Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясат. Дене шынықтыру және спорт саласындағы жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері

Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясат. Дене шынықтыру және спорт саласындағы жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері

 

«Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясат мына қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:

1) барлық жеке адамдар үшiн дене шынықтырумен және спортпен айналысу теңдiгi және олардың жалпыға бірдей қолжетімділігі;

2) халықтың әртүрлi жас топтарына дене тәрбиесiн берудің үздіксіздігі мен сабақтастығы;

3) дене шынықтырумен және спортпен айналысудың ерiктiлiгi;

4) дене шынықтыру-спорттық іс-шаралардың сауықтыру бағыты;

5) дене шынықтырумен, әуесқой және кәсіпқой спортпен айналысуға тең құрмет көрсету;

6) кемсітушілікке тыйым салу және қатігездікті, зорлық-зомбылықты және адамның қадір-қасиетін қорлауды насихаттауға жол бермеу;

7) халықаралық спорттық жарыстарда Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын жоғары жетiстiктер спортының басымдығы;

8) бейімдік дене шынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесу қағидаттары негізінде жүргiзiледi.

Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың міндеттері:

1) дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдардың, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шаралардың қатысушылары мен көрермендерінің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау;

2) олимпиадалық емес, олимпиадалық, паралимпиадалық, паралимпиадалық емес, сурдлимпиадалық және ұлттық спорт түрлерін дамыту;

3) дене шынықтыру мен спортты қолдау және ынталандыру;

4) дене шынықтыру және спорт саласын зерттеу үшін ғылыми базаны дамыту;

5) әлеуметтік және білім беру функцияларын, сондай-ақ ерікті қызмет қағидатына негізделген олардың құрылымының ерекшелігін ескере отырып, спорттың барлық түрлерін дамытуға жәрдемдесу болып табылады.

Жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері

Жеке тұлғалардың:

1) дене шынықтырумен және спортпен айналысуға;

2) дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық бағыттағы қоғамдық бірлестіктерге кіруге;

3) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларға қатысуға;

 4) мемлекеттік және жеке спорт құрылыстары мен көрсетілетін қызметтерді пайдалануға;

5) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін кезде әртүрлі нышанды және жеке-дара пікірін жария білдірудің Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де құралдарын пайдалануға;

6) спорттық атақтар мен біліктілік санаттарын беру үшін құжаттарды дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға ұсынуға;

7) спорттық разрядтар мен біліктілік санаттарын беру үшін құжаттарды жергілікті атқарушы органдарға ұсынуға құқығы бар.

Жеке тұлғалар:

1) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қоғамдық тәртіпті сақтауға;

2) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қоғамдық тәртіпті бұзуға арандататын әрекеттерге жол бермеуге, айналадағыларға қауіп туғызатын құқыққа қарсы акциялар жасамауға міндетті.

Жеке тұлғаларға:

1) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарға алкоголь өнімін, металл, шыны ыдыстағы өнімді, пиротехникалық бұйымдарды және пайдаланылуы адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі не жеке және заңды тұлғаларға материалдық нұқсан келтіруі мүмкін өзге де заттарды алып кіруге;

2) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін уақытта мінберлерге, футбол, хоккей және өзге де спорт алаңдарына адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін кез келген заттарды лақтыруға;

3) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін уақытта шарбақтар мен қоршаулардың, турникеттердің шегінен өз бетімен шығуға;

4) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін уақытта әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған, сол сияқты жеке тұлғалардың құқықтарын кемсітетін плакаттарды, эмблемаларды, транспаранттарды және өзге де көрінетін заттарды пайдалануға тыйым салынады.

 

Дата публикации
12 сентября 2024