұсыныс ескерілмесе, қоғамдық тыңдауларды қайтадан өткізу процесінде бастамашының ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын осы бөлікте пысықтаудан бас тартуының себептері де қаралады.
Қоғамдық тыңдауларды қайтадан өткізу процесінде оларға қатысушы кез келген адам осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес қоғамдық тыңдауларды қайтадан өткізу кезінде қаралуға жататын мәселелер шегінде өзінің ескертпелері мен ұсыныстарын айтуға құқылы. Көрсетілген мәселелерге қатысы жоқ ескертулер мен ұсыныстар қоғамдық тыңдауларды қайтадан өткізу кезінде ескерілуге жатпайды.
Егер алдыңғы қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы экология заңнамасының қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібіне қойылатын талаптарының бұзылуына жол берілсе, қоғамдық тыңдауларды қайтадан өткізу процесінде ықтимал әсер ету туралы есептің жобасы толық көлемде қаралады.
19. Бастамашы мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың қоғамдық тыңдауларды қайтадан өткізу барысында авторлары алып тастамаған ескертпелерімен және ұсыныстарымен келіспеген жағдайда, бастамашының тиісті пікірі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органынан қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға сараптама комиссиясының отырысын өткізуге арналған өтінішпен бірге жіберілетін қайталама қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына енгізіледі, содан кейін даулы мәселелер бойынша келіспеушіліктер осы Кодекстің 74-бабына сәйкес шешіледі.
Ескерту. 73-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 73-бабының 19-тармағында көрсетілген жағдайда сараптама комиссиясының отырысын өткізуге арналған өтінішті және қайталама қоғамдық тыңдаулардың хаттамасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосы өкілінің төрағалық етуімен сараптама комиссиясын құрады;
2) сараптама комиссиясының мүшелеріне ықтимал әсер ету туралы есептің пысықталған жобасының және бастапқы және қайтадан қоғамдық тыңдаулар хаттамаларының көшірмесін жібереді;
3) сараптама комиссиясының отырысын өткізу күнін тағайындайды.
Сараптама комиссиясын қалыптастыру үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдарға шақыру жібереді. Сараптама комиссиясының түпкілікті құрамына сараптама комиссиясының жұмысына қатысуға өзінің ниетін жазбаша растаған аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдардан бір-бір өкілден енгізіледі.
2. Сараптама комиссиялары ықтимал әсер ету туралы есептің әрбір жеке жобасын қарау үшін шақырылатын, алқалы, консультативтік-кеңесші органдар болып табылады.
3. Сараптама комиссиялары осы Кодекске және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен сараптама комиссиялары туралы ережеге сәйкес жұмыс істейді.
4. Мыналар:
1) экологиялық реттеу және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының өкілінің атынан сараптама комиссиясының төрағасы;
2) әрбір мүдделі мемлекеттік органнан бір-бір өкіл;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бір өкілі;
4) сараптамалық комиссияның жұмысына қатысуға ниет білдірген аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдардың өкілі сараптама комиссиясының мүшелері болып табылады.
5. Бастамашы, сараптама комиссиясының мүшелері сараптама комиссиясының отырысына сараптама қоғамдастығы өкілдерінің (ғылыми жұмыскерлер, танылған практик-мамандар) қатарынан сараптама комиссиясының қарауына жататын мәселелер бойынша тиісті кәсіптік білімі мен практикалық тәжірибесі бар тәуелсіз сарапшыларды шақыруға құқылы. Сараптама комиссиясының отырысына шақырылған тәуелсіз сарапшылар сараптама комиссиясының отырыстарында қаралатын мәселелер бойынша өздерінің кәсіптік білімі мен практикалық тәжірибесі шеңберінде өзінің тәуелсіз пікірін ұсынады және олардың сараптама комиссиясының дауыс беруіне қатысуға құқығы жоқ.
6. Сараптама комиссиясының отырысы сараптама комиссиясының мүшелеріне ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының және қоғамдық тыңдаулар хаттамаларының көшірмелері жіберілгеннен кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.
7. Сараптама комиссиясының мүшелері ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының және қоғамдық тыңдаулар хаттамаларының көшірмелерін алғаннан кейін он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде сараптама комиссиясының барлық мүшесі төрағаға сараптама комиссиясының қарауына шығарылған даулы мәселелер бойынша өз ескертпелері мен ұсыныстарын жібереді.
8. Сараптама комиссиясының төрағасы бастамашыны сараптама комиссиясы отырысының өткізілетін орны мен уақыты туралы хабардар етеді және оған отырыс басталар күнге дейін жеті жұмыс күнінен кешіктірмей, комиссия мүшелерінің ескертпелері мен ұсыныстарын береді.
9. Сараптама комиссиясының отырысы қоршаған ортаға ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының бастамашысы мен құрастырушысының қатысуымен өткізіледі.
10. Сараптама комиссиясының отырысы барысында:
1) ықтимал әсер ету туралы есептің бастамашысы және құрастырушысы:
белгіленіп отырған қызметке;
оның қоршаған ортаға күтілетін елеулі әсер етуіне және осындай әсер етуді болғызбау, қысқарту және (немесе) жеңілдету бойынша қажетті шараларға;
ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын қоғамдық тыңдаулар шеңберінде алынған ескертпелер мен ұсыныстарға сәйкес пысықтау үшін қабылданған шараларға;
ықтимал әсер ету туралы есептің жобасына қоғамдық тыңдаулар барысында ұсынылған, ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын пысықтау кезінде ескерілген ұсыныстар мен ескертпелерге;
қоғамдық тыңдаулар барысында ұсынылған, бірақ ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын пысықтау кезінде ескерілмеген даулы ескертпелер мен ұсыныстарға және осындай ескертпелер мен ұсыныстардың ескерілмеу себептеріне қатысты баяндама жасайды;
2) сараптама комиссиясының мүшелері, ықтимал әсер ету туралы есептің бастамашысы мен құрастырушысы сараптама комиссиясының қарауына шығарылған даулы мәселелер бойынша талқылау жүргізеді, шақырылған тәуелсіз сарапшылардың пікірін тыңдайды;
3) сараптама комиссиясы белгіленіп отырған қызметке және оның қоршаған ортаға ықтимал әсер етуіне байланысты даулы мәселелер бойынша және осыған байланысты ықтимал әсер ету туралы есеп жобасын пысықтаудың қажет немесе қажет емес екені туралы ашық дауыс беру арқылы шешім қабылдайды.
