
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамту үшін сонымен қатар «Жасыл ел» еңбек жасағына қызметке тартылатын жастардың санын арттыру мақсатында студенттердің арасында жүргізілетін түсіндіру жұмыстары өз жалғасын табуда.
Бүгін Әлихан Бөкейхан университетінің студенттеріне, Семей қаласы бойынша жүзеге асырылатын «Жасыл ел» жасақтарының қызметі туралы толық ақпарат берілді.
«Жасыл ел» бағдарламасына 16 мен 29 жас аралығындағы жастар қабылданады. Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар жастардың бос уақытын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу.
«Жасыл ел» сарбаздары «Зеленстрой» ЖШС және “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерватымен бірлесіп қаламызды абаттандыру бойынша жұмыстарды атқаратын болады. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің жұмыс істеу уақыты 5 сағаттан аспауы тиіс. Олар ата-анасының тікелей келісімі арқылы ғана жұмыс істей алады.
«Жасыл елдіктердің» еңбек ақысы қазіргі таңда 80 мың теңгені құрайды.
Айта кететіні, «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысушыларына қажетті киім-кешек пен арнайы жұмысқа керекті заттар беріледі.