Мемлекеттік қызметшілер күн сайын ел игілігі үшін еңбек етеді. Олар азаматтардың өтініштерін қарап, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысып, қоғамның тұрақты дамуына өз үлесін қосып келеді. Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті, кәсібилікті және халыққа адал қызмет етуді талап ететін маңызды сала.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің қызметі қоғам өмірінің барлық бағытымен тығыз байланысты. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік – осының барлығында мемлекеттік қызметтің рөлі ерекше. Әрбір қабылданған шешім мен атқарылған жұмыс азаматтардың әл-ауқатына әсер етеді.
Мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап та жоғары. Ол заң мен әдеп нормаларын сақтай отырып, ашықтық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын ұстануы тиіс. Сонымен қатар халықпен тиімді байланыс орнатып, қоғам сенімін нығайту маңызды міндеттердің бірі саналады.
Қоғамда мемлекеттік қызметшілердің еңбегін бағалау және олардың кәсіби беделіне құрметпен қарау маңызды. Әдепті қарым-қатынас, жауапты пікір білдіру және өзара сыйластық қоғамдық тұрақтылық пен сенім атмосферасын қалыптастыруға ықпал етеді. Өркениетті қоғамның басты құндылықтарының бірі – адам қадірін құрметтеу.