11. Сараптама комиссиясының шешімдері сараптама комиссиясының барлық мүшесінің кемінде үштен екісімен қабылданады және сараптама комиссиясы отырысының хаттамасында тіркеледі.
Сараптама комиссиясының шешімін қабылдауға қарсы дауыс берген сараптама комиссиясының мүшелері даулы мәселе бойынша ерекше пікір жасауға құқылы, ол сараптама комиссиясы отырысының хаттамасына қоса беріледі.
12. Сараптама комиссиясының отырысы басталған күнінен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде аяқталуға тиіс.
Сараптама комиссиясы отырысының нәтижелері бойынша сараптама комиссиясы отырысының хаттамасы жасалады, онда сараптама комиссиясы мүшелерінің, есептің бастамашысы мен құрастырушысының отырыс кезінде айтылған барлық ескертпесі мен ұсынысы, шақырылған тәуелсіз сарапшылардың пікірлері, сондай-ақ қабылданған шешімдер көрсетіледі. Хаттамаға сараптама комиссиясының төрағасы мен отырысқа қатысқан барлық мүшесі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімнен кешіктірмей қол қояды.
13. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган сараптама комиссиясы отырысының хаттамасын ықтимал әсер ету туралы есептің жобасы бойынша қорытынды дайындау процесінде қарайды.
14. Сараптама комиссиясы ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын пысықтау қажеттігі туралы шешім қабылдаған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бастамашыға есептің жобасын пысықтауға жібереді, содан кейін осы Кодекстің 73-бабының ережелері қайтадан қолданылады.
15. Сараптама комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды, сондай-ақ жариялылығына осы Кодексте кепілдік берілетін экологиялық ақпаратты қоспағанда, сараптама комиссиясының жұмысы шеңберінде өздері алған, мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге құқылы емес.
Ескерту. 74-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Осы Кодекстің 80-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздер болған кезде, қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында трансшекаралық әсерге бағалау жүргізіледі.
2. Трансшекаралық әсерді бағалау осы тараудың 4-параграфына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүргізіледі.
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ықтимал әсер ету туралы есептің жобасына ескертпелер болған кезде қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізуге арналған өтініш тіркелген күннен бастап он жеті жұмыс күні ішінде осындай ескертпелерді бастамашыға жібереді. Бастамашы ескертпелер жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осындай ескертпелерді жоюға тиіс.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізуге арналған өтініш тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде бастамашыға белгіленіп отырған қызметті іске асыруға жол берілетіні немесе жол берілмейтіні туралы тұжырыммен қоса, қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыны береді.
Егер қоғамдық тыңдаулардың қол қойылған хаттамасы осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген ескертпелерді жою мерзімі өткенге дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынылмаса, белгіленіп отырған қызметті іске асыруға жол берілмейтіні туралы тұжырыммен қоса, қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды беріледі.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері бойынша қорытындысы ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының осы Кодекске сәйкес ықтимал пысықталуы ескеріле отырып, осы жобаға, жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстары жоқ екені белгіленген қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына, сараптама комиссиясы отырысының хаттамасына (ол болған кезде), ал трансшекаралық әсер етуге бағалау жүргізу қажет болған жағдайда – осындай бағалаудың нәтижелеріне негізделуге тиіс.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыда мынадай ақпарат:
1) белгіленіп отырған қызмет шеңберінде көзделген операциялардың түрлерін сипаттау және оларды жүзеге асыру орны;
2) мыналар:
белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер ету;
қорытындыда көрсетілген шарттар сақталған кезде белгіленіп отырған қызметті іске асыруға жол беруге болатыны туралы тұжырым;
3) белгіленіп отырған қызметтің іске асырылуына жол беруге болады деп танылатын шарттар, оның ішінде:
белгіленіп отырған қызметтің объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау, пайдалану, кейіннен кәдеге жарату және салдарларын жою кезеңдерін қоса алғанда, белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде сақталуы бастамашы үшін міндетті болып табылатын қоршаған ортаны, адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын қорғау шарттары, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар белгіленіп отырған қызметке байланысты шешімдер қабылдау кезінде ескеруге тиіс адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын, қоршаған ортаны қорғаудың осындай шарттарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шаралар туралы ақпарат;
табиғи ортаға эмиссиялардың, физикалық әсер етудің шекті сандық және сапалық көрсеткіштері;
қалдықтардың түрлері бойынша жинақталуының шекті саны;
егер белгіленіп отырған қызметті іске асыру шеңберінде қалдықтарды көму көзделген болса, қалдықтарды олардың түрлері бойынша көмудің шекті саны;
ықтимал әсер ету туралы есепте жобадан кейінгі талдау жүргізу қажеттігі белгіленген жағдайда: оны жүргізудің мақсаттары, ауқымдары мен мерзімдері, оның мазмұнына қойылатын талаптар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және қажет болған кезде басқа да мемлекеттік органдарға жобадан кейінгі талдау туралы есептерді ұсыну мерзімдері;
авариялардың алдын алуға, олардың салдарларын шектеуге және жоюға бағытталған шарттар мен қажетті шаралар;
бастамашының белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуін болғызбау, азайту және (немесе) жеңілдету, сондай-ақ, егер белгіленіп отырған қызмет экологиялық залалдың себебі болса, осындай зардаптың ықтималдығын жою жөніндегі міндеттерін;
4) трансшекаралық әсерді бағалау (ол жүргізілген жағдайда) нәтижелері туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыға:
1) қорытынды шығаруға негіз болған негізді аргументтер мен тұжырымдар;
2) қоғамдық тыңдауларды өткізу (қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы хабарландыруларды тарату, жұртшылыққа қоғамдық тыңдауларды өткізу процесі туралы ақпарат пен құжаттар беру), жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстарын қарау туралы және қарау нәтижесінде алынған тұжырымдар туралы ақпарат;
3) мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялар, қоғамдық тыңдаулар өткізу және трансшекаралық әсерді бағалау (ол жүргізілген жағдайда), сараптама комиссиясының ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын қарау нәтижесінде алынған ақпаратты көрсетілген ақпараттың қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды шығару кезінде қалай ескерілгені туралы түсіндіре отырып, қорыту қамтылған негіздеме қоса беріледі.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды шығарылған күннен кейінгі екі жұмыс күні ішінде:
1) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыны, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың ескертпелері мен ұсыныстары бар жиынтық кестені ресми интернет-ресурста орналастырады;
2) алып тасталды – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3) қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыны қатысы бар аумақтың шегінде толық немесе ішінара орналасқан тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарына жібереді, олар қорытындыны алған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, қорытындыны интернет-ресурстарда орналастырады.
5. Барлық мемлекеттік орган тиісті белгіленіп отырған қызметті іске асыруға байланысты рұқсаттар беру, хабарламалар қабылдау және өзге де әкімшілік рәсімдер кезінде қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыда қамтылған тұжырымдар мен шарттарды міндетті түрде ескереді.
6. Белгіленіп отырған қызметті іске асыру үшін әзірленетін жобалық құжаттарда осы Кодексте айқындалған жағдайларда Қазақстан Республикасының экология заңнамасының сақталуын және қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыда қамтылған тұжырымдар мен шарттарға сәйкестікті қамтамасыз ететін ең үздік қолжетімді техникалар қолдануды қоса алғанда, техникалық-технологиялық, ұйымдастырушылық, басқарушылық және өзге де жобалық шешімдер көзделуге тиіс.
7. Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды мерзімсіз қолданылады.
Егер қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды шығарылған күннен бастап үш жыл ішінде бастамашы немесе оның құқықтық мирасқоры тиісті белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыруға, оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу болжанатын қызмет үшін осындай жұмыстарды орындауға кіріспесе, онда қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері бойынша осындай қорытынды көрсетілген мерзім өткеннен кейін күші жойылды деп есептеледі.
Ескерту. 76-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Ықтимал әсер ету туралы есепті құрастырушы ықтимал әсер ету туралы есептің және құрастырушы алған, қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізудің өзге де нәтижелерінің сапасы үшін бастамашының алдында олардың арасында жасалған шартқа сәйкес азаматтық-құқықтық жауапты болады.
2. Ықтимал әсер ету туралы есепті құрастырушы, бастамашы қоршаған ортаға әсер ету туралы алынған мәліметтерді жасырғаны және қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу кезінде анық емес мәліметтер ұсынғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
1. Ықтимал әсер ету туралы есепті құрастырушы іске асырылған белгіленіп отырған қызметтің ықтимал әсер ету туралы есепке және қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу нәтижелері бойынша қорытындыға сәйкестігін растау мақсатында белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде іс жүзіндегі әсер етуіне жобадан кейінгі талдау (бұдан әрі – жобадан кейінгі талдау) жүргізеді.
Жобадан кейінгі талдау қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін тиісті объектіні пайдалану басталғаннан кейін кемінде он екі айдан кейін басталуға және кемінде он сегіз айдан кешіктірілмей аяқталуға тиіс.
Жобадан кейінгі талдаудың жүргізілуін тиісті объектінің операторы өз есебінен қамтамасыз етеді.
2. Ықтимал әсер ету туралы есепті құрастырушы осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мерзімнен кешіктірмей, жобадан кейінгі талдаудың нәтижелері бойынша қорытынды дайындайды және оған қол қояды, онда іске асырылған белгіленіп отырған қызметтің ықтимал әсер ету туралы есепке және қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы тұжырым жасалады. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, жобадан кейінгі талдау нәтижелері бойынша қорытындыда осындай сәйкессіздіктердің егжей-тегжейлі сипаттамасы келтіріледі.
Құрастырушы жобадан кейінгі талдау нәтижелері бойынша қорытындыға қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жобадан кейінгі талдау нәтижелері бойынша қол қойылған қорытындыны тиісті объектінің операторына және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жобадан кейінгі талдау нәтижелері бойынша қорытынды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны ресми интернет-ресурста орналастырады.
3. Жобадан кейінгі талдау жүргізу тәртібін және жобадан кейінгі талдау нәтижелері бойынша қорытынды нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды және бекітеді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жобадан кейінгі талдау нәтижелері бойынша қорытынды алуы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу үшін негіз болып табылады.
4. Құрастырушы жобадан кейінгі талдау жүргізу кезінде алынған мәліметтерді жасырғаны үшін және жобадан кейінгі талдау нәтижелері бойынша қорытындыда анық емес мәліметтер ұсынғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген әкімшілік және қылмыстық жауаптылықта болады.
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензиясы бар тұлғалардың қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік құжаттардың талаптарын сақтауына өз құзыреті шегінде бақылауды жүзеге асырады.
1. Егер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылуы көзделген белгіленіп отырған қызмет басқа мемлекет аумағындағы қоршаған ортаға елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуі мүмкін болса;
2) Құжатты Қазақстан Республикасының аумағында іске асыру басқа мемлекет аумағындағы қоршаған ортаға елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуі мүмкін болса;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру немесе Құжатты іске асыру Қазақстан Республикасының аумағындағы қоршаған ортаға елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуі мүмкін болса, трансшекаралық әсерге бағалау жүргізіледі.
2. Трансшекаралық әсерді бағалау бұл Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайда және Қазақстан Республикасының осындай шарттарының ережелеріне және заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздерді:
1) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылуы болжанатын белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішті дайындау кезінде немесе одан әрі осындай қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау барысында;
2) Қазақстан Республикасының Құжатты әзірлеуші мемлекеттік органы стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу барысында;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға әсерді бағалау және стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу кезінде өз функцияларын орындау барысында анықтайды.
4. Әзірлеуші мемлекеттік орган Құжаттың әсеріне скрининг жүргізу туралы өтініш бергенге дейін немесе, егер Құжат скринингке жатпайтын болса, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау кезеңінде Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсер етудің ықтималдығын, сипаты мен ауқымын бағалауға қажетті ақпарат жинауды бастайды.
Бастамашы бағалау нәтижелері бойынша шешім беру туралы өтініш бергенге дейін белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуі туралы ақпарат жинауды бастайды.
Стратегиялық экологиялық бағалауды немесе қоршаған ортаға әсерді бағалауды одан әрі жүргізу барысында, қосымша ақпараттың пайда болуына қарай осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында санамаланған негіздер анықталуы мүмкін.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Құжатты немесе белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде әсеріне скрининг барысында, сондай-ақ стратегиялық экологиялық бағалау немесе қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында санамаланған негіздердің бар-жоғын тексереді.
5. Трансшекаралық әсерді бағалау жүргізуге қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жауапты болады.
1. Осы Кодекстің 80-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында санамаланған негіздер анықталған кезде, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган трансшекаралық әсерді бағалауды бастау туралы бұйрық шығарады.
2. Трансшекаралық әсерді бағалауды бастау туралы бұйрықта (бұдан әрі – бұйрық):
1) трансшекаралық әсерді бағалауды бастау және бұрын басталған, стратегиялық экологиялық бағалауға немесе қоршаған ортаға әсерді бағалауға байланысты барлық әкімшілік рәсімді тоқтата тұру туралы шешім;
2) стратегиялық экологиялық бағалау үшін – әзірлеуші мемлекеттік органнан сұратылатын мыналарды:
Құжаттың әсер етуіне скрининг жүргізу туралы өтінішті;
стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау туралы өтінішті;
Құжаттың әсер етуіне скринингтің нәтижелері туралы қорытындыны;
стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау туралы қорытындыны;
егер Қазақстан Республикасының заңнамасында Құжаттың тұжырымдамасын әзірлеу көзделсе, оның жобасын;
Қазақстан Республикасының заңнамасында тұжырымдамасын алдын ала әзірлеу көзделмеген Құжатты іске асырудың негізгі бағыттары мен мерзімдері туралы ақпаратты;
Құжат жобасының оны іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсер етуі туралы ақпарат қамтылған фрагментін;
стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсер етуі туралы ақпарат қамтылған фрагментін қамтитын құжаттардың және (немесе) ақпараттың тізбесі;
3) қоршаған ортаға әсерді бағалау үшін – белгіленіп отырған қызметтің бастамашысынан сұратылатын, мыналарды:
бастамашының трансшекаралық әсерді бағалау нәтижелері бойынша шешім шығару туралы өтінішін;
белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішті;
белгіленіп отырған қызметтің әсер етуіне скринингтің нәтижелері туралы қорытындыны;
қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамту саласын айқындау туралы қорытындыны;
ықтимал әсер ету туралы есептен белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсер етуі туралы ақпарат қамтылған үзіндіні қамтитын құжаттардың және (немесе) ақпараттың тізбесі;
4) осы баптың 3-тармағында көрсетілген, осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында санамаланған құжаттарға және (немесе) ақпаратқа қойылатын талаптар қамтылуға тиіс.
3. Осы баптың 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында санамаланған құжаттар және (немесе) ақпарат электрондық нысанда қазақ немесе орыс тілінде ұсынылуға тиіс.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бұйрық қабылданған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей, оның көшірмесін әзірлеуші мемлекеттік органға немесе бастамашыға жібереді немесе табыс етеді.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеуші мемлекеттік органнан немесе бастамашыдан бұйрықта көрсетілген талаптарға сәйкес келетін құжаттарды алған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде қатысы бар тараптарға одан әрі беру үшін мынадай құжаттарды:
1) мыналарды:
Құжат немесе белгіленіп отырған қызмет туралы ақпаратты, оның ішінде әзірленетін құжаттың немесе белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсер етуі туралы барлық қолда бар мәліметті;
бағалау нәтижелері бойынша Құжатты бекітудің немесе шешім қабылдаудың тәртібі мен құқықтық салдарлары туралы ақпаратты;
мүдделі мемлекеттік органдардың және жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстарын беру мерзімдерін қоса алғанда, стратегиялық экологиялық бағалау немесе қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу тәртібі туралы ақпаратты;
қатысы бар тараптардың трансшекаралық әсерді бағалауға қатысу ниеті туралы жауап беруіне арналған, күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс мерзім туралы хабарламаны қамтитын хатты;
2) бұйрықтың талаптарына сәйкес әзірлеуші мемлекеттік орган немесе бастамашы берген құжаттарды және (немесе) ақпаратты;
3) егер бар болса және қатысы бар тараптың трансшекаралық әсерді бағалауға қатысу туралы шешіміне олардың әсер етуі мүмкін болса, қосымша материалдарды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жібереді.
6. Қатысы бар тараптар трансшекаралық әсерді бағалауға қатысудан бас тартқан не олар хабарламада көрсетілген мерзімде жауап бермеген жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бұл туралы тиісті әзірлеуші мемлекеттік органды немесе белгіленіп отырған қызметтің бастамашысын хабардар ете отырып, осы мерзімнен кейінгі жұмыс күні ішінде трансшекаралық әсерді бағалауды тоқтату және стратегиялық экологиялық бағалауға немесе қоршаған ортаға әсерді бағалауға байланысты бұрын басталған әкімшілік рәсімдерді қайта бастау туралы бұйрық қабылдайды.
7. Егер осы баптың 5-тармағына сәйкес өзіне жіберілген құжаттарды алған, қатысы бар тараптардың ең болмағанда біреуі хабарламада көрсетілген мерзімде өзінің трансшекаралық әсерді бағалауға қатысу ниеті туралы хабарласа, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде мұндай тараппен ақпарат алмасу және одан әрі консультацияларды өткізу тәртібін, мерзімдерін, орнын, қатысы бар тарапқа ұсынылуға жататын құжаттардың тілін және (немесе) ақпаратты, трансшекаралық әсерді бағалау жүргізудің өзге де шарттарын белгілеу мақсатында бастапқы консультацияларды ұйымдастырады.
Трансшекаралық әсерді бағалау бойынша қатысы бар тараптармен консультациялар өткізудің жалпы мерзімі күнтізбелік бір жүз сексен күннен аспауға тиіс.
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бастапқы консультациялар барысында келісілген тәртіп пен шарттарға сәйкес қатысы бар тараптармен консультациялар өткізуді ұйымдастырады.
Консультациялар жүргізу кезінде тараптар Қазақстан Республикасының жұртшылығымен қатар қатысы бар тараптар жұртшылығының стратегиялық экологиялық бағалауға немесе қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысу тәртібі мен шарттарын келісуі мүмкін.
2. Стратегиялық экологиялық бағалау және оның сапасын бағалау жөніндегі есепті дайындау аяқталғаннан не ықтимал әсер ету туралы есепті дайындау аяқталғаннан кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының қатысы бар тараптармен консультациялары кезінде айқындалған тілге аударылуға тиіс болатын Құжаттың, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің, ықтимал әсер ету туралы есептің фрагменттерін, стратегиялық экологиялық бағалауға не қоршаған ортаға әсерді бағалауға байланысты өзге де құжаттаманы және (немесе) ақпаратты айқындайды және бұл туралы әзірлеуші мемлекеттік органды немесе белгіленіп отырған қызметтің бастамашысын хабардар етеді.
3. Әзірлеуші мемлекеттік орган немесе белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы осы баптың 2-тармағында көрсетілген хабарламаны алған күннен кейінгі он бес жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Құжаттан, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептен немесе ықтимал әсер ету туралы есептен, стратегиялық экологиялық бағалауға не қоршаған ортаға әсерді бағалауға байланысты өзге де құжаттамадан және (немесе) ақпараттан фрагменттерді олардың хабарламада көрсетілген тілге нотариат куәландырған аудармасымен бірге ұсынады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес келетін ақпаратты және басқа құжаттарды алған күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде оларды трансшекаралық әсерді бағалауға қатысқан қатысы бар тараптарға әрі қарай беру үшін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жібереді.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Құжаттың, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің, ықтимал әсер ету туралы есептің негізінде, сондай-ақ Құжаттың немесе белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсер етуіне байланысты өзге де ақпарат пен құжаттардың негізінде қатысы бар тараптармен мыналарды:
Құжаттың ықтимал балама ережелерін немесе белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру нұсқаларын;
шығу тарапының қаражаты есебінен трансшекаралық әсер етуді азайту және осындай шараларды қолдану салдарларының мониторингі жөніндегі ықтимал шараларды;
Құжатты немесе белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға кез келген трансшекаралық әсер етуін азайтуда тараптардың өзара көмегінің басқа да нысандарын талқылау қамтылатын консультациялар өткізуді ұйымдастырады.
5. Қатысы бар тараптармен консультациялар барысында консультацияларды өткізу кезінде келісілген тәртіппен және мерзімдерде қатысы бар тараптардың мүдделі органдары мен жұртшылығының ескертпелері мен ұсыныстарын жинау, сондай-ақ қатысы бар тараптардың мүдделі органдары мен жұртшылығының осы Кодекске және қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына сәйкес Құжат жобасы, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп пен ықтимал әсер ету туралы есеп бойынша өткізілетін қоғамдық тыңдауларға қатысуы ұйымдастырылуы мүмкін.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қатысы бар тараптармен консультациялар барысында алынған, сондай-ақ стратегиялық экологиялық бағалау немесе қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде өз функцияларын орындау кезінде қатысы бар тараптардың мүдделі органдары мен жұртшылығы ұсынған ескертпелер мен ұсыныстардың қаралуы мен ескерілуін қамтамасыз етеді.
Әзірлеуші мемлекеттік орган және бастамашы Құжаттың және стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің не ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын дайындау кезінде қатысы бар тараптармен консультациялардың нәтижелерін, қатысы бар тараптардың мүдделі органдары мен жұртшылығының ескертпелері мен ұсыныстарын қарауға және ескеруге міндетті.
Құжатты бекітуге уәкілеттік берілген мемлекеттік орган Құжатты бекіту кезінде қатысы бар тараптармен консультациялардың нәтижелерін, қатысы бар тараптардың мүдделі органдары мен жұртшылығының ескертпелері мен ұсыныстарын ескеруге міндетті.
7. Әзірлеуші мемлекеттік орган және бастамашы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қатысы бар тараптармен консультациялар барысында айқындалған тілге нотариат куәландырған аудармасы бар мынадай құжаттарды және (немесе) ақпаратты:
түпкілікті редакциядағы экологиялық есептің және бекітілген Құжаттың фрагменттерін;
бағалау нәтижелері бойынша шешімнің фрагменттерін;
стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дайындау, Құжатты бекіту немесе бағалаудың нәтижелері бойынша шешім шығару кезінде қатысы бар тараптармен консультациялардың нәтижелері, қатысы бар тараптардың мүдделі органдары мен жұртшылығының ескертпелері мен ұсыныстары қалай ескерілгені, сондай-ақ қолда бар балама нұсқалардың ішінен бекітілген Құжаттың ережелерін немесе бағалау нәтижелері бойынша шешімдерді таңдап алу себептерін көрсете отырып, түсіндірмесі бар анықтаманы;
бағалау нәтижелері туралы шешімнің негізінде мемлекеттік орган берген немесе қабылдаған рұқсаттың немесе хабарламаны қабылдау туралы талонның көшірмелерін (егер қоршаған ортаға әсер етуі бағалануға жататын белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін рұқсаттар алу немесе хабарламаларды Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарға жіберу қажет болған жағдайда) ұсынуға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген құжаттардың фрагменттерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
8. Әзірлеуші мемлекеттік орган және бастамашы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қатысы бар тараптармен консультациялар барысында айқындалған тілге нотариат куәландырған аудармасымен бірге жобадан кейінгі талдау туралы есептерді (егер оны жүргізу қажеттігі бағалау нәтижелері жөніндегі шешімде немесе қатысы бар тараппен келісімде белгіленсе) немесе Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға елеулі әсер етудің мониторингі туралы есептерді ұсынуға міндетті.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген құжаттар ұсынылған күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде оларды одан әрі трансшекаралық әсерді бағалауға қатысқан қатысы бар тараптарға беру үшін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жібереді.
10. Әзірлеуші мемлекеттік органда, бастамашыда немесе Қазақстан Республикасының мүдделі органдарында трансшекаралық әсерді бағалау нәтижелеріне әсер ететін қосымша ақпарат пайда болған не қатысы бар тараптан онда осындай ақпараттың пайда болуы туралы хабарлама алынған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қатысы бар тараппен консультациялар жүргізеді, олардың барысында тараптар бекітілген Құжатқа, бағалау нәтижелері жөніндегі не елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуді жою немесе азайту бойынша шаралар қабылдау туралы шешімге тиісті өзгерістер енгізу туралы мәселені қарайды.
1. Бастамашының және әзірлеуші мемлекеттік органның қатысы бар тараптармен консультацияларды қоса алғанда, трансшекаралық әсерді бағалауға қатысуға құқығы бар.
2. Бастамашы және әзірлеуші мемлекеттік орган:
1) белгіленіп отырған қызметті немесе Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуді анықтау;
2) Құжаттың әсеріне скрининг жүргізу, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау үшін ұсынылатын құжаттарда қоршаған ортаға ықтимал елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер ету туралы толық және негізді ақпаратты көрсету;
3) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепте немесе ықтимал әсер ету туралы есепте ықтимал елеулі зиянды жағымсыз трансшекаралық әсер етуді тиісінше бағалау;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қатысы бар тараптарға беруге арналған, осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін құжаттарды ұсыну;
5) қатысы бар тараптардың жұртшылығы өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізілген жағдайда, тиісті сападағы аударма қызметтерін қамтамасыз ету;
6) трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жәрдемдесу;
7) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті, Құжатты және ықтимал әсер ету туралы есепті дайындау кезінде қатысы бар тараптармен консультациялардың нәтижелерін, сондай-ақ қатысы бар тараптардың мүдделі органдары мен жұртшылығы, оның ішінде қоғамдық тыңдаулар барысында ұсынған барлық ескертпе мен ұсынысты ескеру;
8) қатысы бар тараптарға кейіннен беру үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының қатысы бар тараптармен консультациялары барысында айқындалған тілге нотариат куәландырған аудармасын қоса бере отырып, мемлекеттік орган бағалау нәтижелері бойынша шешім негізінде берген немесе қабылдаған рұқсаттың немесе хабарламаны қабылдау туралы талонның көшірмелерін ұсыну (егер қоршаған ортаға әсер етуі бағалануға жататын белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін рұқсаттар алу немесе мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес хабарламаларды жіберу қажет болған жағдайда) үшін жауапты болады.
3. Бастамашы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай шығындар бюджет есебінен өтелмесе не, егер трансшекаралық әсер етудің шығу тарапымен консультациялар нәтижесінде мұндай шығындарды осы шығу тарапының өтейтіні белгіленбесе, трансшекаралық әсерді бағалау жүргізуге байланысты шығындардың ауыртпалығын көтереді.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) трансшекаралық әсерді бағалауға байланысты барлық материалды ресми интернет-ресурста орналастыруға және олардың жалпыға бірдей қолжетімілігін қамтамасыз етуге;
2) егер осы Кодексте өзгеше мерзім көзделмесе және трансшекаралық әсерді бағалауға қатысатын қатысы бар тараппен консультациялар барысында өзгеше мерзім келісілмесе, қатысы бар тараптарға одан әрі беруге арналған құжаттарды бастамашыдан немесе әзірлеуші мемлекеттік органнан алған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне беруге міндетті.
1. Қазақстан Республикасы шет мемлекеттің іске асырылуы Қазақстан Республикасында қоршаған ортаға елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуі мүмкін қызметті жоспарлау немесе Құжатты әзірлеу туралы хабарламасын алған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының трансшекаралық әсерді бағалауға қатысы бар тарап ретінде қатысуын ұйымдастырады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарлама алынған күннен кейінгі екі жұмыс күні ішінде хабарламаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жұртшылығын трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу қажеттігі туралы өз пікірін айтуға және белгіленіп отырған қызмет пен әзірленетін Құжатқа байланысты мәселелер бойынша ескертпелер мен ұсыныстар ұсынуға шақыруды ресми интернет-ресурста орналастырады.
3. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру немесе Құжатты іске асыру Қазақстан Республикасының аумағындағы қоршаған ортаға елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуі мүмкін деп пайымдауға негіздер болған кезде, Қазақстан Республикасының Үкіметі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ұсынуы бойынша осындай трансшекаралық әсер ету шыққан мемлекетке трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу туралы өтініші бар жолданым жіберуге құқылы.
4. Трансшекаралық әсерді бағалау басталғаннан кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) қатысы бар аумақтардың мүдделі жұртшылығы мен жергілікті атқарушы органдарын трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді;
2) осы Кодекстің 73-бабына сәйкес қоғамдық тыңдаулар өткізуді қамтамасыз етеді;
3) трансшекаралық әсерді бағалау шеңберінде осындай трансшекаралық әсер ету шыққан мемлекетпен консультациялар жүргізеді.
5. Қатысы бар аумақтардың жұртшылығын және жергілікті атқарушы органдарын трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу туралы хабардар етуге арналған шығындар, егер трансшекаралық әсер ету шыққан тараппен консультациялар нәтижесінде мұндай шығындарды шығу тарапының өтейтіні белгіленбесе, бюджеттен өтеледі.
1. Экологиялық сараптама деп экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманың Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарына сәйкестігін белгілеуге бағытталған және осындай құжаттаманы іске асырудың халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға ықтимал елеулі қолайсыз әсер етуінің алдын алу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орнықты дамуының экологиялық негіздерін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын сараптама қызметі түсініледі.
2. Экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы іске асыру деп осы Кодексте тиісті құжаттаманы бекіту, осындай құжаттамада көзделген шешімдерге сәйкес қызметті жүзеге асырудың басталуы мен барысы, ал нормативтік құқықтық актінің жобасына қатысты – осындай нормативтік құқықтық актіні қабылдау және қолданысқа енгізу түсініледі.
3. Осы Кодексте экологиялық сараптаманың мынадай түрлерін:
1) мемлекеттік экологиялық сараптаманы;
2) қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргізуге қойылатын талаптар белгіленеді.
Экологиялық сараптама жүргізу осы Кодекстің 5-бабында баяндалған жалпы қағидаттарға қосымша мынадай арнайы қағидаттарға негізделеді:
1) тәуелсіз болу қағидаты: сарапшылар экологиялық сараптаманы жүргізу кезінде өз бағалауы мен тұжырым жасауында еркін болады, Қазақстан Республикасының экология заңнамасын, фактілерді, оларды негіздеудің ғылыми қағидаттарын басшылыққа алады;
2) ғылыми негізділік пен объективтілік қағидаты: экологиялық сараптаманың тұжырымдары аргументтелуге, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, ғылыми білімдер мен ғылыми-техникалық жетістіктердің қазіргі заманғы даму деңгейіне сәйкес келуге және сарапшылардың бейтарап әрі объективті пікіріне негізделуге тиіс.
Міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамаға мынадай мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері жатады:
1) экологиялық рұқсаттар алу үшін I және II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы және осы Кодексте көзделген өзге де жобалау құжаттары;
2) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде қажетті III санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы және осы Кодексте көзделген өзге де жобалау құжаттары;
3) орталық мемлекеттік органдар және жергілікті мемлекеттік басқару органдары әзірлейтін, іске асырылуы қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуге әкелуі мүмкін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобалары;
4) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленетін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлуді және инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарларын қоса алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін босалқы жерлерге ауыстыру, республикалық және жергілікті республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату мен олардың аумақтарын азайту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердің, табиғат қорғау ұйымын басқару жоспарларының жобалары;
5) аумақтарды зерттеудің осы аумақтарды экологиялық зілзала немесе төтенше экологиялық жағдай аймақтарына жатқызуды негіздейтін материалдары;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған шектес мемлекеттердің қоршаған ортасына әсер етуі мүмкін немесе оны жүзеге асыру үшін шектес мемлекеттермен ортақ табиғи объектілерді пайдалану қажет болатын не шектес мемлекеттердің, оның ішінде "Байқоңыр" кешені бойынша мүдделерін қозғайтын шаруашылық қызметтің жобалары;
Тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктері құлайтын аудандарда қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізудің тәртібі мен тетігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістеме бойынша айқындалады.
7) бұрын ядролық қаруды сынау жүргізілген, сондай-ақ әскери полигондардың әсеріне ұшыраған жерлерді кешенді экологиялық зерттеп-қарау материалдары;
8) мемлекеттік орман иеліктерінің орман орналастыру жобалары және мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызу, бір санаттан басқасына ауыстыру, сондай-ақ орман пайдалануға тыйым салынатын немесе шектелетін ерекше қорғау учаскелерін бөлу үшін орман орналастыру және (немесе) арнайы зерттеулер;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының міндетті түрде болуы көзделген, экологиялық рұқсатты талап етпейтін қызмет түрлеріне арналған жобалау құжаттары және өзге де құжаттар жатады.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде жүргізіледі және мемлекеттік экологиялық сараптаманың жеке қорытындысы берілмейді.
Ескерту. 87-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) экологиялық рұқсаттарды беру рәсімі шеңберінде, сондай-ақ кешенді экологиялық рұқсаттарды қайта қарау рәсімі шеңберінде I санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына;
2) кешенді экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына, операторлар оларды ерікті түрде алған жағдайда;
3) осы Кодекстің 87-бабы бірінші бөлігінің 3) – 8) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік экологиялық сараптама объектілеріне қатысты ұйымдастырады және жүргізеді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік экологиялық сараптаманың өзге объектілеріне қатысты құзыреті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларында (бұдан әрі – мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидалары) айқындалады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, оның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің арасында мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді бөлуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) әсер етуге экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына;
2) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде III санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына;
3) мемлекеттік экологиялық сараптамасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне кірмейтін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік экологиялық сараптаманың өзге де объектілеріне қатысты ұйымдастырады және жүргізеді.
1. Мемлекеттік экологиялық сараптама осы Кодекске және мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады және жүргізіледі.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға құжаттама мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес электрондық нысанда ұсынылады.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімдері, сарапшылардың ескертулерін жіберу және өтініш берушінің осындай ескертулерді жою рәсімі мен мерзімдері:
1) кешенді экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде осы Кодекстің 115-бабында;
2) кешенді экологиялық рұқсаттарды қайта қарау рәсімі шеңберінде осы Кодекстің 118-бабында айқындалады.
4. Әсер етуге экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімдері мен сарапшылардың ескертулерін жіберу және өтініш берушінің осындай ескертулерді жою мерзімдері осы Кодекстің 123-бабында айқындалады.
5. Осы Кодекстің 87-бабының 1) және 2) тармақшаларын қоспағанда, осы Кодекстің 87-бабында көрсетілген объектілерге қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімдері, сарапшылардың ескертулерін жіберу және өтініш берушінің осындай ескертулерді жою рәсімі мен мерзімдері, мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысын беру үшін негіздер мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларында айқындалады.
6. Осы Кодекстің 87-бабының 2) тармақшасында көрсетілген объектілерге қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімі осы баптың 2-тармағына сәйкес құжаттар топтамасы ұсынылған кезден бастап он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беретін жергілікті атқарушы орган құжаттарды тіркелген күнінен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде олардың толық және жиынтықты болуы тұрғысынан қарайды. Көрсетілген мерзім ішінде өтініш қарауға қабылданады не осындай өтінішті қайтару себептері көрсетіле отырып, құжаттар топтамасы толық және (немесе) толық мәліметтер ұсынылмаған жағдайда қайтарылады.
Мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылатын жобалар мен оларға қоса берілетін материалдар бойынша ескертулер болған кезде, сарапшылар мұндай ескертулерді оларды ұсынған тұлғаға жеті жұмыс күні ішінде жібереді, оларды тапсырыс беруші ескертулер берілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жояды.
Ескертулер жойылмаған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған мерзімде мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы беріледі.
Бұрын жіберілген ескертулер жойылған жағдайда, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы беріледі.
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысында:
1) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманың Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына сәйкестігі;
2) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы іске асыру туралы шешім қабылдауға жол беруге болатыны туралы тұжырымдар қамтылады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттама Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы шығарылады.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы міндетті мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алғанға дейін іске асыруға тыйым салынады.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына осы Кодекстің 88-бабына сәйкес айқындалған өз құзыреті шегінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының, оның аумақтық бөлімшелерінің немесе жергілікті атқарушы органдардың басшылары қол қояды.
5. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының күшін жоюды оны берген орган осындай қорытынды берілген тұлғаның жазбаша өтініші немесе келісімі негізінде жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзушылық анықталған кезде, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынан айыру (оны кері қайтарып алу) сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Ескерту. 90-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын бөлімшелер басшыларының:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу әдістерін айқындауға;
2) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған, олардың толық және жиынтықты болуы бөлігінде Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына сай келмейтін құжаттарды қабылдамауға;
3) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттарға осы Кодекске сәйкес аргументті ескертпелер жіберуге, оның ішінде есеп-қисаптарында қателер мен басқа да сәйкессіздіктер бар, түзетілуі қосымша зерттеулер, іздестіру жұмыстарын немесе өзге де іс-шаралар жүргізуді талап ететін құжаттарды пысықтауға қайтаруға;
4) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін қажетті, ұсынылуы мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларында регламенттелген қосымша материалдарды сұратуға;
5) осы Кодекске сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерін құруға, оларды басқаруға және олардың қызметін ұйымдастыруға;
6) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу процесінде арнаулы зерттеулер жүргізу үшін сырттан сарапшыларды тартуға;
7) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын бөлімшелердің және құрылатын сараптама кеңестерінің қызметін бақылауды жүргізуге;
8) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу бөлігінде Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселелерді шешу үшін тиісті материалдарды дайындауға және құқық қорғау органдары мен өзге де органдарға беруге құқығы бар.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу кезінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген бөлімшелердің басшылары тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет етеді.
3. Бөлімшелер басшыларының тәуелсіз болуы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін шарттарды қамтитын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін өздері туралы ережелермен қамтамасыз етіледі.
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын бөлімшесінің мемлекеттік қызметшісі мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшысы болып табылады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың объектісіне тапсырыс берушінің немесе оны әзірлеушінің басшыларымен жақын туыстық немесе жекжаттық қатынаста тұратын адам мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге тартыла алмайды.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшысы өзі орындаған сараптама үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысының мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуға байланысты қызметіне мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалар мен лауазымды адамдардың араласуына тыйым салынады.
5. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысының бұзылған құқықтары қорғалуға жатады, ал мұндай бұзушылыққа кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
6. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысының:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімі шегінде оны жүргізу үшін қажетті, мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы жан-жақты және объективті түрде бағалау мақсатында ұсынылуы мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларында регламенттелген қосымша материалдарды сұратуға;
2) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу процесінде арнаулы зерттеулер жүргізу үшін сыртқы сарапшыларды тартуға бастама жасауға;
3) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын бөлімшенің басшысына мемлекеттік экологиялық сараптама жұмысын ұйымдастыруды, әдіснаманы, оны жүргізу тәртібі мен қағидаттарын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
4) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттама бойынша, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына қоса берілетін ерекше пікір қалыптастыруға құқығы бар. Сарапшы қалыптастырған ерекше пікір тек ақпараттық сипатта болады және мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы іске асыру кезінде сақтау үшін міндетті болып табылмайды.
7. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшысы:
1) мемлекеттік экологиялық сараптаманы кешенді, объективті және сапалы жүргізуді қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге;
3) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізудің белгіленген мерзімдері мен тәртібін сақтауға;
4) мемлекеттік экологиялық сараптаманың аргументті қорытындыларын дайындауға және оларды мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы іске асыру туралы шешім қабылдайтын органдарға және тапсырыс берушілерге уақтылы беруге;
5) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттарға жіберілетін ескертпелерді Қазақстан Республикасы экология заңнамасының нақты нормалары мен талаптарын және (немесе), егер осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізу талап етілетін болса, қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындының тұжырымдарын көрсете отырып, дәлелді түрде негіздеуге;
6) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманың сақталуын қамтамасыз етуге және құпия құжаттарға қатысты өз әрекеттерін оларды ұсынған адаммен келісуге, өзіне сеніп тапсырылған мәліметтердің жария етілуіне жол бермеуге міндетті.
1. Егер мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу процесінде мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшыларында жоқ арнайы білім талап етілсе, мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдардың сараптама қорытындылары үшін өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, сондай-ақ тиісті білімі мен тәжірибесі бар жекелеген ұлттық және халықаралық сарапшыларға өтініш жасауға құқығы бар.
2. Сыртқы сарапшыларды тарту Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жанынан өздері туралы ережелерге сәйкес әрекет ететін тұрақты консультативтік-кеңесші органдар болып табылатын мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестері құрылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасының сараптама кеңестері туралы ережелерді, олардың дербес құрамдарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының басшысы және оның аумақтық органдарының басшылары бекітеді.
3. Функциялары қоршаған ортаны қорғауға байланысты мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, жоғары оқу орындарының ғалымдары, практик-мамандар және жұртшылықтың өкілдері мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерінің мүшелері бола алады.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерінің қарауына:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларын, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтыру мәселелерін талқылау;
2) экологиялық қауіптілігі жоғары объектілерге қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларының жобаларын қарау жатады.
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың жариялылығы және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға қатысуы қоғамдық тыңдаулар өткізу жолымен қамтамасыз етіледі.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезеңінде мүдделі жұртшылықтың өз пікірін білдіруіне мүмкіндік беріледі.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы берілгенінен кейін ол бес жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің интернет-ресурсында орналастырылуға және орналастырылған күнінен бастап кемінде отыз жұмыс күні ашық қолжетімділікте болуға тиіс.
4. Мүдделі жұртшылық мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дау айтуға құқылы.
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру басталғанға дейін немесе жүзеге асыру процесінде қоғамдық тыңдауларды өткізу міндетті болып табылады.
Қоғамдық тыңдаулар мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу процесі басталғанға дейін аяқталған жағдайда, мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізуге арналған өтініш немесе экологиялық рұқсат беруге арналған өтініш қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей жіберілуге тиіс.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама шеңберіндегі қоғамдық тыңдаулар қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына сәйкес өткізіледі.
3. Экологиялық рұқсатты беруден бас тарту (осы Кодекстің 87-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда) немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы алынғаннан кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік экологиялық сараптамаға арналған өтініш қайтадан берілген кезде мынадай:
1) егер қайтадан берілетін өтініште және (немесе) қоса берілетін құжаттарда қоғамдық тыңдауларда бұрын қаралмаған, белгіленіп отырған қызметке осы Кодекстің 65-бабының 2-тармағында көзделген елеулі өзгерістер болжанған;
2) егер бұрын өткізілген қоғамдық тыңдаулардың хаттамасында осындай қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында авторлары алып тастамаған жұртшылықтың ескертпелері және (немесе) ұсыныстары болған;
3) егер қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы экология заңнамасының қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібіне қойылатын талаптарының бұзылуына жол берілген жағдайларды қоспағанда, қоғамдық тыңдауларды қайтадан өткізу талап етілмейді.
Ескерту. 96-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2023 № 17-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезіндегі келіспеушіліктер келіссөздер арқылы не сот тәртібімен қаралады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік экологиялық сараптама мәселелері бойынша келіспеушіліктерді мүдделі тараптардың кез келген өтініш жасауы бойынша келіссөздер арқылы қарайды.
1. Қоғамдық экологиялық сараптаманы коммерциялық емес ұйымдар құратын сараптама комиссиялары ерікті негіздерде жүргізеді.
2. Қоғамдық экологиялық сараптама кез келген қызметті адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны сақтау жөніндегі қоғамдық мүдделердің сақталуы тұрғысынан қарайды.
3. Жеке және заңды тұлғалар қоғамдық экологиялық сараптаманың бастамашысы бола алады.
1. Коммерциялық емес ұйым қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы болып танылады, оның атынан қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы хабарлама беріледі және сараптама комиссиясының қызметін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының:
1) қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғадан қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге қажетті құжаттар мен материалдарды сұратуға;
2) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу үшін сараптама комиссиясын құруға;
3) мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды адамдарға, жеке және заңды тұлғаларға қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысын ұсынуға құқығы бар.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы:
1) осы Кодекстің талаптарына сәйкес қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастыруға;
2) жұртшылықтың қоғамдық экологиялық сараптаманың барысы мен нәтижелері туралы хабардар етілуін және қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысын дайындау кезінде қоғамдық пікірдің ескерілуін қамтамасыз етуге;
3) қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысының жұртшылық үшін жариялылығын қамтамасыз етуге міндетті.